Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Инвестиция – дамудың жолы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ағымдағы жылдың басында VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің бірінші сессиясының ашылуында елдің дамуына қатысты көптеген мәселені қозғап, алдағы жоспарларды айқындап берген болатын.

Сонда мемлекет басшысы экономика саласына соның ішінде іскерлік белсенділікті ынталандыру мен еліміздің өндірістік әлеуетін арттыру мәселесіне баса назар аударған еді.

«Еліміздің өндірістік әлеуетін барынша арттыру маңызды. Қазақстан экономикасы әлі күнге дейін пайдалы қазбаларға тәуелді болып отыр. Яғни ел экономикасының құрылымы – қарапайым. Шын мәнінде, бізге қарқынды даму үшін күрделі, әртарапты экономикалық құрылым қажет. Әрине, шикізат нарығындағы әлемдік бәсекеде біздің өз артықшылығымыз бар. Қазіргі және стратегиялық міндеттерді орындау үшін оны тиімді пайдалану қажет. Сондықтан осы саланы одан әрі дамыта беру керек», деді Президент өз сөзінде.

2023 жылғы 8 айдың қорытындысы бойынша облыста барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерге қатысты оң динамика тіркелді. Мәселен, өңдеу өнеркәсібі 18,7%, құрылыс – 12,0%, инвестициялар – 12,0%, сауда – 3,7%, көлік – 2,3%, ауыл шаруашылығы 4,7%-ке өсті. Облыс бюджеті өткен жылмен салыстырғанда 45%-ке артты. Былтыр облыс бюджеті 441 млрд теңге болса, биыл 642 млрд теңгені құрап отыр.

Иә, елдің дамуы экономикаға байланысты екені түсінікті. Сондықтан да барлық күш-жігер осы саланы көтеруге жұмсалып жатқаны айқын. Әсіресе ол республиканың өңірлерінде айрықша көрініс тапқан. Мәселен, Қостанай қаласында өндірісті дамыту бағытында мемлекеттік жоба мен бағдарламалар аясында түрлі жұмыстар мен бастамалар қолға алынып келеді. Соның нәтижесінде мегаполистің өндірістік әлеуеті жылдан-жылға ұлғаю үстінде. Бұл өз кезегінде қосымша жұмыс орындарының ашылуына және халықтың кәсіпкерлікке бет бұруына үлкен септігін тигізіп жатыр.

Бүгінгі таңда шаһар еліміздегі тұрғын үй құрылысы қарқын алған, инфрақұрылымы жақсарып келе жатқан, басқа да көрсеткіштер бойынша өсудің оң нәтижесін көрсетіп отырған қалаға айналып үлгерді. Биыл құрылыс жұмыстарының көлемі 21,2%-ке өсті. Қалған 2 айда жұмысты жандандыру және барлық күш-жігерді экономиканың нақты секторына, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардан қосымша резервтер іздеуге, сондай-ақ облыс қалалары мен аудандарының инвестициялық мүмкіндіктеріне бағыттау қажет.

Нақты мысалға көшсек 2020 жылы Қостанай инвестиция тарту мен оның көлемі жағынан республикадағы жоғары орындарға көтеріліп, бүгінде еліміздегі инвестиция саласы бойынша ең алдыңғы орындардың бірінде тұр. Екі жылдан бері өңірлердің ай сайынғы рейтингінде жоғары сатыдан түспеген.

Тұрғын үй құрылысы да қала экономикасының маңызды бөлшегі саналады. Осы күнде шаһарда көпқабатты үйлер салу тиісті инженерлік инфрақұрылым жүйесінің құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Мәселен, былтыр 1 млн шаршы метр тұрғын пайдалануға берілсе, 2024 жылдан бастап жылына 3 млн шаршы метр үй тұрғызу көзделіп отыр. Қала кеңейіп келеді, жаңа шағын аудандар бірінен кейін бірі пайда болуда. Сондықтан құрылыс индустриясын инвесторлар үшін таптырмас мүмкіндік деуге болады. Құрылыс нысанын салуда немесе құрылыс материалын өндіруде кәсіпкер өзіне жақсы пайда таба алады.

Инвестиция өздігінен келмейтіні белгілі. Кәсіпкердің жобаның тиімділігіне көзі нақты жетпесе, қалтасынан ақша шығармайтыны анық. Осы орайда қалалық әкімдік өңірге инвестиция тарту мақсатында көп іс тындырып отыр. Соның ішінде «Kostanay invest – 2023» өңіраралық инвестициялық форумын атауға болады. Оның басты ерекшелігі форум аясында түрлі ірі жобалар бастау алды.

«Машина жасауда 2 аптадан кейін жаңа Kia автомобиль өндірісі зауытының құрылысы басталады. Бұл нысан 2 жыл ішінде салынып, 1 500 жаңа жұмыс орны ашылады. Жалпы, ағымдағы жылы 158,2 млрд.теңгеге 23 жобаны іске қосу жоспарланған, 2 мыңға жуық жұмыс орны құрылады, оның ішінде индустриялық секторда 13 жоба және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласында 10 жоба қарастырылып отыр. Сонымен қатар, құны 15,0 млрд теңге болатын авто бөлшектерін шығару бойынша зауыттың құрылысын бастаймыз. Тау-кен өнеркәсібіне келетін болсақ, өткен жылға қатысты көлемдердің төмендеуіне қарамастан, ағымдағы жылдың басынан бері осы салада тұрақты өсім байқалып отырғанын атап өтемін. 2023 жылдың қаңтар айынан бастап тау-кен өндіру саласындағы өндіріс көлемінің орташа өсуі айлар бойынша шамамен 35% құрайды. Яғни, жалпы, жағдай тұрақты, – деп атап өтті Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов.

Энергетикалық қауіпсіздік мәселесін де шешу қажет. Бұл салада қолдан келгенше өз ресурстарымызға арқа сүйеген абзал. Мәселен, облыста 2 жоба іске асырылуда: қуаты 22 МВт күн электр станциясының құрылысы, сомасы 13,4 млрд теңге; қуаты 40 МВт газ поршенді электр станциясының құрылысы, инвестиция сомасы 20,1 млрд теңгені құрайды.

Стратегиялық маңызы бар міндеттің бірі – көлік-логистика саласының әлеуетін толық пайдалану. Өнеркәсіп тауырын, оның ішінде машина құрастыру өнімдерін жөнелту үшін «құрғақ порт» көліктік-логистикалық кешенін салуды жоспарда бар. Инвестиция сомасы шамамен 37 млрд теңгені құрайды және 500-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады.

Қостанай қаласында жылжымалы теміржолға арналған пружина зауыты салынып жатыр. Оның қуаты жылына 10 мың вагон жинақтарын өндіруге жетеді. Инвестициялар сомасы 2,3 млрд теңгені құрайды, шамамен 56 жұмыс орны ашылады.

Мәселен, шикізаттан қаптамаға дейін толық циклді бұршақ дақылдарын қайта өңдеу бойынша «Кайдзен» ЖШС зауыты салынды. Оның сомасы 4,0 млрд теңге және 70 жұмыс орны ашылды. Сондай-ақ, облыста 10 жаңа түрдегі ірімшік өндіру бойынша жаңа кешен салу жоспарлануда, бұл облыста өңделген сүттің үлесін 46% – дан 60% – ға дейін арттыруға мүмкіндік береді.

Бетті дайындаған Бақыт ТҰРАШ, суреттер ғаламтордан алынды