Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында осы жылдың қаңтар-ақпан айларындағы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен республикалық бюджеттің атқарылуының қорытындылары қаралды.
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, есептік кезеңде Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 4,3%-ды құрады. Оның ішінде, нақты сектор 2,7%-ға, қызмет көрсету саласы 5%-ға өсті. Барлық негізгі салалар құрылыс, ақпарат және байланыс бойынша оң динамика байқалады, сондай-ақ сауда ең үлкен өсімді көрсетті. Негізгі капиталға инвестициялар ағыны 19,2%-ды құрайды.
Биылғы сыртқы сауда айналымы 15,7%-ға өсіп, 10,3 млрд АҚШ долларына жетті. Экспорт 0,4%-ға ұлғайып, 6,1 млрд долларды құрады, оның ішінде өңделген тауарлар экспорты – 21,5%-ға өсіп, яғни 2,1 млрд долларға жетті, тауарлар импорты 4,2 млрд доллар болды.
Ә. Қуантыровтың мәлімдеуінше өңдеу өнеркәсібінде оң өсу сақталып келеді. Өндіріс көлемі 2,5%-ға өскен. Оның өсуі 16 өңірде тіркеліпті. Соның ішінде Солтүстік Қазақстан, Ұлытау, Алматы облыстары және Алматы қаласы ең жоғарғы өсуді көрсетті.
Ә. Қуантыровтың баяндауынша, еліміздің шикізат секторы да даму үстінде. Мәселен тау-кен өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 0,5%-ға жоғарылады. Сала бойынша көмір өндіруді қоспағанда, барлық салалары бойынша өсім байқалған. Атап айтқанда, металл кендерін өндіру – 2,1%-ға, газ өндіру – 1,1%-ға, мұнай өндіру – 0,1%-ға, сондай-ақ өзге де пайдалы қазбаларды өндіру – 12,9%-ға өскен. Сондай-ақ тау-кен өнеркәсібінде қызмет көрсету – 6,5%-ға жоғарылаған.
Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың деректері бойынша мемлекеттік бюджетке шамамен 3,4 трлн теңге кіріс түсті (жоспар 107,6%-ға орындалды). Атап айтқанда, республикалық бюджетке – 2,5 трлн (жоспардың 100,5%-ы), жергілікті бюджеттерге – 882 млрд теңге кіріс кірді, барлық өңірлерде жоспар асыра орындалды. Сонымен қатар мемлекеттік бюджет шығыстары 95,8%-ға, республикалық шығыстар 96,5%-ға, жергілікті шығыстар 96,6%-ға орындалды.
Мәселені қорытындылаған Премьер-министр Әлихан Смайылов ел экономикасы жыл басынан бері орнықты өсім көрсетіп келе жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, нақты секторда оң және тұрақты динамика байқалады.
Мәселен, өңдеу өнеркәсібінде өндіріс 2,5%-ға, құрылыста – 13%-ға дерлік, ауыл шаруашылығында – 4%-ға, қызмет көрсету саласында – 5%-ға өскен. Оң тенденция машина жасауда – 31,5%, оның ішінде автомобиль өнеркәсібінде – 46,5%, локомотивтер мен вагондар өндірісінде – 34% өсумен сипатталды. Фармацевтикада өсім 17%-ға дерлік, химия өнеркәсібінде – 3,5%-ды, жеңіл өнеркәсіпте – 34%-ды құрады.
Бұл ретте, азық-түлік өнімдерін шығару 10%-ға, минералды өнімдер – 8%-ға, дайын металл бұйымдары – 12,5%-ға өсті. Мұнай өңдеу 5,5%-ға артқан. Сондай-ақ электр энергиясын өндіру саласында – 4,5% және металл кендерін өндіруде – 2,5% өсім байқалады.
Есепті кезеңде барлық негізгі макрокөрсеткіштер бойынша оң динамика Абай, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Павлодар облыстарында, Алматы және Шымкент қалаларында байқалады. Ең төменгі көрсеткіштер Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Ұлытау және Жетісу облыстарына тиесілі.
«Сыртқы және ішкі сын-қатерлерді ескере отырып, алдағы айларда экономиканың тұрақты өсу қарқынын ұстап тұру өте маңызды. Осыған байланысты министрлер өңір әкімдерімен бірлесіп, экономиканы одан әрі әртараптандыру мен тұрақты жұмыс орындарын құруға басымдық беруі қажет», деді Әлихан Смайылов.
