Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Инклюзивті мәдениет дегеніміз не?

4 ноября 2022 12:30 • 1 654 просмотров

Ағымдағы жылдың 17-27 қазан аралығында Қостанай облысында хабардарлықтың онкүндігі өтті. Осы онкүндік аясында Қостанай облысының жастар ресурстық орталығы бірқатар іс-шаралар ұйымдастырды.

Солардың бірі жастар сарайында мүгедектігі бар табысты адамдар студент жастарды инклюзивті мәдениетке баулу мақсатында өздерінің жетістіктері туралы айтатын TEDx форматындағы диалог алаңы болды. Инклюзивті мәдениет – бұл адамдардың психологиялық қауіпсіздігі мен психологиялық әл-ауқатын, сондай-ақ жайлылық пен денсаулықты сақтауды қамтамасыз ететін қарым-қатынас пен өзара әрекеттесудегі принциптер мен құндылықтар жүйесі.

-Шарамыздың мақсаты қоғамда мүмкіндігі шектеулі адамдарға қоғамға бейімделуге мүмкіндік беретін қағидаттар мен құндылықтар жүйесін қалыптастыру. Студент жастарға бұл адамдардың мүмкіндіктері шектеулі болғанымен, бірдеңе жасауға, еңбек етуге деген құлшынысын шектемей көрсету. Жалпы алғанда, бұл адамдардың бәріміз сияқты қарапайым адамдар екенін көрсету – инклюзивті мәдениетті дамыту. Сондай-ақ, мүмкіндігі шекетулі жандар да іс-шараларды ұйымдастыруға, қатысуға және азаматтық белсенділік ұстанымдарын көрсетуге құқылы,  –  деді Қостанай облысының жастар ресурстық орталығының басшысы Абай Дүйсеков.

Спикерлер ретінде «Үміт-Надежда» қоғамдық бірлестігінің басшысы Аруна Жақсағұлова мен Лаура Табажанова, Данияр Бикеев сынды спортшылар, кәсіпкер Андрей Залевский қатысты. Олар шараға жиналған жастарға өз өмірлері туралы айтып, қиын жағдайлардан шығу жолдары мен қиындықтарымен бөлісті, табысқа жету жолдары туралы айтып, жастарды ынталандыруға тырысты.

Онкүндік аясында халықты инклюзивті мәдениетті қалыптастыруға және мүгедектігі бар адамдарға төзімділікпен қарауға бағытталған басқа да түрлі ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары өткен болатын. Шара ұйымдастырушылары басты мақсат өңір тұрғындарына инклюзивті қоғамның негізгі принциптерін түсіндіру екенін атап өтті.