Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Дамудың жаңа деңгейі

24 ноября 2022 12:30 • 533 просмотров

Қостанайдың іргесіндегі алып өндірістік аумақта орналасқан «МТЗ-Қазақстан» серіктестігі бұған дейін Минск зауытынан әкелінген қосалқы бөлшектерден дайын «Беларусь» тракторларын құрастырумен ғана шектеліп келген. Таяуда осы тракторға арналған кабиналарды кәсіпорынның өзі жасап шығара бастады.

2018 жылы іске қосылған кәсіпорында алғашқы жылы желіден 150 трактор құрастырылып шығарылса, биыл оның саны 1 200-ге жетіп жығылады. Алдағы меже – сырттан тасымалданатын бірқатар бөлшектерді осы кәсіпорында дайындау. Бүгінде зауыт жанынан жеке цех салынды. Бұл цехта кабина әйнегі, радиаторлар, капот және трактор кабинасының ішкі-сыртқы қаптамасы мен түрлі қондырғы бөлшектер жасалатын болады.

— Дәл осы күндері өндіріске қажет құрылғыларды орнатып жатырмыз. Жаңа цех іске қосылса, жылына 10 мың кабина жасап шығара аламыз. Кабиналар толықтай осы жерде жасалады. Өзіміздің теміригіш, дәнекерлеу, бояу құрылғыларымыз болады. Тек металды ғана сатып аламыз да, оны кесіп, пішіп, иіп, дәнекерлеп, бояп, нөлден бастап дайын кабина құрастырып шығарамыз. Қазірше, біздің тракторларымыз ішкі нарықта ғана саудаланып жатыр. Ал біз жоспарлап отырған жаңа өндіріс орны ең соңғы үлгідегі «Беларусь» тракторларын экспортқа шығаруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Минск трактор зауытының өзін кабинамен қамтамасыз ету жоспарда бар, – дейді зауыт директорының орынбасары Валентин Дашкевич.

Қазір Қостанай трактор зауытындағы өндірістің жергілікті үлесі осы маңайдағы кәсіпорындардан сатып алынатын ұсақ-түйек материалдар мен қол еңбегін қосқанда шамамен 20 пайыздай ғана болады. Ал өзі көздеген межеде кабина жасауға көшкен жағдайда, кәсіпорындағы жергілікті өндірістің үлесі 40 пайызға жуықтайды.

Зауытта қазір 75 адам еңбек етеді. Мұндағы жұмысшылар Минск трактор зауытына барып, бір-екі жыл сол жақта жұмыс істеп, біліктілігін арттырып, шеберлігін ұштап отырады. Оның сыртында, кәсіпорында еңбек адамына қажет жағдайдың бәрі қарастырылған. Мысалы, ұзақ жыл ауылда механизатор болып еңбек еткен Боранбай Шәйкен қалаға көшіп келген соң, еңбек жағдайы қолайсыз болғандықтан бір жерге тұрақтап жұмыс істей алмаған. Трактор зауыты ашыла салысымен осында орналасқан Боранбай төрт жылдан бері тапжылмай бір орында жұмыс істеп келеді.

— Бұған дейін «Тазалық» серіктестігінде трактор жүргіздім. Одан соң құрылыста да жұмыс істедім. Осы зауытқа кіргенше, бірталай жұмыстың басын шалдық қой. Нағыз тұрақтаған жерім – осы зауыт. Жұмысым жаныма жақын. Жалақым да тұрақты, уақытында беріледі. Бес күнгі жұмыстан кейін екі күнгі демалысымыз бар. Жылы, жайлы жерде еңбек етеміз. Құрал-сайманың сай. Білмегеніңді оқытып, үйретіп отырады, – дейді Б. Шәйкен.

Кәсіпорын болашақта керек кадрларды даярлау қамында техникалық мамандарды оқытатын Қостанай автожол колледжімен де тығыз байланыс орнатқан. Биыл зауыт басшыларының ұсынысымен аталған колледжде трактор жасау саласына қатысты бірнеше мамандық ашылған. Мұнда оқып жатқан студенттер екі жылдан кейін трактор зауытына келіп, слесарь, станок басқарушы болып жұмысқа кіріседі.

«Беларусь» тракторы кабиналарын жасау цехы іске қосылған соң, зауыт тағы 100 адамды жұмысқа алмақ.