Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Қоныс тойын тойлады

28 октября 2022 11:20 • 431 просмотров

Қостанай облысының Әулиекөл қаласында орман өртінен зардап шеккен өңір тұрғындарына жаңа үйлердің кілттерін салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті.

«Бір жарым ай бұрын тұтанған өрт өңіріміз үшін ауыр сынақ болды. Жан түршігерлік өрт орман мен 91 үйді шарпыды. Біздің басты міндетіміз инфрақұрылымды қалпына келтіріп, адамдарды әдеттегі өміріне қайтару болды», деді аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов.

Құрылысыс жұмыстары тәулік бойы жүргізілді. Жаңа үйлерді 12 мердігер небәрі бір жарым айдың ішінде салып берді.

«Аз уақыт ішінде Бірлік символдық атауымен біртұтас архитектуралық үлгіде 91 сапалы үй салынды. Әр үй 4 бөлмелі, жалпы ауданы 100 шаршы метрді құрайды», деп қосты А. Мұхамбетов.

Өрт 2 қыркүйек күні сағат 15:10-да Әулиекөл ауданына қарасты Басаман және Семиозерный орман шаруашылығы ауданында басталған. Өрт басталғаннан бері жалпы 43 мың гектар жерді алды. Сондай-ақ елді мекендердегі 91 үйді шарпыды.

Құрылыс жұмыстары үй өрті туралы хабарлама түскеннен кейін бiрден басталды. Сондай-ақ өрттен зардап шеккендерге баспана кезегінде тұрғаны үшін миллион теңге көлемінде өтемақы төленді.

Орман өрті баспаналарын тып-типыл етіп, төтеннен бейнетке тап болған тұрғындар судай жаңа үйге кірді. Қуаныштарында шек жоқ. Қамқорлық жасаған отандастарына, биліккке алғыс жаудырып отыр. Мәселен, Бейсенбай Рахметов сонау күнгі сойқанды көрген түстей ғана еске алады.

— Алапат өрт ауылға ауыз салғанда ұсақ малдарымды аман алып қалу үшін өрт ортасында арпалыстым. Отбасымды қауіпсіз аймаққа шығарып салған едім. Өрт сұмдық болды. Бет қаратпайтын жалын мен қою түтін ортасында қалып қойдым. Мені іздеп келген балаларым тірі екенімді көріп, жылап жіберді, – дейді Бейсенбай Рахметов.

Зейнеткер басқа жапа шегушілер секілді жәрдемақы алып, үйімен бірге күлге айналған құжаттарын да қалыпқа кетіріп алған. Бүгін бәрі тағатсыз күткен баспаналарының кілтін иеленді. Ресми щараны облыс әкімі Архимед Мұхамбетов жүргізіп, рекордтық аз уақытта «Бірлік» атты шағын ауданды салып шыққан қүрылышы компанияларға алғысын айтты. Кілт табыстау рәсімінен соң билік өкілдері үйді-үйге кіріп, құрылыс сапасымен танысты.

Жаңа қонысқа орналасқандардың ішінде бұған дейін бала-шағасымен бірге көршісінің үйін паналап келген Рахметовтер отбасы да бар. Алапат өрт кезінде бұл отбасының Аманқарағайдағы қос үйі жылдар бойы тірнектеп жиған дүние-мүлкімен қоса жанып кеткен. Тіпті, өртеніп жатқан ауылдың ішінде отағасы да қалып қоя жаздапты. Қайта дер кезінде аман-есен табылғаны абырой болған.

— Сол күні мен Рудныйда тұратын туысымыз қайтып, таңертең сол жаққа кетіп ем, қайтып келгенше бәрі жанып бітіпті. Жолдасым көрінбейді. Жан ұшырып іздей бастадық. Қойымен бірге түтіннің арасында жүрген жерінен ұлым тауып алды. Жолдасымды әкім алып шықты, балам қойды айдап шықты. Бір баламыз қалада. Өзім үй шаруасындағы адаммын. Қолымызда 14 бас қойымыз бар. Малға ыңғайлы болсын деп, осы жаңа мекеннің шетіндегі № 7-ші үйді қалап, сұрап алдық. Өртке дейін 100 бас тауық ұстағам. Оның бәрі жанып кетті. Балаларым, немерелерім бар. Бұрын ас бөлмесін есептемегенде, үш бөлмелі тас үйде тұрдық. Іргесі мықты, төбесі осы өзіміз кірейік деп отырған үйдікі сияқты биік болатын. Осыдан бір жыл бұрын газ тартып, су кіргізіп алғанбыз. Ол үйім бүкіл дүние-мүлкімен бірге өртеніп кетті. Қыста көрпе құраушы ем, құрағым да, көрпем де кетті. Балалардың киім-кешегіне дейін жанып кетті. Енді көзіміз көрген, естіген жерден барып көмек алып жатырмыз. Азық-түлікті де беріп жатыр. Далада қаламыз ба деп қорқып едік, үй беріп жатыр, міне. Халқымыз түсі игіден түңілме дейді ғой, бізді мемлекет қамқорлығына алып, осы үй салынып біткенше тікелей қадағалап, қар түсіп, күн суытпай жағдайымызды жасап берген Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевқа ерекше ризашылығымды білдіргім келеді. Енді ешкім жаманшылық көрмесін, іргеміз бүтін болсын. Осы соңғы екі айға жуық уақыттың ішінде ауызбіршіліктің не екенін көзімізбен көріп, жанашырлықтың қадір-қасиетін жан-жүрегімізбен сезіндік. Алла осы қасиетімізден айырмасын, – дейді ағынан жарылған Жұмакүл ана.

