Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Жыл атаулары туралы аңыз

Жыл атауларының шығу тарихы жайлы ғылыми-көпшілік болжам көп. Аталған тақырып бойынша зерттеу жасаған жаратылыстану мамандары 12 жыл атауы тіпті ғұндар дәуірінде болған деген пайым айтады. Соған қарағанда, жыл атауларының тарихы тым тереңде жатқан сыңайлы.

Соңғы жылдары жыл атауларына ие хайуандардың бейнесі бәдізделген деректер табылып жатыр. Мысалы, мына бір ерте дәуірдің мұрасы металл тиынның жиегін жағалата жыл атауы жануарлардың мүсіні шекітіліпті. Бұл жәдігерге ұзақ жыл зерттеу жүргізген британ оқымыстысы һәм шығыстанушы, оның сыртында ерте дәуір һәм ортағасырлық нумизматика маманы Стенли Лейн Пул (1854–1931): «Бұл алтын ақша Шыңғыс қағанның заманында соғылған» деген пәтуа жасапты. Бір қызығы, тиын бетіндегі 12 жануардың бірі ерекше айшықталған. Зерттеуші оны ақша-тиын соғылған жылдың белгісі деген пайым жасапты.

Сол сияқты жыл атауы жануарлар бейнесі шекітілген тағы бір жәдігер 1957 жылы қазіргі Түркістан облысы Созақ ауданы жеріндегі Баба-ата қалашығының ескі жұртынан табылған екен. Бұйымды тауып алған археологиялық топтың басшысы Таисия Сенигова таза мыстан жасалған бұл затты «Түркі медалі» деп атапты. Жәдігер үш метр тереңдіктен табылған екен. Медальдың өң бетінде жыл атауы хайуандардың бейнесі салынған, ортасында шаршы тәріздес тесігі бар.

Табылған жәдігердің суретті бейнесін 1960 жылдары қазақ күнтізбесінің білгірі, жаратылыстанушы ғалым, өте құнды еңбек – «Қазақ календары» кітабының авторы Мыңбай Исқақов қалпына келтірген көрінеді. Ғалымның жазбасында: «Хайуандар қошқар мүйіз (спираль тәрізді) жолдың бойында біріне-бірі тіркесе орналасқан. Мұнда мешіннің суреті маймылға ұқсатылыпты. Соған қарағанда қазақтың мифтік ұғымындағы «маймыл адамнан азған» деген сөз еске түседі» депті.

Келесі тағы бір жыл атауы хайуандар бейнеленген жәдігерді кеңестік дерек жинаушы Л. Э. Коруновксия деген адам Кузнецк қала маңындағы ауыл тұрғыны ұлты телеуіт Серапион Шадаевтан 1927 жылы қалап алып, ғылыми айналымға енгізген екен. Бұл мұраны сақтаушылар оны «Йылын» деп атап және ерте ғасырдан бері ата-бабадан жалғасып келе жатқан дүние екенін айтыпты. Йылынның басты сипаты – дөңгелек шеңбер ішінде ай және күннің бейнесі салынып, сыртқы шеңберді жағалата 12 жыл атауына ие жануарлар орналастырылыпты.

Жыл атаулары мүсіні тақтайшаға ойып салынған нұсқаны кеңестік этнограф, музейтанушы-архиварис А. Г. Данилин (1896–1942) алтайлық тұрғындардың қолынан 1928 жылы сатып алып, Петербордағы Эрмитаж қорына өткізген екен. Төрт бұрыш тақтайшаның ішіндегі шеңберлі формада жыл атауы 12 хайуанның мүсіні жеке-жеке оймышталып, ішкі үш шеңбердің ортасына көне азиялық көшпенділер символы шексіздік оюы салыныпты.