Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Әсия әлемі

9 марта 2023 16:00 • 608 просмотров

Қазақтың табиғи болмысы мен мәдениетін айқындайтын ұлттың төлқұжаты іспеттес бекзат өнердің бірі – айтыс.

ХХ ғасырда ұмытылып, ұлт жадынан өшіп бара жатқан халықтық өнерге заман сәулесін түсіріп, жандандырып, қайта түлеткен санаулы тума талант дарындардың алдыңғы қатарында дүйім алаштың мақтанышына айналған айтыскер, халық ақыны Әсия Беркенова тұр.

Ноғайкөлден ұшқан аққу жыр

Әсия Әйіпқызы Әулиекөл өңіріндегі Ноғайкөл деп аталатын шағын ауылда дүниеге келді.

«Біз соғыстан кейінгі бесжылдықта дүниеге келген ұрпақпыз. Сондықтан әр үйдегі бала саны да шектеулі болды. Бір үйде бір ұл, бір қыздан. Үш-төрт баласы бар отбасылар өте аз болды. Ол кезде ауылда жесірлер, бір шаңырақты ұстап қалған абысын-ажындар көп еді. Оларға деген ағайынның қамқорлығы ерекше-тін. Жесірін жыраққа жібермей, маңайында ұстап, баласына қамқор бола білетін. Мен сол тіршілікті көріп өстім. Бүгінде бұлдыр балалық шағымның сағым мұнарлаған бір қиянында қалған сол бір орта менің болмыс-мінезімнің, бар болса, адамгершілігімнің қалыптасуына үлкен ықпал етті», – дейді халық ақыны.

Әсия Әйіпқызы нағашы атасы мен әжесінің қамқорлығын көп көріп өсті. Атасы ағаштан түйін түйген шебер, әжесі науқас ұшықтап, құрт шақырып тіс емдейтін шипагер кісілер екен. Ақынның туған ауылы мен ата-әжесі, өскен ортасы жайлы естелігі сағыныш лүпілдеген көңіл тебіренісіне толы:

«Әжем он төрт құрсақ көтеріп, содан жалғыз анам қалыпты. Мен де анамнан жалғызбын. Сондықтан мен бүкіл ауыл үлкендерінің мейіріміне бөленіп өстім. Менің мінезімнің еркіндігі, ойымдағыны бүкпесіз айта салатыным – туған ауылымның маған деген ыстық мейірімінің арқасы деп ойлаймын. Үлкен ақсақал аталарымыз, нағашы аталарымыз көбіне әулеттік тәрбиенің айнымас үлгісі сияқты болып көрінетін. Үлкендер соғым басында, тарауықта жиналған кездерде сол өздерінің алдындағы інілерінің, ұлдарының соятын соғымына дейін ақылдасып, мысалы, сен биыл мынау малыңды сойма, сенің мынауың бұзаулайтын сиыр болып тұр. Оны пәленшенің малына айырбастап, соны сой деп, тұрмыс қамын кеңесіп шешіп отыратын. Әжелеріміздің балаларға бүйрек үлестіруі, сыбаға беруі, сүр шығаруы деген сияқты жоралғыларды көріп-біліп, бойға сіңіріп өстік».

Әсия Әйіпқызының атасы домбырамен күй шертіп, ән салатын. Өз анасының да әдемі қоңыр даусы бар-тын. Қараша ауылдағы қуанышты жиын, той-томалақ домбыра, сырнайсыз өтпейтін. Ондайда ауыл әншілері «Елім-айдан» бастап зарлатып, неше түрлі халық әндерін құйқылжыта сайратып келіп, «Сәулем-аймен» аяқтайтын.