Аманқарағайдың орманы тек жердің көркі ғана емес, бір қауым жұртты асырап отырған нәпақа көзі де еді. Виталий Дычко бұған дейін осы орманнан саңырауқұлақ теріп, моншаға қайың жапырақты сыпыртқы буып, оны жол бойындағы базарда сатуды кәсіп етіп келген. 3 қыркүйекте астындағы автокөлігі, сол күні үстіне киіп жүрген спорт костюмі мен құжаттарынан басқаның бәрі үйімен қоса жанып кетті.

— Біз айналаны түтін басып кеткен соң, балалардың амандығын ойлап, бәрін тастап басқа ауылдағы туысымыздың үйіне кетіп қалдық. Төрт баламыз бар. Өрт басылған соң келсек, үйіміздің сау-тамтығы қалмапты. Қора-қопсымыз да өртеніп кеткен. Қазір қарындасымның үйін паналап отырмыз. Ол үйде төртеу еді, оның үстіне алтаумыз барып қосылдық. Ақшалай, азық-түлік, киім-кешек түрінде көмек алып тұрамыз. Жергілікті әкімдік мамандары жағдайымызды үнемі сұрап-біліп, керегімізді тауып беріп тұрады. Мемлекет екі баламды лагерге жіберді. Сол жақта әрі демалады, әрі сабақтарын оқиды. Мектеп жасына дейінгі екі кішкентайым тегін балабақшаға барып жүр. Қыркүйектің басында бар дүние-мүлкімізден айырылғанда қатты абдырап қалдық. Тіпті өмірден түңіліп кеттік десек болады. Балалардың болашағы қалай болады, енді қай жерге барып тұрақ табам деген ойлар түнімен көз ілдірмейтін. Соның бәрі көрген түстей өте шықты. Баспанасыз қалған әр отбасы өздерін қорғайтын мемлекет деген ұлы күш барын осы жолы жан-тәнімен сезінді. Президенттің өзі бастап кеткен құрылыс қар түсіп, күн суытпай тез аяқталып, әрқайсымызға үй беріп жатыр.

Сапасы бұрынғы ескі үйімізден әлдеқайда жақсы. Өртеніп кеткен үйім ескі әрі ішкі бөлмелерінің орналасуы да қолайсыз болды. Мемлекет салып берген жаңа үй кірпіштен өрілді, жылы әрі кең, газ бен су кіріп тұр, бөлмелері де кең. Құрылыстың қалай жүріп жатқанын күнара келіп көріп тұрдық. Құрылысшылардың күннің атысынан түн жарымға дейін бел жазбай жұмыс істегенін көзімізбен көрдік. Ол жігіттерге деген алғысымыз шексіз, – деді Виталий.

Айта кетейік, 12 сотық жерге салынған әр пәтердің ауқымы 100 шаршы метр, төрт бөлмелі. Әрқайсысына табиғи газ, су енгізілген. Сондай-ақ, интернет тартылған, оны тұрғындар бір жыл тегін пайдаланбақ.

Бұған дейін де жазғанымыздай, Әулиекөл кентінің түбіндегі 91 тұрғын үйдің құрылысына Президент тапсырмасымен 2,3 млрд теңге бөлінген болатын. Құрылыс жұмыстарымен 13 мердігер компания айналысты.

Өз сөзінде облыс әкімі Архимед Мұхамбетов атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті.

— Тұрғын үй құрылысына 2,3 млрд теңге бағытталды.

Айта кету керек, жұмыс тәулік бойы жүргізілді, демалыс күндерінсіз құрылыс бригадалары жеке уақытпен есептелмеді, зардап шеккендер қысқа мерзімде өз бұрыштарын алуы үшін барлық күштерін жұмсады. Жаңа үйлерді құрылыста үлкен тәжірибесі бар 12 құрылыс ұйымының күшімен салған. Осы компаниялардың басшылары мен қызметкерлеріне жұмысқа жедел және кәсіби көзқарасы үшін зор алғысымды білдіргім келеді. Сондай-ақ, өрт сөндірушілерге, полиция қызметкерлеріне, әскери борышын өтеп жатқан сарбаздарға ерекше алғысымды білдіремін, олар осы жауапты сәтте өз өмірлерін қатерге тігіп, жағдайды тұрақтандыруға және адамдарды құтқаруға үлес қосты. Сонымен қатар, осы күндері жерлестерімізге алғашқы медициналық көмек көрсеткен барлық медицина қызметкерлеріне алғысымды білдіремін. Қазақстанның түрлі өңірлерінен қиын уақытта көмек көрсеткен барлық отандастарға, кәсіпкерлерге және басқа да қоғамдық ұйымдарға зор алғысымды білдіремін!-деді өңір басшысы Архимед Мұхамбетов.

Бетті дайындаған Маржан Алпыс, суреттерді түсірген автор