Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Тиыштық аға

Өткен ғасырдағы аға-буынның маңдай терін төге атқарған, еңбегі бүгінге аңыз болып жетеді.

Алыстағы ауыл-аймақтың шырайын шығарып, кеншарлардың шуақты күндерін көбейткен де қарапайым шопан, жүргізуші, бақташы еді. Сондай тағылымды тағдыр туралы хаттардың бірі редакциямызға келді. Көненің көзін көрген Железорудная стансасының тұрғыны Сабыржан Тайфиннің әңгімесін оқырман назарына ұсынуды жөн санадық. Өткеннен – өнеге, келешек ұрпаққа үлгі болсын деп.

Алдында әкем Сардарбек совхозда шопан болып жүрген кезінде, Көкалаттың айналасында жақын жердегі, жазда Сор жайлауы мен Қаратабан күзегінде, сосын қыста Ақтікенде болды. Ол кезде Бәтима әжемнің бар кезі еді. Әрі кетсе Қарақоға мен Күйгенкөңге дейін ғана ұзап сонда қыстайтын. Кейінгі жылдары ұзақтау жерге ақырындап көше бастадық. Бұрын соңды өзім көрмеген жерлер еді.

Жаз кезінде «Қарақоғадан» он шақырымдай алыс тұрған, «Қызылоба» бөлімшесінің ар жағында 25–30 шақырымдай жердегі «Көккөз тамына», сосын одан әрігірек «Байқадамның» қыстауының бергі жағындағы түбекте «Ораз» деген жерде қыстадық.

Сол кезде барып нөмірі үшінші ферма деп аталатын, «Қызылоба» бөлімшесінің басқарушысы, управ Кәрімұлы Тиыштық ағайды жақыннан тани бастадым. Оған дейін де бір жағынан Тиыштық ағам мен менің ең үлкен ағам Шойынбек – екеуі бажа. Мектепте 3–4 сынып оқитын кезім шығар, каникулдан Теміржан ағам екеуміз «Көкалаттан» шығып, қой бағатын жобамен жиырма бес шақырым «Ораздағы» әкеміздің қыстауына бара жатқан кезде, орта жолда кешкі көлікке мінуге «Қызылоба» бөлімшесіне кідіруге тура келетін.

Ол кезде бөлімшеде көлік даяр болғанша баратын үйіміз, управ Тиыштық ағайдың зәулім үйі.Балларының үлкені Ләззәт пен Гүлжанат – жоғарғы класта, ал Төкеш ол кезде бастауыш класта оқушы. Қалғандары майда балалар кішкентай ол кезде: Қанат, Лаура, Самал, Қайраты бар. Үйіндегі ең пысықтауы Гүлжанат сүйкімі бар, адамды жатырқамай жақын тартатын, қылықты қыз болып өсіп келе жатқан балғын кезі.

Жасөспірім Гүлжанаттың есейген кезінде, бұрынғыдан өзгеріп, салмақты бола бастаған шағында, қыз кезіндегі қылықты бейнесін іздеймін ғой, кейде таба алам ба? –деп, жүзінен. Әке шешемізбен Қызылобаға қой айдап қырқымға келсекте де, «Ақтікен» қыстауынан «Көккөз тамы» жайлауына көшіп бара жатсақта тоқтайтын да, қонатын да үйіміз осы Тиыштық ағайдың үйі болды.

Кешке қазанына қазысын салып, қартасын қайнатса да, Рахима апамның бір меске жұмыртқаны суға пісіріп, шай үстінде беретіні менің есімде қатты сақталып қалыпты.

Қыстау мен жайлауда тауық ұстамайды екенбіз. Балалық шақта маған жұмыртқаның таңсық астай көрінетіні содан шығар.

Мінезі де салмақты, ақжарқын да ақ көңіл Рахима апамның ауылда қайтыс болған шал-шауқандарға абысын ажындарымен қосылып, жоқтау айтып дауыс шығарғанда, өзі біразға дейін жылап тоқтай алмай қалады екен.

Қойсаңшы енді дегендерге:

— Өзімнің де атам есіме түсіп, тағы жылап отырған жоқпын ба? –дейтін көрінеді ақырын ғана, қайран жарықтық Рахима апамыз марқұм Кәрім ақсақалды есіне алып.

Қайран сол кездің келіндері-ай! Ата-енесін қатты сыйлаған. Осы Тиыштық ағамның жұбайы Рахима апам шамамен 1990 жылдары Қарағандыға қайнысы хируг-дәрігер, әрі доктор Абеуов Марат ағайға барып емделіп жүрді. Қатты ауырды сол кезде Рахима апамыз.

Қарағандыда емделіп, Арқалыққа келгенде Рахима апамды Шойынбек көкем мен Гүлнәр жеңгем үйде күтіп-баптап, жағдайын жасап жататын. Асқазаны қатты ауырған, ет пен майлы тамақ жеуге болмайды дейді. Дәрігердің рұқсат еткен ет тағамы бауыр ғана екен. Ағам мен жеңгемнің Рахима апама бауыр алып кел деп, дүкенге мені жұмсайтыны есімде қалыпты. Ол кезде баласы Қанат пен екеуміз Шойынбек көкемнің үйінде, студент болып жатып оқып жүрген кезіміз. Кейін Рахима апай дертінен айыға алмай, қайтыс болды ғой жаздың соңында. Күзде Қарағандыдан хируг Әбеуов Марат ағай қасында тағы бір кісі бар, машинасымен Арқалыққа Шойынбек көкемнің үйіне келіп қонып, келесі күні Көкалатқа бет алды. Қырқына бара жатырмыз деді-ау, ұмытып қалмасам, Рахима апайдың.

