Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Той тарқаған жоқ…

ЮНЕСКО деңгейінде тойланып жатқан Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы жыл басында бастау алып, содан бері көптеген іс-шаралар ұйымдастырылды. Сондай мәнге, мағынаға бай іс-шаралардың бірі осы күзде Торғайда өтті. Сол мерейлі тойда, алқалы басқосуда айтылған деректер мен ел тағдырына қатысты пікірлерді жинақтап беріп отырмыз.

Ахаң тойына ҚР Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев арнайы барып қатысқан еді. Ол әдеби музей алдында сөйлеген сөзінде:

«Аудан орталығындағы музей алдындағы ескерткіштің Ахаң мен Жахаңа арналуында үлкен символикалық мән бар. Себебі, екі арыс та ұлтты ояту жолында қызмет етті. Міржақып Дулатұлы «Оян, қазақ!» деп халқының санасына сілкініс әкелгені де баршамызға белгілі. Олар тәуелсіздікті аңсады. Қазақты азат ел етуге ұмтылды. Ахаң мен Алаштың бірге аталуы заңдылық. Сондықтан бұл ескерткішті барша Алаш арыстарының рухына тағзым, соларға көрсетілген құрмет деп қабылдауымыз керек. Торғай – Алаш рухын тербеткен елдіктің еңселі ордасы. Сондықтан, бұл өңірдің қадір-қасиеті ерекше. Біз мұны әрдайым есте сақтап жүреміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Айта кету керек, Ұлт ұстазы­ның мерейтойы аясында Ахаң мен Жахаң музейін күрделі жөндеуге 170 млн теңге жұмсалған. Яғни, іші-сырты түгел жаңарды. Реэкспозиция жұмыстары жүргізілді. Торғай мұражайлар кешенінің директоры Гүлбану Сәрсекенің айтуынша, музей соңғы кезде Ахмет Байтұрсынұлы тұтынған заттармен толыға түскен. Қос алыптың ескерткіші де бұрынғысына қарағанда өте биік әрі шынайы жасалған. Қалайда елдің көңілінен шыққан туынды екендігі даусыз. Авторы – белгілі мүсінші Жеңіс Жұбанқосов.

«Бұл жерде Ахаң мен Жахаңның ескерткіші бұрын да болған. Ескерткішті жасау туралы ұсыныс түскенде біз оны қалай жасау туралы көп ойландық. Ақыры қос алыптың елдің болашақ қамын ойлап, кеңес құрып тұрған сәтін бейнелеуге тырыстық. Тек, тұғырын өзгерткен жоқпыз. О баста мұны Алматыда бастағанбыз. Одан Ақтөбеге әкеліп көлікке тиеп, Ырғыз арқылы Торғайға жеткіздік. Жол қиындығын көрдік. Бірақ, арты қайырлы болды. Міне, сол еңбегіміздің жемісін көріп, марқайып тұрмын. Ескерткішті үш айдың ішінде жасадық. Жалпы, биіктігі тұғырымен қосып есептегенде бес метрдей болады. Қоладан құйылды. Тұғыры гранит. Негізі, бұл кісілер қазақтың эстет адамдары ғой. Сондықтан, бұл туындымызда олардың ішкі дүниесін ашуға тырыстық», – дейді мүсінші.

Нұрхан Ахметбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде өткен «Ұлтына ғұмырын арнаған ұлы тұлға» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияда бірталай келелі ойлар, қайраткер тұлғаның сан қыры айтылды. Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Ұлт ұстазының мұраларына жан-жақты шолу жасады. Сондай-ақ, ол, мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың ел дамуының жаңа тарихи кезеңінде өңірлерді өркендету мәселесіне баса мән беріп отырғанын, осы бағытта тиісті органдарға нақты тапсырмалар бергенін тілге тиек етті. Міндет – соны бұлжытпай орындау. Ол өз сөзінде: «Мемлекет басшысы жаңа және Әділетті Қазақстан құру бағдарын айқындап берді. Қазіргі таңда осы бағытта ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Елімізде кешенді саяси, экономикалық және әлеуметтік өзгерістер іске асырылуда. Ең басты міндет – тәуелсіздігімізді нығайтып, халқымыздың әл-ауқатын жақсарту. Ол үшін тұтас елімізді, сондай-ақ әр өңірді өркендетудің маңызы зор. Президентіміздің жаңа бастамалары қазақ үшін қастерлі мекен саналатын Торғайдың дамуына тың серпін береді деп сенеміз», – деді.

Ал облыс әкімі Архимед Мұхамбетов жыл басынан бері өңірде Ахаң мерейтойына қатысты ауқымды шаралардың өткенін айтты.

«Биыл Ахмет атамыздың кіндік қана тамған Сарытүбекте жаңа музей үйі салынып, кесене тұрғызылды. Бұл нысандар киелі топыраққа тағзым етуге келген қонақтарға тарихтан сыр шертіп, халқымыздың тұрмыс-тіршілігімен, салт-дәстүрлерімен таныстырады. Торғайда Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының жаңа ескерткіші орнатылды. Музей жөнделіп, экспозициясы толығымен жаңартылды. Алдағы уақытта бұлардың барлығы Torgai Tour туристік бағытына енгізілмек. Бұдан басқа, өңірде бірқатар экономикалық жобалар жүзеге асса, бұл жақта 4,4 мың жұмыс орнын ашылады деп жоспарланды. Оның үстіне жыл сайын қазынаға салық аударымдары түрінде шамамен елу млрд теңге түсіп отырады. Астықты өңірге қомақты инвестиция тарту үшін біз «Қостанай облысының оңтүстік өңірлерінің инвестициялық картасы» интернет-порталын әзірлеп жатырмыз. Ол әлеуетті бизнес субъектісіне өңірлердің экономикасымен, жер учаскелері, инфрақұрылымы және осы өңірлерде дамытуға болатын басым салалар бойынша ақпаратқа қолжетімділікпен танысуға мүмкіндік береді. Сайтты жыл соңына дейін іске қосамыз. Ал келесі жылдың бірінші тоқсанында интернет-ресурсты деректермен толтыру жұмыстарын жүргіземіз», – деді облыс әкімі.

