Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Отбасы – өнеге бастауы

5 октября 2022 10:08 • 615 просмотров

Қостанайда «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңі қорытындыланды. Осы жылы сайыста 108 қатысушы бақ сынады. Былтыр 126 отбасы қатысқан еді. Ал байқау ұйымдастырылған сегіз жыл ішінде 800-ден астам әулет үміттеніп көріпті.

Жастар сарайында өткен марапаттау рәсіміне 20 отбасы шақырылды. Өнегесімен, жан-жақтылығымен, шығармашылығымен ерекшеленген үміткерлерге сыйлықтар табысталып, көрермен қауымға олардың ерекшеліктері, үлгі болар қасиеттері туралы ақпарат берілді. Салтанатты жиында Қостанай облысы қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Абылайхан Кәкенов сөз сөйлеп, жеңімпаздарды құттықтады.

«Қазақ үшін қашанда киелі саналатын бір шаңырақ астында берекелі өмір сүрудің мән-маңызын насихаттауда ұлттық конкурстың алар орны айрықша, тағылымды іс-шара деп айтар едім. Осы сайыста бақ сынаған барлығы да мерейлі отбасы, тәлім-тәрбиенің қайнар көзі», – деді Абылайхан Кәкенов.

Биылғы байқауда қарасулық Шәріповтер отбасы жеңімпаз атанды. Отағасы Болат Сатыбалдыұлы бірнеше мәрте облыс және аудан әкімдерінің грамоталарымен марапатталған. Ал жұбайы Марина Васильевна журналистер арасында өткен облыстық байқаудың үш дүркін жеңімпазы. Өзге де марапаттары жетерлік. Ұлы Дамир мен қызы Диана түрлі салада еңбек етіп, табысқа жетіп жүр.

«Әулетімізді болған бірқатар қуанышты оқиғаларды себеп қылып, биыл конкурсқа өтініш бердім. Туыстарымыз, әріптестеріміз, достарымыз қолдады. Дәл қазіргі сезімімді сөзбен жеткізе алмаймын. Отбасым үшін көкірегімді мақтаныш кернеп тұр», – деді Болат Шәріпов журналистерге берген сұхбатында.

Осы сында үздіктердің қатарынан көрінген жиырма жанұяға облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің қолы қойылған дипломдар мен сыйлықтар табыс етілді.