«Олардың салған әндерін біз де айтып жүрдік. Атам мені кішкентай кезімнен домбыраға баулыды. «Бұл әннің, кім біледі, аты – «Қалқа», «Қалқаны» қажыдым ғой айта-айта деген екі жол есімде қалыпты. Атам кешкі шай ішіліп, қазандағы ет піскенше «Арынғазы», «Қосалқа», «Келіншек» сияқты толып жатқан күйлерді тартып, ән айтып отыратын. «Батырлар жыры», «Қырық қыз» деген эпостарды кәдімгідей түн ауғанша тыңдайтынбыз. Ол кезде ауылда түнгі 12-ге дейін электр жарығы жанып тұрады. Атам маған сол жарық сөнгенше батырлар жырын оқытатын. Мені жүгіртіп, мәнерлеп, нақышына келтіріп өлең немесе қара сөз оқуға үйреткен мекептегі мұғалімдерден емес, үйдегі ата-әжем еді.

Ол кісілер өздері ұнатқан жыр үзінділерін оқытып, оны түзетіп, дауыс ырғағына келтіртіп қайта оқытып отырушы еді». Осылайша кішкентай Әсияның бойында кітапқа деген бір ұлы сүйіспеншілік пайда болды. Ақын атасы мен әжесінен үйренген қазақ эпостары мен лирикалық жырларын, ескі қисса-дастандарын күні бүгінге дейін жатқа оқиды. Ақын әңгіме қызуымен «Қырық қыз» дастанын:

«Бұрынғы өткен заманда,

Дін мұсылман аманда,

Қарақалпақ елінде,

Түркістанның жерінде

Аллаяр атты бай бопты,

Төрт құбыласы сай бопты,

Айқасса жауын алғандай,

Алты ұлы оның бар бопты.

Алты ұлына қарындас,

Тал шыбықтай өрім жас» – деп мүдірмей жөңкілте жөнелгенде, Сарбиназ, Гүләйім бастаған шығыстың 40 сұлуы тіріліп келіп, сізді айнала сызылта билеп, есіңнен айырып, бұл дүниенің күйкі тіршілігін біржола ұмытқызып, ақырын ғана көтеріп алып, алтын кілемге отырғызып, қауырсындай қалықтатып ғажайып аңыз әлеміне алып кеткендей күй кешесіз. Ақын әңгіме ауанын басқа арнаға бұрғанда ғана, селт етіп қайта ес жиып аласыз.

Жә, сонымен тұлымы желбіреген кішкентай ғана Әсия атасынан ең алғаш «Елім-ай», «Жан жарым» сияқты халық әндерін үйренді. Қаршадай құлыншағының жанарындағы отты байқаған анасы кейін сырнай сатып алып береді. Домбырада еркін ойнайтын алғыр қыз бұл аспапты да тез меңгеріп алды. Әсия кешқұрым үлкендер өрістен қайтқан малды қарсы алып, қой маңырап, қозы жамырап, сиыр сауылып, шай қойылып жатқанда есік алдына шығып сырнаймен ән айтып отыратын.

«Біздің үй шет жақта болды да, бір түрлі қысылмай-қымтырылмай өзіңнің тірлігіңді жасай беретінсің, – деп еске алады Әсия Әйіпқызы бұл шақты. – Көрші Зоя апай даусымды естіп радиодан ән айтып жатыр екен деп, үйіне барып радионы олай бір, былай бір бұрайды. Бірақ жаңа ғана тыңдаған ән естілмейді. Содан Сәпия деген көрші әжеміз болды, сол кісіге барып: «Сәпия, сенің радиоң емес пе, жаңа ғана сырнаймен керемет бір ән айтылып жатыр еді», – дейді. Сәпия әже: «Ол Әсия деген радио ғой», – деп күлетін көрінеді». Осылайша, Әсия ауылда әнші қыз атанып кетеді.

