Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Аманқарағай орманына ағаш отырғызылды

20 октября 2022 16:20 • 1 258 просмотров

Әулиекөл ауданындағы 43 мың гектар аумақты шарпыған алапат өрттің кесірінен жүзге жуық адам үйсіз қалып, Басаман, Семиозер орман шаруашылықтары күлге айналғаны дүйім елге белгілі.

Жергілікті биліктің бастамасымен күйік шалған орманды кезең-кезеңімен қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды. Биыл көшеттерді Әулиекөл – Қостанай жолының бойына отырғызу жоспарланған. Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов бастап, Тобыл-Торғай өңірінің біраз азаматы өртенген алқапқа көшет отырғызды.

Сол алапат өрттен бері бері бір жарым айдан асты. Қысқа мерзім ішінде баспанасыз қалған жергілікті тұрғындарға жаңа үйлер салынды. Кезек өртенген ағаштарды кесіп, орнына жаңа көшеттер отырғызу жұмыстарына келді. 3 қазаннан бері өрт шалған аумақтар анықталып, жанған ағаштар оталып, олардың орнына жас көшеттер отырғызыла бастады.

— Жалпы, өрттен зардап шеккен орманды қайта қалпына келтіру үшін шамамен ондаған жылдар керек. Түнеукүнгі өрттен Басаман, Семиозер орман шапруашылықтары көп зардап шекті. Әрине, оны қайта қалпына келтііру үшін қыруар жұмыс істелінуі керек. Сондықтан, 3 қазаннан бастап іске кірістік. Алғашқы кезекте өртенген ағаштар кесіліп, алқаптар тазартылды. Енді міне, өздеріңіз көріп тұрғандай, бұрынғы ағаштардың орнына жас көшеттер отырғызып жатырмыз. Өртенген алқаптың 75%-іне қарағай, 25%-іне қайың отырғызылады. Біздің орман шаруашылықтарында қайың көшеттерінің қоры жеткілікті, ал қарағай көшеттерін көршілес Ақмола облысынан алдырттық. Келесі көктемде мұнда 1 млннан астам екі жылдық қайың көшеттерін егеміз. Шамамен алдағы бес жылда қалпына келтіру жұмыстары жүргізілмек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз бойынша 2 млрд түп ағаш отырғызуды тапсырды. Соның 170 млн-ы біздің облыс көлемінде егілуі тиіс. Негізгі жұмыс қазір осы екі орман шаруашылығының аумағында ұйымдастырылады. Тағы бір айтайын дегенім, қараша айынан бастап орманшылардың жалақысы 40%-ке өсетін болды. Оларға жалақы жергілікті бюджет есебінен төленеді. Сондай-ақ, барлық орман шаруашылығының материалдық-техникалық базазын жаңартып жатырмыз. Жақында ғана Қостанайда құрастырылған «Беларусь» және «Ловол» маркалы төрт трактор алынды. Бұл жұмыстар одан әрі жалғасады, – дейді облыс басшысы Архимед Мұхамбетов.

Бұл күні Семиозер орман шаруашылығының аумағындағы 35 гектарға жас көшеттер отырғызылды. Республика күні қарсаңында қолға алынған игі іске еріктілер, үкіметтік емес ұйымдар, мәслихат депутаттары, қоғам бесенділері. спортшылар, мәдениет қызметкерлері, кәсіпорындар жұмылдырылды. Бұл шара қараша айына дейін жалғаспақ. Алдағы күндері сенбілікке аудандар мен қалалар тартылатын болады. Оларға да орман шаруашылығы аумағынан бөлек учаскелер бөлінді.

— Өрттен кейінгі қалпына келтіру шараларына бүкіл ел жұмылып жатыр. Мен басқарып отырған «Қайырымдылық кз» қорына жиналған қаражатқа отыз мың түп жас көшет сатып алынды. Халық бір кісідей жұмылып, қолдан келгенше көмектесіп жатыр. Бүгінде үйсіз қалған халықтың жағдайын жасап болдық. Енді қалған қаржыны ақшаны ағаш егу жұмыстарына жұмсаймыз. Бұл өте сауапты іс. Елдің елдігі осындайда көрінеді. Әрине, бір күнде қалпына келетін дүние емес, жылдар керек. Соның алғашқы қадамын жасағанымызға қуаныштымын. Алдағы болашақ ұрпақ үшін жұмыс істеп жатырмыз деп ойлаймын, – дейді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Батырбек Ахметов.

Бұл игі жұмысқа Amanat партиясының Қостанай облыстық филиалы, облыстық мәслихат депутаттары да белсене қатысты.

— «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деген даналық сөздің өзі адамға байлықтан гөрі жасыл желектің орасан пайдасы барын айшықтап тұрғандай. Бүгін Әулиекөл ауданына қарасты Семиозерный орман шаруашылығы мекемесінде өрттен кейін орманды кезең-кезеңімен қалпына келтіру жұмыстары басталды. Көппен бірге Әулиекөл — Қостанай жолының бойында ағаш көшеттерін отырғызу шарасына қатыстым. Облыс әкімінің айтуынша жалпы бұл аймаққа 75 пайыз қарағай мен 25 пайыз ақ қайың отырғызу жоспарда бар. Қарағайлар негізінен Ақмола облысынан жеткізілген. Қуантарлығы, көшет отырғызу жұмысына облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері , облыстық мәслихаттың депутаттары, студенттер мен волонтерлар, сондай-ақ, аймақтың қоғам қайраткерлері , партияластар бір кісідей жұмыла кірісті. Көппен біткен іс мәнді демекші әп сәтте жайқалған қарағайлар отырғызылып, өртке оранған жол бойы қайта гүлденгендей, — дейді Amanat партиясының Қостанай облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бибігүл Аққожина.

Жиналған жұртшылық бұл бастама елімізде қайта жаңғырған Репсублика күні қарсаңында өткенін екі есе қуанышпен айтып отыр.

— 25 қазан – ҚР Республика күні деп қайта белгіленгені баршамызға белгілі. Осы мерекеге орай іс-шаралар легі басталып та кетті. Аманқарағай орманындағы ағаш отырғызу жұмысын осы шаралар қатарына қоссақ әбден болады, – дейді жиналған қауым.

Іс-сапар соңында өңір басшысы Архимед Мұхамбетов Аманқарағай ауылындағы ауыз су құбырының құрылысын қарады. Су құбырын салуға 2,5 млрд теңге бөлінді. Бүгінгі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды. Орталық су құбырына 367 абонент, оның ішінде әлеуметтік нысандар да қосылды. Қалған абоненттер ағымдағы жылдың қараша айының соңына дейін қосылады.

Бетті дайындаған Маржан Алпыс, суреттерді түсірген автор