Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Дәстүрді дәріптеген дарабоз

15 января 2023 10:00 • 567 просмотров

Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрында «Аманат» партиясының «Ерулік» жобасы аясында дәстүрлі әнші, термеші Қыдырбек Қиысханның шығармашылық кеші өтті. Аталған жоба ата жұртқа әр жылдары қоныс аударып, түрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген қандастарға қолдау көрсетуді, олардың өнері мен шығармашылығын дәріптеуді көздейді.

Қыдырбек Қиысхан Моңғолияның Бай-Өлке аймағында дүниеге келген. 1991 жылы ата-анасына ілесіп Қамысты ауданының Қарабатыр ауылына көшіп келген шынашақтай бала бүгінде – өңірге белгілі өнерпаз. Мектеп қабырғасында жүріп облыстық «Жас тұлпар» оқушылар айтысының 3 дүркін жеңімпазы атанды, халықаралық «Мен қазақпын» мегажобасының облыстық іріктеу сайысында дара шығып, Нұржан Наушабайұлының тарих тасасында қалып, ұмытылып бара жатқан «Көкен-ай» әнін тұңғыш рет көгілдір экран арқылы республика жұртшылығына танытты.

Шығармашылық кеш барысында өнерпаз Арқаның дәстүрлі әндері мен «Жорғатай» сынды сазында салқар сағыныш жатқан Алтайдың әндерін шырқады.

Қыдырбек – Тобыл-Торғай өңірінде қобызбен жыр орындап жүрген жалғыз өнерпаз. Кеш қонақтары әншінің орындауында Тәтіқара жыраудың толғауларын тұңғыш рет тыңдады. Көпшілік көрермен алдында өнер көрсеткен «Ақжелең» фольклорлық-этнографиялық ансамблі, облыстық филармонияның әншілері мен театр әртістері де шығармашылық кештің мазмұнды өтуіне атсалысты.

Кеш соңында өңір зиялылары мен мәдениет саласының басшысы өнерпазға жылы лебіздерін білдірді.

— Осыдан отыз жыл бұрын атамекенге оралып, елмен етене араласып, осы Тобыл өңірінің бел баласы болып кеткен Қыдырбектей азаматымызды сіздер бүгін тағы да сан қырынан танып, өнеріне тәнті болдыңыздар. Әлі талай қаптың түбінде жатқан халық қазынасын жарыққа шығарып, көпшілікке жарқыратып көрсететініне кәміл сенеміз. Мысалы, осы өңірде кіндік қаны тамған, сөзі түгілі, өзін ұмытылып бара жатқан Тәтіқара жыраудың толғауларын заманға икемдеп, дәріптеп жүр. Сондай-ақ Ыбырай атамыздың замандасы, қазақтың тақ-тақ ақыны Нұржан Наушабайұлының да назымдары мен әндерін орындап, насихаттап жүр, – деді облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов.