Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Экспедиция бастау алды

3 октября 2022 11:28 • 732 просмотров

Астанадан шыққан «Ахаң жүріп өткен жолмен…» экспедициясы Тобыл-Торғай өңірін бес күн аралап, Арқалықтан Астанаға аттанып кетті.

Экспедиция мүшелері алдымен Әулиекөлдегі Ахаң ескерткішіне гүл қойып, ұлт ұстазының рухына тағзым етті. Жалпақ жұрттың Ахмет мұрасына тереңірек ендеп, ұлт ұстазына біртабан жақындай түсуінде маңызы ерек, тағылымы мол сапарға көп жылдар бойы ахметтану саласын қаузай зерттеп жүрген ғалымдар мен БАҚ өкілдері қатысып, Қостанай, Арқалықта, Торғай мен Ақкөлде тұрғындармен кездесті, дөңгелек үстел отырысы, конференция сияқты ғылыми-танымдық жиындар өткізді. Ғалымдар жолай Бидайыққа соғып, Алаш арысы Міржақып Дулатұлының рухына дұға бағыштады.

Қостанайда бас қосты

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы аясында өткен сапарды Астана қаласының тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-тәжірибе орталығы ұйымдастырып, оған Қостанай облысының әкімдігі қолдау көрсеткенін айта кеткен жөн.

Алғашқы ғылыми жиын А. Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде өтті. Оған өңірдегі зиялы қауым өкілдері мен университет ұстаздары қатысты. Дөңгелек үстел отырысын бастаған білім ордасының басшысы Сейітбек Қуанышбаев жиынға қатысушыларға университетте болып жатқан игі өзгерістер жөнінде әңгімелеп, экспедицияға сәт сапар тіледі.

— Бүгін өздеріңізбен бөлісетін үлкен бір қуанышымыз бар. Біз осы күнге дейін барлық құжатта Ахмет Байтұрсынов атындағы университет деп көрсетіліп келсек, ұлт ұстазының 150 жылдығы аясында қабылданған шешімге сәйкес енді Ахмет Байтұрсынұлы атындағы университет болып өзгеріп, «-ов»-тан құтылдық. Кеше құжаттарды қайта ресімдеу жұмысы басталды. Ахметтану саласындағы ізденістеріңіз одан әрі жемісті бола берсін, – деді ректор.

Одан кейін Ахаң университетінің профессоры Алмас Әбсадық жиын тізгінін алып, жергілікті ғалымдардың ахметтану саласындағы соны ізденістері жөнінде баян етті. Сондай-ақ Ахмет сабақ берген Меңдіғара болысындағы Орынбаев ауылдық мектебі жөнінде құнды мағлұматтармен бөлісті.

Жиында Е. Бөкетов атындағы ҚМУ профессоры Жандос Смағұлов ахметтану ілімінің бастауларына кеңінен тоқтала келіп, Кеңес дәуіріне дейінгі баспасөз бетінде ұлт ұстазының өлеңдері мен ғылыми еңбектері хақында жарияланған мақалалардың мазмұн-мәнін саралап өтті.

Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Жантас Жақыпов бұрын-соңды көп айтыла қоймаған «Ахаң ашқан қазақ мектебі, Ахаң түрлеген ана тілі, Ахаң салған әдебиеттегі елшілдік ұраны» тұжырымдамасын талдап, түсіндіріп берді.

— Шындығында, қазақтың ұлттық мектебінің тарихы Ахаңнан басталады. Бұл Ахаңа дейін мектеп болмады деген сөз емес. Ахаңа дейін болған мектептің біріншісі мұсылман мектебі болатын. Ол әр ауылда болды десек болады. Екіншісі – Ыбырай атамыз ашқан мектеп. Ол мектеп қазақ тілін оқытқанымен, орыс мектебі еді. Мұны айтуымыз керек. Ал Ахаңның ерекшелігі – ол ұлттық негізде мектеп қалыптастырған адам. Міне, М. Әуезов айтқан «Ахаң ашқан қазақ мектебі» деген осы. «Ахаң түрлеген ана тілі» дегенге келсек, Ахаң біздің қазіргі қолданып жүрген жазба әдеби тіліміздің негізін салды. Өйткені, өзі айтқандай, сол кезеңде татарша оқығанда татарша, орысша оқығанда орысша сөз тізіп, қазақтың жазба тілі дұрыс болмады. Ахаң осыны қалыпқа салды. «Ахаң түрлеген ана тілі» дегенде бірінші есімізге алатынымыз – Ахаңның әліпбиі, – деді ғалым.