Бастауыш сыныпты бітірген соң, Әсия Әйіпқызы Әулиекөлдегі Шоқан Уәлиханов мектебінде оқуын жалғастырады. Талантты қыз мұнда ұстазы Сағындық Досмағамбетовтен тәлім алды. Абай атындағы ҚазПИ-ді жаңа бітіріп келген Сағындық ағай домбырашылар ансамблін құрып, драма үйірмесін ашқан. Әсия осы мектептің үлгілі өнерпазы болды. Оның алғашқы ұстазы – Рафаэль Эдуардович Барт дейтін музыка пәнінің мұғалімі еді. Әсияда қуатты сопрано даусы бар екенін аңғарған білікті ұстаз жетінші сынып оқып жүрген шәкіртіне пианиноның сүйемелдеуімен «Қазақ вальсін» үйретеді. Ал екінші бір аяулы ұстазы – қазақ тілінен сабақ беретін Жұмағали Дәненов ағайы сөз саптап, өлең құраудың әліппесін үйретті. Кейін мектепке Сағындық Досмағамбетов ұстазының жұбайы Ақиіс Төлешқалиева апайы келді. Сағындық ағайы жаңа үйленіп алып келген беті. Ақиіс десе, Ақиіс. Өзі ажарлы, мінезге бай, қазақ қызы, қазақ әйелі, қазақ келіні қандай деген адамға Ақиіс апайды мақтанышпен көрсететіндей кісі еді. Шәкір Әсия оқушының алды болды. Орыс тіліне де жүйрік еді. Орыс тілінен талай білім байқауларына қатысып, жүлделі оралып жүрсе де, бүйрегі іштей үнемі әдебиетке бұратын да тұратын. Қазақ тілі пәнінен шығарма жазған кезде, арасында кейбір ойларын өлеңмен өріп жіберетін. Ақиіс апай шәкіртінің бұл қасиетін үнемі қолдап-қолпаштап, қанаттандырып жүрді. Сөйте-сөйте, Әсия мектеп бітірер жылы шығарманы тұтастай өлеңмен жазып шықты.

Айтыстың Әсиясы

Кейін жоғарғы оқу орнын тәмамдаған Әсия Әйіпқызы Науырзым ауданына қарасты Өлеңді орта мектебінде ұзақ жыл ұстаздық етті. Шәкірттерге орыс тілі мен әдебиетінен сабақ берді. Мектептің тынымсыз жұмысы мен ауылдың қоңырқай тіршілігіне алданып, біраз жыл өлеңнен де қол үзіп қалған кездері болды. Оның жүрек түпкірінде қалғып жатқан ақындық өнердің қайта оянып, лаулап отқа айналуына 1980-ші жылы Алматыда өткен республикалық аламан айтыс түрткі болды.

«Ол кезде теледидар да дұрыс көрсетпейді. Алматыда өткен айтысты әйтеуір баспасөз бетінен оқыдық. Содан біздің үйдің отағасы «Сен осы айтысқа неге қатыспайсың. Мынау сенің қолың ғой. Отырған жерде бірден суырып салып, еркін өлең шығара бересің» – деді. Ол кезде мектепте оқу ісінің меңгерушісі болып жүрген кезім. Бірде Аудандық оқу бөліміне есеп тапсыру үшін барғанымда, сол кездегі мәдениет бөлімінің басшысы Есетай Қалқаев деген азаматты кездестірдім. Бірден: «Есетай, біз неге осы айтыс өткізбейміз. Басқа жерлерде айтыс өтіп жатыр ғой, біз де ұйымдастырайық» – деп ем, ол күлді. – Кім айтысады, айтысатын адам қайда? – деді. – Біреуіне мен айтысайын, – деп ем, – Сен орыс тілінің мұғалімісің ғой, қалай айтысасың? – деп тағы күлді. – Сенің онда жұмысың болмасын, мен айтысам. Бізде Әбілқасым Тәңірбергенов деген кісі бар – қазақ тілінің мұғалімі. Ол да өлең шығарады. Аңсаған Төрин бар. Ол да өлең шығаратын кісі. Мінеки, үш айтыскер бір ауылдан шығып тұрмыз. Бас ақынға Ғаппас Тұралин ағамыз бар, – деп ем. Ә-ә! Мынау ойланарлық нәрсе екен деп, кәдімгідей тосылып қалды», – деп еске алады Әсия Әйіпқызы айтыс сапарының бастау кезеңі жайында.

