Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Ахмет Байтұрсынұлының ізімен

5 ноября 2022 14:26 • 521 просмотров

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай 5 қыркүйекте Алаш арысының кіндік қаны тамған Ақкөл ауылынан Анадолы еліне дейін велошеру ұйымдастырған жерлесіміз Ернат Мелсұлы Анкараға жетті.

55 күнде 5 мың 555 шақырым жолды еңсеруді жоспарлаған қазақстандық веломарафоншы бірер күн бұрын Түркияның астанасына ат басын тіреді. Осы уақыт аралығында ол Қазақстанның төрт облысында, яғни Қостанай, Ақтөбе, Атырау және Маңғыстауда болып, одан әрі Қап тауын бетке алды. Грузияның таулы-қыратты аумақтарын жүріп өткен жерлесіміз енді, міне, межелі жеріне де келіп жетті. Бір айта кетерлігі, ол әр тоқтаған жерінде ұлт ұстазының еңбегін насихаттап та үлгерген.

Анкараға жеткен велошабандозды Түркияның Кечиөрен ауданындағы жұртшылық ыстық ықыласпен күтіп алды. Қарсы алушылардың қатарында аудан мэрі мен Қазақстан елшісі де бар.

Велошеруші жиналған жұртшылықты екі елдің дипломатиялық қарым-қатынасының 30 жылдығымен құттықтап, ұлт ұстазы туралы келелі әңгіме өрбітті. Келушілерге алғысын білдіріп, жолда болған шытырман оқиғаларын ортаға салды. «Батыр бабалардың, баһадүрлердің бүгінгі ұрпағы ретінде қос дөңгелекті темір атты тізгіндеп, Анадолы жеріне келдім. Қазақ елі, қазақ жұрты, Қазақстан – барша түркілердің атажұрты. Сіздерге атажұрттың ыстық сәлемін ала жеттім», деді Ернат Мелсұлы.

Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған велошеруді кейіпкеріміз Ыстанбұлдағы атақты таэквондошы Мұстафа Өзтүріктің зиратына тәу етумен түйіндемек. Оған дейін Ернат Түрік әлемінің мәдени астанасы Бурсаға барып, қазақтың көк байрағын желбіретпек.