Қостанайдағы облыстық тарихи-өлкетану мұражайында «Ұлы дала әміршілері» атты ерекше көрме ашылды.
Музейдің бас ғимаратындағы үлкен залдан орын алған жүзге жуық көзайым жәдігердің бәрі ел астанасындағы Ұлттық музейден әкелінген.
Мыңжылдықтарға ұласып жатқан дала тарихының ерте кезеңдерінен сыр шертетін баға жетпес көне жәдігерлердің ішінде үш бірдей «Алтын адам» бар. Оның ішіндегі ең әйгілісі – өткен ғасырдағы алпысыншы жылдардың аяғында атақты археолог-ғалым Кемал Ақышев жетекшілік еткен қазба жұмыстары кезінде Есік қорғанынан табылған «Алтын адам».
Біздің дәуірге дейінгі ІV-ІІІ ғасырлардан жеткен сақ көсемінің әскери киімі барыс, бұлан, таутеке, арқар, сәйгүлік кейпіндегі 4 мыңға жуық алтын әшекеймен безендірілген. Құнды жәдігер Ұлы дала тарихының алтын өңдеу технологиясы мен зергерлік өнер дамыған көне кезеңдерден сыр шертіп тұрғандай.
Көрмеге қойылған екінші «Алтын адам» – 1999 жылы белгілі ғалым Зейнолла Самашев жетекшілік еткен археологиялық зерттеу жұмыстарының нәтижесінде Атырау өңіріндегі Аралтөбе обасынан табылған Сармат көсемі.
Тарихи-танымдық мәні зор экспозицияның үшінші бөлімі «Тақсай қазыналары» деп аталады.агн
«2012 жылы ғалым Мұрат Сыдықов бастаған археологиялық қазба жұмыстары кезінде «Тақсай» кешенінде жүргізілген қазба жұмыстары барысында ежелгі сармат кезеңіне жататын ақсүйек әйелдің жерленген орны табылған. Қабірде әйел адамның алтын әшекей бұйымдары, ерекше шошақ төбелі алтындаған баскиім қалдығы, соғыс көрінісі бейнеленген тарақ, өзге де заттар болған екен. Табылған алтын бұйымдардың салмағы 3 кг-ға жуық. Жалпы, Қазақстан аумағында бүгінге дейін сегіз алтын киімді адамның жерленген орны анықталып отыр», – дейді облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Батырхан Жұмабаев.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Ұлы дала әміршілері» көрмесі 21 сәуірге дейін жұмыс істейді.
Бетті дайындаған Бақыт ТҰРАШ, суреттерді түсірген автор