Жиын барысында Ахмет жасаған төте жазудың табиғатын жан-жақты талдаған Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының өкілі, тілші-маман Болат Жексенғали бүгінгі тілтаным ғылымындағы «Байтұрсынұлы қисыны» дәйектемесіне тоқталып, әңгімесін көрнекті ғалым Әлімхан Жүнісбектің «Ахаң тапқан жазу қисыны әліпби таңдамайды, өзімізге белгілі кез келген әліпбиді Ахаң қисынына салып, қазақ тілінде пайдалана беруге болады. Ахаңның жазу қисынын кезінде орыс ғалымдары математикалық формулаға салып, әлемдегі ең озық және ең ықшам әліпби деп бағалаған», деген тұжырымымен түйіндеді.

Ахметтің кейбір сөз қолданысындағы ерекшеліктер мен көне қазақ тілінің төл табиғатын бүгінгі тілмен салыстыра саралаған профессор Бекжан Әбдуәлиұлының да қазіргі термин жасау мәселесіне қатысты айтқан ойларын көпшілік қызыға тыңдады.

Жиыннан соң экспедиция мүшелері университет ұжымына өздерімен бірге ала келген естелік сыйлықтарын табыстады. Олардың ішінде экспедиция құрамындағы ғалымдардың ахметтануға қатысты ғылыми еңбектерінің жинағы, «Алаш, Торғай және Ахмет Байтұрсынұлы» атты танымдық жинақ, Ахмет жылына арнап «Тіл-қазына» орталығы дайындаған логотип бедерленген өзге де естелік бұйымдар бар.

Тұңғыштың
тұғыры биік

Қостанай университеті жанындағы Ахаң музейіне кіріп-шыққан соң, экспедициямен бірге Арқалыққа біз де аттанып кеттік. Жол ұзақ. Алайда Әулиекөл асып, орманды-далалы Науырзым қорығының аумағына іліккенде экспедиция мүшесі, «Ахмет. Ұлт ұстазы» телехикаясының сценарийін жазуға қатысқан ақын Ұларбек Нұрғалымұлы өзгеше әңгіме бастады. Әңгімешілдік те үлкен өнер екен ғой, Ұларбек әңгіме айтқанда, сол оқиға тап бір таяқ тастам жерде өтіп жатқандай болады екен. Кейіпкерлері көз алдыңда тұрады. Әсері сұрапыл енді. Киноңнан артық. Құдды өзіңді солардың ішінде жүргендей сезінесің. «Даяғашшы» қабырғасы сөгілген қазақы мінезге деген аңсар-сағынышыңды оятып, жүрекке жүк артты. Ұларбекпен бірге бір күліп, бір күңіреніп, сағынып, құлазып отырып Арқалыққа қалай жеткенімізді аңғармай қалыппыз. Қала әкімі Әмірхан Асановтың өзі күтіп алып, жайлы орынға жайғастырды. Ертеңінде Ы. Алтынсарин атындағы АрПИ-дің мәжіліс залында «Ахмет Байтұрсынұлы – Алаштың рухани көсемі» тақырыбы аясындағы конференция басталды. Жиынға қаланың ақсақалдары, ардагерлер, әкімшілік өкілдері, мәслихат депутаттары, мектеп, колледж оқушылары мен ұстаздары, кітапханашылар, сондай-ақ институт ұстаздары мен студенттері қатысты. Конференцияны педагогика институтының деканы, айтыс ақтаңгері Айбек Қалиев жүргізді. Қала әкімі Әмірхан Асанов құттықтау сөз сөйлеп, алыстан ат арытып келген ғалымдарға алғыс айтты.

