Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Шалғай ауылда саябақ ашылды

11 ноября 2022 16:30 • 788 просмотров

Жангелдин аудандық білім бөлімі «Балалар жылын» қорытындылады. Аудан әкімі, облыстық білім басқармасының басшысы, өңірдегі 13 мектептің директоры мен мұғалімдері қатысқан шара Көлқамыс ауылында өтті.

Ұстаздардың басқосуының бұл елдімекенде ұйымдастырылуы бекер емес. Мұндағы А. Нұрманов атындағы негізгі мектептің оқушылары «Мектеп балалар көзімен» әлеуметтік жобалар байқауына қатысып, үздік үштікке кіріп, үш млн теңгенің сертификатын ұтып алған болатын. Бұл қаражатқа демеушілер қаржы қосып, мектеп ауласында этно-саябақ бой көтерді.

Салтанатты жиында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы орта мектептің оқушылары ән мен күйден шашу шашып, көрермендер көңілін серпіді. Алғашқы болып сөз алған Жангелдин ауданының әкімі Шота Оспанов мұғалімдердің еңбегіне тоқталып, Көлқамыс ауылындағы игілікті істерді атап өтті.

— Бұл этно-саябақ оқушылар мен ұстаздардың ұйымшылдығының жемісі, көпке үлгі боларлық жаңалық. Сондықтан іс-шараға аудандық маңыз беріліп отыр. Осы ойын алаңын салуға көмектескен жандарға, оның ішінде өңірдегі бірден бір мердігер «Алюминстрой» ЖШС басшылығына зор алғыс білдіремін, – деді Шота Сәбитбекұлы.

Сондай-ақ аудан әкімі саябаққа алтын сақа мен домбыра тарту еткен Семей қаласының тұрғыны Сәкен Назарұлына, мектепке демеушілік танытып, шағын топ пен директордың кабинеттерін талапқа сай жиһаздармен жабдықтап берген Арқалық қаласының тұрғыны Нұрлан Қалықұлына, құрылысты жүргізген Расул Абайұлына ел атынан ризашылығын білдіріп, алғыс хаттар табыс етті. Айта кету керек, этно-саябақ салынғанша да алтыбақан құрылып, балалардың ойнауына қолайлы жағдай жасалған-тын. Сондай-ақ ата-аналардың бастамасымен сәулетті шатыр бой көтерді. Ұлттық өрнекпен безендірілген күмбез ойын-сауық алаңына ерекше сән беріп тұр. Болашақта субұрқақтар орнату жоспарда.

Шалғайдағы ауылға арнайы келген Қостанай облыстық білім басқармасының басшысы Зәуре Бәйменова «Мектеп балалар көзімен» әлеуметтік жобалар байқауына 20 өңірден түрлі жобалар келіп түскенін, соның ішінде ауыл балалары ұсынған этно-саябақтың қазылар алқасының ерекше назарына ілінгенін айтып өтті.

Облыста 455 мектеп бар. Соның 80 пайызы ауылды жерде. Сол 80 пайыздың 65 пайызы шағын комплектілі мектептер. Біз осы білім ошақтарын сақтауға бар күшімізді саламыз. Өйткені, мектеп болса халық тұрақтанады. Мәселен, Жангелдин ауданы бойынша соңғы екі жылда мектептерді жөндеуге 900 млн теңге бағытталды. Оның сыртында материалдық базасын нығайтуға 130 млн теңге бөлінді.

Мектеп – ауылдың алтын қазығы, тоқырау жылдары осы елдімекенді сақтап қалып, білім мекемесіне көп көмек көрсеткен Кәкімжан Карбозов ақсақалға өз атымнан ризашылығымды білдіремін. Мұндай еңбек ерендерінің өмірі өскелең ұрпаққа үлгі, – деп сөзін түйіндеген облыстың бас ұстазы әріптестеріне табыс тілеп, Айса Нұрманов мектебіне заманауи интерактивті тақта беруге уәде етті. Осы жобаның үйлестірушісі Салтанат Шаймағанбетоваға алғыс хат табыс етті.

Көпшілік алдында сөз алған еңбек ардагері, Қостанай облысының құрметті азаматы Кәкімжан Карбозов осы іске үлес қосқан барша азаматтарға батасын берді. Әке сөзін жалғаған «Сыма – К» жекешаруа қожалығының басшысы Манат Кәкімжанұлы Көлқамыстағы игілікті істерді тізбелей келе, жемісті еңбегімен көзге түскен ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденінің иегері Төлеміс Серікбол Бейсенбекұлына жаңа үйдің кілтін табыс етті.