Алматыда өткен әлгі республикалық айтыстан кейін жер-жерде айтысқа деген үлкен бір құлшыныс, серпін пайда болды. Жолбарыс Баязит, Ғұмар Ахметшин, Ақылбек Шаяхмет сынды белгілі қалмгерлер бастап, сол кезде аудан-аудандарда айтыс өткізе бастады. Кезек науырзым ауданына да жетеді. Ол айтысқа Әсия Әйіпқызы да қатысып, Қасымхан Алдабергеновпен сөз қағыстырады. Одан кейін облыстық айтыстарға қатысып, соның бәрінде де жеңімпаз атанды. 1984 жылы Кенен Әзірбаевтың 100 жылдығына арналған республикалық айтысқа барды. Алматы төрінде алмастай жарқыраған алдаспан тілді ақынның есімі осы айтыстан соң дүйім қазақ еліне танылды. Айтыс өнеріндегі Әсия дәуірі осылай басталған еді. Әсия Беркенованың айтыс әлеміндегі биігі мен ақындық тұлғасы жайындағы ойымызды белгілі ақын, Жолбарыс қажы Баязидтің:

«Әсияның шыққан биігі, алған асулары, айтыс өнерінде талай жұртты тамсантып, таң қалдырғаны менің әлі күнге көңіл көкірегімде, көз алдымда. Әсия айтыс тарихын ежіктеп, том-том кітаптарды ақтарып, оқып-үйреніп, бұрын-соңды өткен ақын-жыраулардан сусындаған ақын деп айта алмаймын. Әсияның өзі ұстаз. Қазақ мектебінде орыс тілінен сабақ берді. Жоғары дәрежелі білімі бар. Алғаш айтысқа қосылғанның өзінде-ақ табиғи талант иесі, айтыс өнерінің бір бел баласы, соның бесігінен шыққан перзентіндей болып танылды. Содан бері өзінің айқын үнінен, өзінің биігінен, дәстүрлі жыр мақамынан, ақындық-азаматтық тұлғасынан айныған емес. Міне, мен осыған қуанамын», – деген пікірімен түйіндесек құп.

Ұстаз тағылымы

Әсия Әйіпқызы 2000-шы жылы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университеті жанынан «Өнер студиясын» ашты. Орталық бүгінде жастар шығармашылығын шыңдайтын нағыз өнер мектебіне айналған. Студияда талапкер ақындармен қатар, өнерлі жастар тәлім алады. Мұнда «Бәдрисапа» би тобы, вокал сыныбы, домбырашылар ансамблі жұмыс істейді. Бүгінде есімдері республикаға танымал талай талантты жастар осы «Өнер студиясынан» түлеп ұшты. Олар түрлі салада қызмет етіп жүргенімен, ақындық, әншілік өнерден қол үзген жоқ. Бүгінде студияда 200-ге жуық студент тәлім алады. Әсия мектебінен қанаттанған өнерпаздың бірі – елге ақындығымен қоса, әнші-сазгерлігімен танымал Марғұлан Оспанов. Мектеп қабырғасында жүріп облыстық айтыстарға қатысып, өнерімен ерекшеленген Марғұланға халық ақыны «Сары домалақ» деп ат қойыпты. Кейін білім қуып Қостанайға келген Сары домалақ Әсия апайының мектебінде шыңдалды. Бүгінде біраз туындысы үлкен сахналарда орындалып жүрген сазгер ұстазының бірнеше өлеңіне ән жазған. Осылайша, ұстаз бен шәкірт арасындағы тәрбиелік тәлім шығармашылық әріптестікке ұласты.