Рахима апайдың жылы өткесін, Тиыштық ағай Амангелді ауданының тұрғыны, Кабира жеңгемізбен танысып отау құрды. Кабирадан екі қызы туды, Айзада мен Перизаты.

Бір күні көктем кезінде күндіз шаруам болып, ауылдың шетінде Аэропорт жақта тұратын, Тиыштық ағайдың үйіне бардым. Барсам Тиыштық ағай есік алдында, канторға барайын деп етігін киіп, дайындалып тұр екен. Кабира жеңгей көктемнің батпақ кезі болғасын, түрегеп тұрған ағайдың етігін қалың шүберекпен шылапшындағы суға батырып, қолмен жуып шайып жатыр. Мына көріністі көріп, өне бойымды тоқ соғып өткендей, дір ете қалдым. Не деген құрмет, десейші!

Өмірімде, далада етігін киіп түрегеп тұрған күйеуін құрметтеп, шылапшындағы суға лай болған етігін қолмен жуып, баптап тұрған әйелді бірінші рет көруім. Сосын Тиыштық ағай шау тартқан шағында, балажандылығын да таныта бастады. Ол кезде Айзадасы үш-төрт әлде бес-алты жасар кезі.

— Айзадам маған еркелеп әкем менің, әкем менің-ді, қайта-қайта айтып, құшақтай берді ғой деп, мәз болған қуанышын жасыра алмай, күлімдеп айтып отырушы еді көпшілікке, шақырған үйдің қонақасында бас қосқанда.

Жалпы Тиыштық ағайдың жар таңдауда жолы болды ғой деп ойлаймын. 1998 жылы Қаңтар айында ауылда әкем қайтыс болып, жазда тамын көтеруді жоспарлап, силикат кірпіш іздей бастадым. Тамға қаланатын силикат кірпішті таба алмай, содан көктем кезінде қиналып жүргенде, әкімшіліктің конторында салық қызметкері болып жүрген Тиыштық ағама бардым. Сөзге келген жоқ.

— Силикат кірпіш болады, Сабыржан!– деді бірден Тиыштық ағам, мені әрі жұбатып, әрі қолдағандай болып. Сосын жазда там көтеруге Шойынбек көкем келді отбасымен. Ол кезде Шойынбек көкем Арқалық қаласының әкімшілігінде, бір бөлімнің білдей басшысы. Кірпіш тасуға шап шағын жүк машинасында жүргізіп келіпті ауылға. Сол көлік жақсы болды, тамның басына кірпіш тасуға. Байланыс торабының бұзылып жатқан кеңсешінің, сыртындағы қапталған силикатты бұзып алуға, Тиыштық ағам маған рұқсат берді. Көп кідірмей кірпіштерді тазалап алып шығуға іске кірісіп кеттік.

Бұрынғы кеңес өкіметі кезінде цементтің арзан кезінде қаланып, сыртынан қаптаған силикат кірпішті, едәуір қиындықтармен бұзып, әрең алып жаттық Шойынбек көкем екеуміз.

Тамға жетеді-ау деген кезде, кірпіш тасуды тоқтаттық. Цементті арзан кезінде барынша араластырған сияқты, ғимараттың қабырғасын силикат кірпішпен қаптағанда. Өйткені, өте қатты жабысқан кірпіштерді, бір-бірінен бөліп ажыратып алу да оңайға соқпады.

Келесі күні тамды салып орталана берген кезде, Шойынбек көкем айтады.

— Сабыржан, осы әкелген кірпішіміз, тамды аяқтауға жетпей қалмай ма? –деген, зор қаупін айтып.

— Көке! Қанша кірпіш керек болса сонша кірпіш тауып берейін, оған алаңдама. Осы ауылда, менің Тиыштық деген ағам бар ғой?!—дедім, күтпеген жерден.

— Әй, Сабыржан-ай!– деп, көкем басын еріксіз шайқап, өзі таң қалды.

Бұлай өте сенімді айтады деп, ойламаған ғой. Әйтпесе, Тиыштық ағам мен Шойынбек көкем екеуі өте жақын тату бажа. Адам пенде болған соң өкпе мен реніш те кейбір кезде орын алады ғой. Жезде мен балдыз арасында аздаған түсінбеушілік болды да, бұл кісілер сол уақытта бір-біріне бір жылға дейін араласа алмай қалды.

Таң қалған Шойынбек көкемнің кейпіне қарағанда, Тиыштық ағаммен екеуміздің арамызда, көзге көрінбейтін достық байланысымыз бар сияқты болып көрінеді екен маған.

Солай деп ойлаймын, өзімше. Иә, анығын Алла білуші!