Осы жиында сөз алған Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай ұйымдастырылып жатқан ғылыми-танымдық жұмыстармен айналысып жатқан негізгі мекеме – «Тіл-қазына» орталығының басшысы Ербол Тілеш биыл «Тіл-қазына» дайындаған логотиптің негізінде Ахаңның медалі дайындалғанын, амандық болса, Тәуелсіздік күнінен бастап беріле бастайтынын айтты.

— Оның бер жағында Ахаңның еңбегі түрік, ағылшын, орыс тілдерінде жарық көріп жатыр. 4 қазан күні Париж қаласында ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде кітаптың тұсаукесері болады. Сонымен бірге 4 қарашада Ыстанбұлда түркі халықтары ғалымдарының басын қосатын жиын болады. Мұнда да Ахаң еңбегіне арналған жинақты таныстыратын болады. Сосын 25 қарашада Түркология конгресі өтеді. Оған түріктің жеті мемлекеті мен жиырмаға жуық автономиясының ғалымдары қатысады. Шамамен Бакудегідей болмаса да, соған жетеғабыл үлкен шара болуға тиісті. Онда жалпы түркі халықтарының рухани сабақтастығымен қоса, ахметтануға да қатысты көптеген мәселе қозғалады, – деді ғалым.

Конференция барысында бір нәрсеге разы болдым. Жиынға бастан-аяқ қатысқан шахар басшысы мінберден айтылған мазмұнды әңгімелерді бар ынта-шынтасымен тыңдап, қайта-қайта басын шайқап қойып, ұялы телефонының камерасына жазып алып отырды. Президиумда, дүйім жұрттың көз алдында отырмын-ау, осыным қалай болар екен деп қысылмады. Әкімнің ыстық ықыласына ғалымдар да ырза.

Бұл жолы Ахмет Байтұрсынұлы академиясының директоры, әдебиеттанушы Ұлан Еркінбайдың айтқанына аз-кем тоқтала кетейік. Ғалым қазіргі жастардың ойлау форматы мүлде өзгеше екенін тарқата келіп, алдыңғы буын мен кейінгі буынның арасындағы рухани сабақтастықтың әлсіз екенін, осы олқылықтың орнын толтыру қамындағы іс-шараларды қолға алу керектігін айтты.

— Ахмет 1925 жылы «Баулу мектебі» деген мақаласын жазады. Біз қыруар қаржы шығындап, жаңартылған білім бағдарламасын жасадық. Осы бағдарламаға негіз болған мәселелердің барлығын Ахаң төл оқыту жүйесіне негіздеп сол «Баулу мектебі» мақаласында нақты көрсетіп жазып кеткен. Ол жерде Ахаң Америка, Франция сияқты өнері мен өнеркәсібі озық елдердегі білім беру жүйесін мысалға келтіре отырып, баланы өлі біліммен емес, тірі біліммен оқыту арқылы өмірге баулу керек дейді. «Баулу мектеп» – нəрседен нəрсе жасап, тауар қылып шығаратын пабірік, зауыт сияқты да орын емес, өзінен-өзі өсерлік жағдай жасап, бəрін даяр күйінде беріп, балапан шығаратын жұмыртқа сықылды да орын емес, ұйым түрінде іс қылып, іс жүзінде білім алып, еңбекті сүйетін шын еңбекші болып, ұшқанда алатын нəрсесіне ұяда баулынған қыран баласы сияқты жастар шығаратын орын», деп қазіргі институттар бірнеше жыл бойы зерттеп, қорытып жүрген дүниелердің тоқетерін айтып берген, – деді Ұлан Еркінбай.

Ел ықылас қоя тыңдаған дүниенің бірі де, бірегейі де алаштанушы ғалым Ербол Тілештің «Қазақ ұлттық ренессансы және Ахмет Байтұрсынұлы» тақырыбын қозғаған баяндамасы болды.