Көлқамыс тұрғындарының қуанышын аудандық мәдениет үйінің қызметкері Фариза Бүркітбай әнмен әрледі. Одан әрі жиналғандар саябақтың ашылу салтанатын тамашады. Мұнда Торғай орыс мектебінің оқушылары анимациялық қойылымдармен қарсы алды. Ал, ойын алаңының керме-жібін қию мәртебесі Арқалық қаласының құрметті азаматы Абай Мұқанов, А. Нұрманов негізгі орта мектебінің алғашқы директорлары Түбекбай Әубәкіров пен Әмір Қонысбаев және озат оқушы Нұрислам Батырбековке бұйырды.

Бұдан әрі оқушылар жергілікті клубта Көлқамыста түсірілген (режиссері Жәнібек Кәкімжан) «Кәусарым» фильмі мен концерт тамашаласа, «Мектеп балалар көзімен» байқауының аудандық кезеңінің ІІ, ІІІ орын жүлдегерлері әріптестеріне өз жобаларын таныстырды. Аудан мектептерінен келген ұстаздар тәжірибе алмасып, шеберлік сыныптарын өткізді. «Шалғай мектептерді мұғалімдердің шығармашылық өсуі үшін мұндай іс-шаралар өте маңызды», – дейді Ы. Алтынсарин медалінің иегері, отыз жылдық өтілі бар ұстаз Салтанат Шаймағанбетова.

Президент 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялады. Мемлекет басшысының жас ұрпаққа назар аударғанына қуанып, үн қосуға тырыстық. Облыстық байқауды естіген соң біз оқушылардың пікіріне құлақ түрдік. Олар ауылға саябақ керек деген тілегін жеткізді.

Осы ретте Жангелдин аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Жанат Теміроваға ерекше алғыс білдіргім келеді. Білікті маман, шебер ұйымдастырушы ретінде Жанат Карбозқызы құнды кеңес берді. Соның арқасында байқауда үздіктер қатарынан көріндік деп ойлаймын.

Отыз үйлі Көлқамыста алтын алқа таққан 11 көпбалалы ана тұрады. Бірге ойнаған балалар тату болып өседі емес пе?! Балалар еліміздің келешегі, біздің мақсат бөбектердің бақыты балалық шағын қамтамасыз ету, – дейді жоба үйлестірушісі, жеті баланың анасы, тәжірибелі педагог Салтанат Тұрсынқызы.

Көлқамыстағы халықтың табиғи өсім көңіл қуантады. Қазір мұнда шағын орталықты қоса есептегенде 62 оқушы бар. Мұғалім саны он жеті. Жергілікті шаруашылық келем деген жас мамандарға үй-жайын әзірлеп, әлеуметтік мәселесін шешіп береді. Ұстаздарды қинайтын бір-ақ мәселе бар.

Мектеп ғимараты 1982 жылы салынған. Қырық жыл болған нысан жыл сайын жөндеуді көп қажет етеді. Оның үстіне арнайы спорт залы жоқ. Жергілікті шаруашылықтың күшімен ұстап тұрмыз. Сондықтан оқушыларға сапалы білім алып, спортпен шұғылданатындай бір ғимарат болса деген тілегіміз бар, – дейді А. Нұрманов атындағы негізгі мектептің директоры Мұхит Әміржанов.

Көлқамыс еңбекқор елдімекен. Шалғайдағы шағын бөлімше кейде ағысқа қарсы жүзген қайсар балықты елестетеді. Көптеген ауылда үйлер босап, оқушы саны кеміп жатса, мұнда жаңа баспаналар бой көтеріп, қарадомалақтар көбейіп келеді. Облыс орталығынан 700 шақырымдай қашықтағы елдімекенде көшелерге тастөсем төселіп, ағаш егілген. Көше бойындағы гүлзарлар да ұқыптылықтың белгісіндей. Байланыс мінсіз, әр үйге ауыз су тартылған. Тұрғындар интернетті еш кедергісіз тұтынады.

Бүгінде Көлқамысты аудан орталығымен жалғау үшін көтерме жолдың құрылысы басталған. Биыл оның он шақырымы салынып бітті, келесі жылы толығымен аяқталады. Оған бюджеттен 1 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінген.

Бетті дайындаған Маржан Алпыс, суреттерді түсірген автор