А. Мұхамбетовтің айтуынша, өңірде «250+» бағдарламасы және байланыс операторларының лицензиялық міндеттемелері шеңберінде оңтүстік аудандардың халқын мобильді байланыспен және ғаламтор желісіне қолжетімділікті қамтамасыз ету бойынша үлкен жұмыс жүргізіліп жатыр. Бүгінде Арқалық пен Аманкелді, Жанкелдин аудандарына қарасты 70 елді мекеннің 64-і мобильді интернетке қосылған.

«Қалған ауылдардың халқының саны аз және күрделі рельефті жерлерде орналасқан. Бұларға да келешекте интернет желісі тартылмақ. 2022 жылы жиырма ауылда желіні 4G стандартына дейін жақсарту жоспарланған, бүгінде он бір ауылда жұмыстар аяқталды. Жыл соңына дейін тоғыз елді мекенде интернет байланысы жақсарады», – деді облыс басшысы.

Ғылыми-практикалық конференцияға елімізге белгілі мемлекет, қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, ғалымдар қатысты. Жиында филология ғылымдарының докторы, тұңғыш ахметтанушы Ғарифолла Әнес, жазушы Қойшығара Салғара, белгілі ақын Серікбай Оспанұлы, басқа да адамдар сөз алып, Ахмет мұрасы жайында келелі пікірлер айтты. Ғарифолла Әнес соңғы жылдардағы ғылыми ізденістер нәтижесінде алаштануға, ахметтануға қатысты тың деректер табылғанын айтты.

«Осыдан екі жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау туралы» Жарлығы шықты. Сол бойынша комиссия құрылып, жұмыс істеп жатырмыз. Қаншама жаңалық ашылып жатыр. Осының бәрі халыққа жетсе екен дейміз. Мәселен, біз әу баста Ахмет Байтұрсынұлына қатысты архив құжаттарынан бір томдық жинақ әзірледік. Кейін ол үш том болды. Жуырда ғана Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жабық қорынан Ахмет Байтұрсынұлы туралы үш том құжат, деректер шықты. Қазір бұл құжаттарды мұқият қарап жатырмыз. Алаш қайраткерлері туралы әлі талай айтылады. Жұрттың бәрі Әлихандар, Ахмет пен Міржақып бастаған қайраткерлер 1937–1938 жылдары сталиндік қанды қасаптың құрбаны болды деп ойлайды. Бірақ, шын мәніндегі үлкен террор 1925 жылы Қазақстанға Голощекин басшы болып келгесін басталды. 1929 жылдан кейін бірде-бір Алаш қайраткерінің не аты, не мақаласы, не кітабы шыққан жоқ. Ахаң бастаған Алаш ардақтылары тек 1988 жылы ақталды. Сонда алпыс жыл бойы үнсіздік болды. Алпыс жыл бойы олардың аттары аталған жоқ», – деді ғалым.

Жалпы, конференцияда ұлт ұстазы туралы құнды пікірлер айтылып, ахметтануға қатысты мәселелер сөз болды. Түйіні мынау: қазақта тұлға көп болғанмен, Ахмет жалғыз!

Ғылыми-танымдық жиынның соңы салтанатты рәсімге ұласып, ахметтану саласына сүбелі үлес қосқан ғалымдар, зиялы қауым өкілдері Ахмет Байтұрсынұлы медалімен, «Тіл жанашыры» сыйлығымен және «Жанкелдин ауданының құрметті азаматы» атағымен марапатталды. Облыс әкімдігі тағайындаған дәстүрлі «Тіл жанашыры» сыйлығы Ахаң мұрасын зерттеген қостанайлық ғалымдарға берілді. Олардың арасында белгілі ақын, ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Серікбай Оспанұлына А. Байтұрсынұлының өмірі мен қызметін зерттеген еңбегі және рухани мұрасын насихаттағаны үшін 1 миллион теңге табысталды. Оның «Ұлт ұстазы» кітабы Түркісой халықаралық ұйымының қолдауымен Түркиядан басылып шыққан еді. Тарих ғылымдарының докторы Дмитрий Легкийдің Ахмет өмірінің белгісіз қырларын зерделеуге арналған монографиясы үшін бес жүз мың теңге ақшалай сыйлық тапсырылды.

Сондай-ақ, филология ғылымдарының докторы Алмасбек Әбсадықтың Алаш ардақтысының ұстаздық қызметіне арналған монографиясы атаусыз қалмады. Ол да бес жүз мың теңгемен марапатталды. Ал ауданның дамуына еңбек еткен ел азаматтарына «Жанкелдин ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.

Заңғар САНАЙ, Аслан ҚАНҒОЖИН, «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» ҚБ Қостанай облыстық филиалы, суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.