— Өркениет деген жинақы атау. Оны сол халықтың бірнеше ерекшелігі, сол халықтың бірнеше бейім-қабілеті арқылы тарихы жасайды. Халықтың тарихын соғыстар, эволюция ғана жасамайды, сол халық неге бейім, сол халық не жасай алады, сол да тарих жасайды. Бұл да тарихтың бір анықтамасы. Бір ғұлама «Адамзаттың тарихы соғыстардың тарихы емес, адамзаттың тарихы адам тәрбиесінің тарихы» дейді. Сонау жабайы адамнан бастап, бүгінгі күнге дейінгі біздің тәрбиеміз – тарихымыз. Осыған Ахаң не қосты деген сауал төңірегінде бірнеше мәселенің басын шалғым келіп тұр. Ахаңа тұңғыш деген сөз жарасады. Ахаңның тойы болған соң, асыра айтып тұрған жоқпыз. Ахаңды асыра мақтаудың керегі жоқ, біз Ахаңды ғылыми тұрғыдан жеткізе алмай жатырмыз, – деді Ербол Ерденбекұлы.

Жиыннан соң экспедиция мүшелері қаланың орталығындағы Ахмет ескерткішіне гүл қойды.

Арыстарын
ардақтаған Торғай

Арқалықтан шыққан «Газель» Тоқанайдың тұсынан оңға бұрылып барып, кілт тоқтады. Сөйтсек, мұнда Торғай музейлер кешенінің директоры Гүлбану Сәрсекей ханым мінген машина күтіп тұр екен. Көліктен түсіп, мәре-сәре амандық сұрасып болған соң, Бидайықты бетке алдық. Арқалықтан шыққалы тақтайдай тас жолмен тайпалтып келе жатқан көлігіміз Бидайықтың жолына түскен соң шоқалақтап кібіртіктеді де қалды. Өмірі асфальт көрмеген көтерме жолдың әбден тозығы жетіпті. Сәлден соң көліктің ішін саңылау-саңылаудан кірген қою шаң басып кетті. Әудем жер жүрген соң, жұқалап қиыршықтас төселген жол басталып, көлік доңғалағы атқан тас табаның астын атқылап, тесіп жібере жаздады. Әупірімдеп жүріп Асқар күзегіне жеткенде, күн еңкейе бастаған еді. Асқар – Міржақыптың туған ағасы. Алаш арысының кіндік қаны тамған үйдің орны да осы күзеуде қоршаулы тұр. Үйдің іргетасын кейінірек терезеге дейін көтеріп, тас қалағанға ұқсайды. Жанына үлкен қызыл тас қойылып, оған Міржақыптың «Оян, қазағының» бір шумағы, төмен жағына «Асқар күздігі. Мадияр руының қонысы. Алаш көсемі Міржақып Дулатұлының кіндік қаны тамған жер (1858–1935). Ұрпақтарының атынан орнатқан Бақберген Қасымұлы» деген жазу қашалыпты. Бидайыққа жеткенше күн еңкейіп кететін болған соң, бәріміз осы жерде тізе бүгіп, профессор Бекжан Әбдуәлиұлы Алаш арыстарының, арнайы Міржақып атамыздың рухына бағыштап Құран оқыды.

Қызбел мен Бидайықтың арасындағы жолмен салыстырғанда, бұған дейінгі жол жақсы екен, «Газель» есек аяңға ауысты. Одан алдымызда жол бастап келе жатқан машинаның багін доңғалақтан атылған тас тесіп жіберіп, бензин тамшылай бастады. Әбден көз байланған шақта Бидайыққа кіріп, бірден Міржақыптың кесенесіне барып тоқтадық. Кесененің шырақшысы Нағашыбай Бірманов деген азамат екен. Жолдың сырына қанық шырақшы:

— Жол азабын тартқан сендер бақыттысыңдар. Әйтеуір жеттіңдер.

Атамның басына зиярат етіп келем деп, бірақ жете алмай жүрген жандар қаншама. Осы жерден көшіп кетуге де мүмкіндік бар еді, бірақ Алланың бұйрығымен бір себептер табылып, қалып қоя бердім осында. Содан бір күні Гүлнар апай хабарласып, ауырып қалғанын айтып, «Нағашыбай бауырым, Міржақып атаңның зиратын саған аманат еттім», деді. Әкем марқұм бала кезімде «Бұзықтық жасама, жақсы жүр. Біз бүкіл қазаққа жаны ашыған, ел-жұрты сыйлаған үлкен кісі біздің жақынымыз», деп құлағыма құйып отыратын. Соның бәрін естіп, біліп өстім, – деді шырақшы.

