Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Халық батыры ұлықталды

7 апреля 2023 16:03 • 827 просмотров

Биыл қазақ батыры Амангелді Имановтың туғанына 150 жыл толды.

1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс басшыларының бірі, патша әскеріне қарсы күрескен қайраткердің тұлғасы әлі зерттеліп жатыр. Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысының қолбасшысы Амангелді Имановтың туғанына 150 жыл толуына орай елордада «Батырдың биік тұлғасы: тарихы, зерттелуі, ақиқаты» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Астанадағы Ұлттық музейде халық батыры туралы көрме ашылып, ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Көрмеге Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында сақталған 400-ге жуық құжат пен жәдігер қойылды. Онда батыр әрі серінің өзі ұстаған домбырасы, қару-жарақтары, бас сардардың оң қолы Кейкібатырдың кебежесі сияқты құнды жәдігерлер бар. Сондай-ақ бұрын-соңды еш жерде жарық көрмеген бірнеше картинасы да қойылған. Ал ғалымдар батырдың биік тұлғасына қатысты зерттеулер мен ақиқатты талқыға салды.

Конференцияны ұйымдастырушылар «Қостанай облысы әкімдігінің Мәдениет басқармасы» ММ, Қостанай облысы әкімдігі Мәдениет басқармасының «Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейі» КММ, Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі.

Конференция жұмысына Парламент Сенатының депутаттары, Қостанай және Астана қалаларының мәдениет мекемелерінің басшылары, ғалымдар, ҚР жоғары оқу орындарының тарих факультеттерінің оқытушылары мен магистранттары, 1916 жылғы оқиғаларға қатысушылардың ұрпақтары, ҚР музей, архив қызметкерлері, өлкетанушылар, барлығы 100-ден астам зиялы қауым қатысты.

Көрменің ашылуында Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министрі Дәуешов Нұрғиса Мұратұлы, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің комитеті төрағасының орынбасары Әлиев Данияр Абзалиденұлы, Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты Әбіл Еркін Аманжолұлы, Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының депутаты Нұрмұхамбетов Ғауез Торсанұлы, Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ринат Зәкиұлы Мұхаметқалиев, Амангелді Имановтың немересі Амангелдиев Батырұлан Рамазанұлы сөз сөйледі.

Амангелді ауданының әкімі Талғат Карбозов А. Имановтың немересі Батырұлан Рамазанұлына шапан жапты. Пленарлық және секциялық отырыстарда Қазақстанның тарих ғылымының жаңа жетістіктері негізінде Амангелді Иманов тұлғасының тарихтағы рөлін зерттеудің теориялық-әдіснамалық негіздерімен байланысты өзекті мәселелер қозғалды. Көрме Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде 2023 жылғы 03 сәуірден 03 мамырға дейін жалғасатын болады.

— Кезінде орталық деңгейдегі суретшілерге тапсырыс беріп салдырған да бірақ жарыққа шықпаған. Музейдің есебінде қалған. Қазір мерейтой барысында шығарып көрсетіп отырмыз. Бірінші кезекте Амангелді Имановты көтерілістің бас сардары ретінде ғана емес, қайраткер тұлға ретінде қарастыруымыз керек. Себебі Амангелді Иманов ұлт-азаттық көтеріліске дейін 1905–07 жылдардағы көтерілісте алғашқы азаматтық ұстанымын танытқан азамат. Өз елінде мектеп ашқан, – дейді Қостанай облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов.

Пленарлық және секциялық отырыстарда Қазақстанның тарих ғылымының жаңа жетістіктері негізінде Амангелді Иманов тұлғасының тарихтағы рөлін зерттеудің теориялық-әдіснамалық негіздерімен байланысты өзекті мәселелер қозғалды. 1916 жылғы оқиғалардың шынайы көрінісін қалпына келтіруде архив материалдарын зерделеу бойынша жүргізілген зерттеулер тәжірибесімен жемісті алмасу болды. Конференция аясында Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінің және облыс музейлерінің қорынан «Халық батыры» көрмесінің салтанатты ашылуы өтті. Көрмеге тыл жұмыстарына шақыру туралы патша жарлығының жариялануына байланысты архив құжаттарының көшірмелері мен фотосуреттер, Амангелді Имановтың домбырасы, А. Имановтың туыстарының жеке заттары, сарбаздардың қару-жарақтары қойылған.

Сондай-ақ, Қазақстанның халық суретшісі Әбілхан Қастеевтің, бейнелеу өнерінің шеберлері Баки Урманче, Нағымбек Нұрмұхамедовтің кескіндеме туындылары, Қазақстанның халық суретшісі, мүсінші Хакімжан Наурызбаевтың және Украинаның халық суретшісі Ефим Белостоцкийдің мүсіндік туындылары қойылды. Көрме Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде 2023 жылғы 03 сәуірден 03 мамырға дейін жұмыс істейді.

Секция жұмысы аяқталғаннан кейін конференция жұмысы талқыланып, қорытындыланды, соның негізінде қарар жобасы қабылданды. Конференция қатысушыларына алғыс хаттар мен сертификаттар табысталды.

Бетті дайындаған Бақыт ТҰРАШ, суреттерді түсірген автор