Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Қайта жаңғырған қуаныш

27 октября 2022 11:21 • 445 просмотров

Биыл Республика күні мерекесі қайта жаңғырды. 1990 жылдың 25 қазан күні Қазақстан өзінің егемен ел екенін бар әлемге жариялады.

Сол күннен бастап халқымыз өз Атамекенінде жаңа дербес мемлекетін құруға кірісті. Осылайша ең асыл мұратымыз – Тәуелсіздікке қол жеткіздік. Тарихи оқиғаға құрмет көрсеткен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев маусым айында өткен тұңғыш Құрылтайда бұл мерекеге ұлттық мәртебе беріп, мерекелік күнтізбеде Республика күнін жаңғырту – тарихи әділдіктің орын алуы деп атап өтті.

Тобыл өңірі қайта түлеген ұлттық мейрамымызды дүркіретіп атап өтуде. Жастар сарайына жиналған жұртшылық туған жердің бүгіні мен болашағына деген сенім, үміт пен сүйіспеншілік мәңгілік сарқылмасын сезінгендей.

— Еңселі ел болуға барлық саладағы түрлі мамандықтың өкілдері және барша азаматтарымыз бір адамдай атсалысты. Оған дәлел, күздің алғашқы күндерінде облысымызда болған апат – Аманқарағай орманының отқа орануы. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген халық даналығын ұстана отырып, біз халықтың бірлігі кез келген қиындықты еңсеріп шығатынын дәлелдедік. Соңғы жылдары аймағымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң өзгерістер көп. Жылдың алғашқы тоғыз айының қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібі 10,1%, ауыл шаруашылығы 19,9%, құрылыс жұмыстары 8,3% артқан. Экономикамызға инвестиция тарту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру барысында 306 млрд теңге инвестиция тартылды. Көлік жасау да қарқын алып, жеңіл автомобиль шығару саны артты. Өңдеу өнеркәсібі жағынан 2017 жылы 11-ші орында тұрған өңіріміз биыл 5-ші орынға көтерілді. Мемлекет алдындағы басты міндеттердің бірі – халықты баспанамен қамту. Биыл облысымызда 343 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Аймақ әкімдігі «Жас шаңырақ» бағдарламасының одан әрі жүзеге асуына ықпал ете беретін болады, – деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов құттықтау сөзінде.

Ұлық мереке марапатсыз өткен жоқ. Қостанай облыстық мәслихатының хатшысы Сайлаубек Ещанов «Парасат» орденінің иегері атанды. ІІ дәрежелі «Достық» орденімен «Тілеп» жеке қайырымдылық қорының және Кеңес Одағының Батыры «Халық Қаһарманы» Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Халықаралық қоғамдық-қайырымдылық қоры филиалының президенті Сапар Ысқақов марапатталды.

«Құрмет» орденінің иегерлері: Александр Бабич – «Өркен» Лисаков филиалының директоры, Иван Гертнер – «Азия» шаруа қожалығының жетекшісі, Арқалық қаласы Алексей Ильин – «ССКӨБ» АҚ вице-президенті, Рудный қаласы Владимир Кан – «Межрегионэнерготранзит» өнеркәсібінің директоры, Қостанай қаласы Валерий Розумович – «Аян-Озат» компаниясының директоры Қостанай ауданы Айбол Смағұлов – «Қостанай минералдары» АҚ техникалық директоры, Жітіқара ауданы Қуаныш Таңжарық– «Межрайгаз+» серіктестігінің құрылтайшысы, Қостанай қаласы. Ринат Файзулин – «Қостанай Мұнай Өнімдері» Ассоциациясының бірінші вице-президенті.

Сондай-ақ, өңіріміздің дамуына сүбелі үлесін қосып келе жатқан бірқатар мемлекеттік қызметкерлер, бизнес өкілдері, «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» – медальдерімен, ҚР Құрмет грамотасымен марапатталды. Салтанатты кеш барысында жергілікті өнерпаздарымыз бен өңірімізге келген мәдениет саласының майталмандары әннен-күйден, биден шашу шашты.

Айта кетейік, аймағымызға танымал дәстүрлі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Қосанова арнайы келіп, мереке көрігін қыздыра түсті.