«Әсия апамыздың «Қайдасың балалық» деген бір өлеңі бар еді, содан кейін «Жеңгелерім» деген өлеңі бар. Әнге сұранып тұрған өлең екен – деп, сол өлеңдерге өзім ғашық болып, апайдан әдейі сұрап алдым. Соған ән жаздым. Осы «Өнер» студиясының түлегі, бүгінде белгілі журналист Дархан Әбдуахиттің жары Дина орындап жүр», – дейді Марғұлан бұл жайында.

Жоғалған сақина

Қазақ әйелдерінің ішінен дара шығып, алты алаштың сүйіспеншілігіне бөленген, ел мақтанышына айналған қостанайлық қос қарлығаш – Кәмшат Дөненбаева мен Әсия Беркенова. Бірі – ер-азаматтармен қатар темір тұлпар тізгіндеп, дәннен тау тұрғызып, еңбек ері атанса, екіншісі – сөз майданына топ жарып, елдік пен ерлікті жырға қосты. Нардың жүгін, ардың туын көтерген қазақтың аяулы 2 қызы қарапайым өмірде де бірін-бірі аса қадір тұтып, құрметтеп өтті. Кәмшат апасымен болған соңғы кездесу Әсия Әйіпқызының күні бүгінге дейін көз алдында тұр.

«Бірде қолындағы бір сақинасын алып, болмай менің қолыма салды. Мектеп бітіргенімізге 50 жыл толған кездесуге бардым. Кәмшат апаның көзіндей тағып жүрейін деп сол сақинаны кеңдеу болса да тағып бардым. Бір ыңғайсыз жерде қолымнан сақина ұшып кетті. Таппай қалдық. Соны өзім жаман ырымға баладым. Түйсігім алдамапты. Көп кешікпей, апамнан көз жазып қалдық… Осы жерде ақынның даусы толқып барып, үні дірілдеп, әңгіме күрт үзілді. Үнсіздік. Әппақ бет қызарып барып, екі көзден булығып ірі-ірі, ып-ыстық жас моншақтады. Иә, әдетте дүниенің ағы мен қарасын да, қуаныш-наласын да ішіне бүгіп, ешқашан сыртқа сыр бермеген, бекзат мінез бір сәтке иіп кетіп, көз жасына ерік берді. Мұндайда не істеуге болады?! – Үнсіз іштей қосыла егіліп, ақынның бой жиып алар сәтін күтіп отырмын. – Нанасың ба? – Маған түйіле түсіп тіке қараған ақын көз жасын сүртпестен әңгімесін әрі сабақтады. – Кәмшат апа маған өмір бойы Сіз деп өтті. Мен қысылып, «Апа, маған сіз деп айтпаңызшы, мен қысылам, сіз деп айтпаңызшы», – деп қаншама айтсам да, Кәмшат апа: «Жоқ, сен Алланың сүйген құлысың. Тәңірдің таңбалаған перзентісің ғой, жаным Әсия! Сен көптің бірі емессің. Мен саған сен деп айта алмаймын», – дейтін».

Әсия Әйіпқызы әрі қарай сөйлей алмады. Ақын үшін соншалық аяулы жанға айналған Батыр апаны еске алу іштегі кермек сағынышты оятып, қаяулы көңілдің шемен-шерін қозғады.

Талай аламан айтыстарда топ жарған хас жүйрік Әсия Беркенованың қолына қалам алып, қара өлең жазатын сәттері де аз емес. Мұндайда ақынның сырт көзге аңғарыла бермейтін көңіл түпкіріндегі сәулелі сезімдер мен сүйініш-күйініші ақ қағазға нәзік те сұлу лирика болып төгіліп жатады. Ақынның жазба поэзиясы – өз алдына бөлек бір үлкен дүние. Сондықтан бұл сөзді алдағы уақыттың еншісіне қалдырған құп.

Нұрқанат Құлабаев