Кесененің көк күмбезі әбден тозып, жырым-жырымы шығыпты. Кейін жағылған көк бояу қабыршықтанып түсіп жатыр. Оған қарсы бетте тұрған Міржақыптың музей-үйінің де жағдайы мәз емес.

Түн жамылып Қызбелді бетке алдық, одан әрі асып Торғайға бірақ тоқтау керек. Сонау жердің түбінен Алаш арысының кіндік қаны тамған қасиетті топырақты аңсап жеткен зиялы қауым жапандағы ауылдың жүдеу қалпын көріп, күйіністі.

— Жапан түзде атасының мазарын күзетіп отырған шырақшы жігіт нағыз жанкешті азамат екен. Шынтуайтына келсек, Міржақып атамыздың жатқан жері күллі қазаққа ортақ емес пе? Жолдың түрі мынау. Осы жолды жөндеп, асфальт төсеп тастаса, жұрттың еңсесі көтеріліп, тіпті көшкен елдің қайтып оралмасына кім кепіл? Осы мәселені шешуге тиіс жоғарыдағылар қайда қарап отыр? Алдымызда 140 жылдығы келе жатыр. Үш-ақ жыл қалды. Алыс-жақыннан ағылатын жұрт сол кезде қалай жетпек мұнда? Ел басына күн туған қилы кезеңде етігімен су кешіп жүріп, «Оян, қазақ!» деп ұрандатып, қырда жатқан жұрттың қамы үшін алтын басын ажалға тіккен асыл арысымызды ардақтай алмасақ, онда басқа істің бәрі бекер! – деді ашына сөйлеген профессор Жандос Смағұлов. Біз үндемедік.

Сол түні таң қылаң бере Торғайға жетіп, бір-екі сағат көз шырымын алған соң, экспедиция құрамындағы ғалымдар Нұрхан Ахметбеков атындағы мәдениет үйінде жергілікті тұрғындармен кездесті. Кездесуді Жангелдин ауданының әкімі Шота Оспановтың өзі жүргізді. Мұнда да Ахметті тануға, ұлт ұстазының мол мұрасын игеруге қатысты келелі әңгіме өрбіді. Ғалымдардың бұл хақында айтқан сөздерін ел ерекше ықыласпен қабылдап, риясыз көңілмен ризашылықтарын білдірді. Жиын барысында Ұларбек Нұрғалымұлы «Ахмет. Ұлт ұстазы» телехикаясының қалай түсірілгені туралы баяндап берді. Кездесу соңында Торғай тұрғыны Тыныштық Әбдіжамалов ақсақал сөз алып, экспедиция мүшелеріне барша тұрғынның атынан алғыс айтты.

— Мен 1980 жылдары қазіргі Ахмет елді мекенінде ауылдық кеңестің төрағасы болдым. Ең алғаш Ахаң ақталып, есімі аталған соң, 1989 жылғы 29 шілдеде өздеріңіз сияқты ғалымдар мен жазушылар делегациясы келіп, ауыл клубында кездесу өткізді. Сол кездесуде үлкен ғалымдар Ахаң туралы естеліктер айтты. Бірақ сол кісілердің айтқаны мен сіздердің бүгінгі айтқан дерек-мағлұматтарыңызды салыстырсам, арасы жер мен көктей. Алғашқы делегация ол кезде Ахаңды терең білмейді екен. Ал сіздер қаншама еңбек сіңіріп, біз білмейтін небір тамаша мағлұматтарды айтып, санамызға сәуле сепкендей болдыңыздар. Менің жасым 80-ге жақындап қалды, сондықтан осы өңірдің халқының атынан сіздерге шынайы алғысымды білдіремін, – деді қария.

Кездесу аяқталған соң ғалымдар Ахаң мен Жахаңның музейіне кіріп, құнды жәдігерлермен танысты.

Торғайдан кейін Ақкөл, Ахмет ауылдарына барған экспедиция жергілікті тұрғындармен, мұғалімдермен, мектеп оқушыларымен кездесті. Сартүбектегі Байтұрсын мен Қалидың тамына, Ахаңның ақ кесенесіне барып, Құран оқып, дұға бағыштады. Жыланшықтың жағасындағы Ахметтің музей-үйінде болды.