Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Жаңа зауыт іске қосылды

Қостанайда «RealtyKST» ЖШС газоблок зауыты ашылды. Мемлекет басшысының халықты баспанамен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасына сәйкес, бұл зауыт тұрғын үй құрылысына қарқын беретіні анық. Осылайша, кәсіп көзі дамып, халыққа да шапағаты тимек.

Зауыттың жұмысын облыс әкімі Құмар Ақсақалов бағалады. Зауыт жылына 75 мың текше метр өнім шығарады. Жобаны іске асыруға 2 млрд теңге инвестиция салған. Осы қаражат 15 мың шаршы метр ғимаратты жаңартуға, өндірісті іске қосуға жұмсалған. Қиыршық құм, цемент, әк жергілікті жерден сатып алынады. Құрал-жабдықтардың барлығы Қытайдан әкелінген. Өндіріс орны 70-тен астам адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.

— 2021 жылы құрылыс-монтаждау жұмыстары басталды. Ғимаратты қалпына келтіріп, құрал-жабдықтарды орнатуды қолға алдық. Биыл қаңтар айында газ блоктарының алғашқы легін құйып көрдік. Осылайша, өнім көлемін арттырып келе жатырмыз. Енді, міне, толық қуатпен жұмысқа кірісіп кеттік. Қажет болса, аз ғана шығынмен өндіріс көлемін жылына 120 мың газблокқа арттыруға мүмкіндік бар, – деді QAZ BUILD автоклавты газблок өндіру зауытының бас директоры Дмитрий Швецов.

Облыс аумағындағы зауыттарда өндірілген кірпіш өңірдің құрылыс саласының 30, ал «RealtyKST» серіктестігінің өнімі 70 пайызын қамтуға қауқарлы.

— Жыл өткен сайын тұрғын үй құрылысы қарқын алып келеді. Былтыр аймақта 450 мың шаршы метр баспана берілді. Биыл оның көлемін 500 мың шаршы метрге арттыруды көздеп отырмыз. Ал құрылыс жұмыстарын тек бюджеттен қаржыландыру екі есе өсті. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, халықты тұрғын үймен қамту басты мәселенің бірі. Әсіресе, жастардың баспаналы болуы үшін бағдарламаға сәйкес үш есе арттырып отырмыз. Сол себепті, бүгінгідей өндіріс орындары тағы да салынып жатса, оны қолдауға әзірміз, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Өңір басшысы зауыттың ашылуына қатысқан құрылыс компанияларының жетекшілерін кез келген нәтижелі ұсыныстарымен келуге шақырды.Біздің аймағымызда кем дегенде 2,5 млн шаршы метр тұрғын үй салып, 150 мың адамды баспаналы ету жоспарда бар. Құмар Ақсақалов сондай-ақ, пәтердің әр шаршы метрі қымбат болмас үшін құрылыс материалдарын шығаратын жергілікті кәсіпорындарды қолдау басты жұмысымыз екенін атап өтті.