Оның айтуынша, іскерлік белсенділікті арттырып, экономиканы сапалы дамуы үшін ішкі және сыртқы инвестицияларды тарту, жоспарланған инвестициялық жобалар пулын жүзеге асыру жұмысын күшейту қажет. Бұл әсіресе, шикізаттық емес салаларға қатысты.
Сонымен қатар өңірлердегі бизнес-бастамаларды қолдау мақсатында Алматы мен Шымкент қалаларының тәжірибесіне сүйене отырып, индустриалды аймақтар мен шағын өнеркәсіптік парктерді одан әрі дамытуды қамтамасыз ету талап етіледі.
«Бизнеспен тұрақты түрде диалог жүргізіп, олар көтерген барлық түйткілді мәселелерді шешу қажет. Нәтижелі жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету және халықтың нақты табысын арттыру негізгі басымдық» деп атап өтті Үкімет басшысы.
Сөзін қорытындылай келе, Үкімет басшысы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандырудың және бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің қаржылық тәртіпті күшейту жөніндегі жұмысын жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.
Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов Мемлекеттік жастар саясатының 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асырудағы негізгі басымдықтарды белгіледі.
Осы мәселе жөнінде баяндама жасаған Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі тұжырымдаманың негізгі бағыттарының бірі ауыл жастарын кәсіби тұрғыда дамыту, атап айтқанда, кәсіпкерлік және біліктілік беру арқылы олардың әлеуетін іске асыру екенін баяндады. Оның аясында 2029 жылға дейін миллионға жуық адамды жұмысқа орналастыру, сондай-ақ ауылдардағы жастарды цифрлық сауаттылықты арттыру курстарымен және әлеуметтік қызметтермен қамту жоспарлануда.
«Бүгінде жастардың 43,7%-ы ауылда тұрады. Тұжырымдамада ауыл жастарының кәсіби дамуына, сондай-ақ кәсіпкерлік арқылы олардың әлеуетін іске асыруға баса назар аударылады. Сонымен қатар, кәсіби бағдарлау жұмыстары жүргізіледі. Жоғарыда аталған шаралар аясында 2029 жылға дейін 1 миллион ауыл жастарын жұмыспен қамту, 1,5 миллион жастың цифрлық сауаттылығын арттыру, 3,8 миллион жасты ресурстық орталықтар арқылы әлеуметтік қызметтермен қамту көзделген», деді Дархан Қыдырәлі бұл жайында.
Сонымен қатар қалалардағы жұмыссыз жастармен (NEET санаты) жұмыс жалғасады. Олардың әлеуметтік жағдайы мен әл-ауқатына тұрақты негізде мониторинг жүргізілетін болады. Жастардың осы санаты үшін жоғары білімге қолжетімділікті кеңейту, кәсіптік бағдар беру, бизнес-бастамаларды қаржылық тұрғыда қолдау және басқа да шаралар арқылы нәтижелі жұмыспен қамту жоспарланып отыр.
Бұдан басқа биліктің өкілді органдары мен мемлекеттік қызметтегі жастардың үлесін ұлғайту, сондай-ақ оларды волонтерлік, қайырымдылық және экологиялық бастамаларға тарту үдерісі жалғасады. Сонымен қатар патриоттық тәрбие беру, саламатты өмір салтын насихаттау, Астана, Алматы және Шымкент қалаларында креативті кластерлерді дамыту, отбасын қолдау орталықтарының жұмысын жетілдіру, жастарға арналған мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және т. б. салаларда шараларды іске асыру жоспарланып отыр.
Мәселені қорытындылаған Премьер-министр еліміздің жас азаматтарын қолдау мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Осыған байланысты тұжырымдаманы қабылдау осы бағыттың дамуына жаңа серпін беруге тиіс.
«Ең алдымен, жастарды жұмысқа орналастырудың жүйелі тәсілі қажет. Тұжырымдамада 2,3 млн-ға жуық жасты жұмыспен қамту жоспарланған. Бұл өте маңызды мәселе, оны барынша тиімді жүзеге асыру керек», деді Әлихан Смайылов.
Бетті дайындаған Бақыт ТҰРАШ