Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов Қостанай қаласы Абай даңғылы, 111-үй мекенжайында орналасқан № 6 емхананың ашылуына дайындығын тексерді. Бұл туралы өңір басшысының баспасөз қызметі хабарлады.
Медициналық қызмет көрсету, денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру мемлекеттік саясаттың басым бағыты. Аталған емхана медициналық көмек көрсету стандартына сай жабдықталған. Мекеме МРТ және КТ аппараттары сияқты жоғары сапа стандартына сай құралдармен жабдықталмақ. Бұл емханада цифрландырудың барлық элементтері енгізілген.
Жобаға 4,0 млрд теңге шамасында инвестициялық қаржы құйылған. Емхана бір ауысымда 450 адамды қабылдауға қауқарлы. Бұл қаладағы емханалардың жұмыс жүктемесін айтарлықтай жеңілдетіп, медициналық көмек көрсетудің сапасын арттыруы тиіс.
«Жемчужина – Стомед» медицина орталығы соңғы бес жылда облыстың денсаулық сақтау саласына 8,8 млрд.теңге салған. Сондай-ақ, осы кезеңде 1 мыңға жуық жұмыс орны құрылды.
Аталған емхана пациенттерді 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап қабылдайды.
Жалпы, қазіргі таңда Қостанай қаласында қала тұрғындарына медициналық көмек көрсететін 4 мемлекеттік және 3 жекеменшік емхана жұмыс істейді.