Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Қостанайда жаңа зауыт салынады

4 июля 2024 9:13 • 256 просмотров

Астанада «Шанхай бестігінің» негізінде құрылған Шанхай ынтымақтастық ұйымының кезекті саммиті өтті. Аталмыш ұйымның аясы уақыт өткен сайын кеңейіп, кейінгі жылдары мақсаттары мен міндеттері де толығып келе жатыр.

Ал осы жолғы Астана саммитінің қорытындысымен ұйымның жұмысы әрі қарай жандана түсіп, күн тәртібіне тағы да қосымша міндеттер алғалы отыр. Осындай ауқымды жобалардың бірі Қостанай облысында жүзеге аспақ. Өңір басшысы Құмар Ақсақалов екі ел арасындағы форумға қатысып, астықты терең өңдеу зауытын салу бойынша қытайлық әріптестерімен ортақ меморандумға қол қойды.

Іскерлік форум отырысы барысында Қазақстан мен Қытай бизнес өкілдері арасында 40-тан астам келісімге қол қойылды. Ол ҚХР көшбасшысы Си Цзиньпиннің Қазақстанға ресми сапарымен тұспа-тұс келді. Елордалық конгресс орталығында екі елдің бес жүзден астам ірі компанияларының өкілдері жиналды.

Солардың бірі Қостанай облысында Қытайдың қатысуымен астықты терең өңдеу зауыты салынады. Қазақстан-Қытай Іскерлік кеңесі шеңберінде Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың қатысуымен KazFoodProducts компаниялар тобы мен myande Group қытайлық компаниясы арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.

Құны 50 млрд теңге болатын жоба қытайлық биоинженерия технологиялары мен заманауи жабдықтарды пайдалануды қамтиды. Ол алты жүзден астам адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етеді. Форум аясында тараптар меморандумға қол қойды.

Жаңа кәсіпорында жылына 400 мың тонна бидайды терең өңдеу жоспарланған.

Зауытта лизин (мал шаруашылығы мен медицинада қолданылатын маңызды амин қышқылы), бидай глютені (нан пісіру өнеркәсібінің маңызды құрамдас бөлігі), биоэтанол (химия өнеркәсібі үшін балама отын және шикізат), глютен (тамақ өнеркәсібінің сұранысқа ие құрамдас бөлігі) өндірілетін болады.

— Мемлекет басшысы үш жыл ішінде Агроөнеркәсіптік кешендегі өңделген өнімнің үлесін 70% – ға дейін арттыру міндетін қойды. Бұл жобаны іске асыру астықты қайта өңдеу көлемін едәуір арттыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді және өңірдің АӨК-ін одан әрі дамытудың катализаторы болады, – деп атап өтті облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Осылайша, Қазақстан мен Қытайдың өзара тиімді ынтымақтастығы отыз жылдан астам уақыт бойы екі жаққа да өз жемісін беріп келеді. Іскерлік кеңестің отырысын ашқан Роман Скляр елдеріміз арасында сенімді диалог орнатылғанына назар аударды. Өткен жылы өзара сауда бірден 30% – ға өсіп, тарихи 41 миллиард долларға жетті. Қазақстанның бірінші вице-премьері ҚХР-мен одан әрі ынтымақтастықтың басым бағыттарын атап өтті.

— Жаңа геосаяси оқиғаларды ескере отырып, бізге Транскаспий халықаралық көлік бағытын халықаралық көлік логистикасы мен мемлекетаралық байланыстар жүйесіне одан әрі интеграциялау қажет. Қазақстан жүк тасымалдау көлемін ұлғайту үшін елдеріміз арасындағы жерүсті өткізу пункттерінің өткізу қабілетін арттыруға ниетті. Бұл жағдайда ең жаңа көлік технологияларын қолдана отырып, жүк көліктері үшін жүк түсіру және тиеу аймақтарын салу қажеттілігі туындайды, – деді Қазақстанның бірінші вице-премьері Роман Скляр.

— Біз осы бірегей өнімдер шығарғымыз келеді, атап айтқанда, лизин – бұл бүгінгі күні Қазақстан 100% импорттайтын аминқышқылдары, олар Қазақстанда өндірілмейді. Бұл құрама жем құрамындағы жануарларды бордақылау үшін таптырмас амин қышқылы. Сондықтан біз мұндай өндіріс біздің елімізге қажет деп санаймыз, оның үстіне бізде барлық шикізат базасы бар, бізде жұмыс күші бар, – деп атап өтті «KAZFOODPRODUCTS» ЖШС Бас директоры Әлихан Талғатбек.

Қытай тарапы да Қазақстанмен екіжақты қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға ықылас білдіріп отыр.

— Ұйым құрылған сәттен бастап біздің іскерлік форум Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық және сауда ынтымақтастығын тереңдетуге елеулі үлес қосты. Біз Қазақстандағы инвестицияларға үлкен мән береміз. Қазіргі уақытта 3 миллиард доллардан астам инвестиция салынды. Бұл энергетика, инфрақұрылым және т. б. салаларға тиесілі, – деп атап өтті Қазақстан-Қытай Іскерлік форумының тең төрағасы, «CITIC GROUP» директорлар кеңесінің төрағасы Си Гуохуа.

Қазақстан-Қытай Іскерлік форумының кезекті отырысының қорытындысы бойынша 40-тан астам құжаттар мен келісімдерге қол қойылды. Тараптар олардың әрқайсысы екі елдің экономикасына оң әсер ететініне және азаматтарды жұмыс орындарымен қамтамасыз ететініне сенімді.

Айта кетейік, Шанхай ынтымақтастық ұйымы – ең алдымен, аймақтың қауіпсіздігін нығайту мақсатында құрылған халықаралық құрылым. Бастапқыда шекара маңындағы әскери мәселелерді шешу міндеті тұрды. Сарапшылардың айтуынша, дүниежүзілік қауымдастықтың ұйымға деген қызығушылығы жыл санап айтарлықтай артып келеді. Яғни ШЫҰ Еуразия елдерінің көпшілігін қамтитын аймақтық іргелі ұйымға айналып отыр. Бұл елдер арасындағы ынтымақтастықты жандандыра түсіп, ықтимал тәуекелдердің алдын алуға таптырмас платформа қызметін атқарып отыр.

— ШЫҰ дамуының әрбір кезеңі жемісті жаңалыққа толы болды. Бүгінде ШЫҰ тұрақты даму жолына түсті. Кейінгі кездері оның күн тәртібін одан әрі кеңейту және тереңдету жөніндегі бастамалар қарастырылып отыр. Сондықтан қазір ұйым дамуының ең маңызды кезеңі өтіп жатыр деп айта аламыз. Ұйымды келіссөздер алаңына ғана емес, сонымен қатар тың инвестициялық және жаңа серпінді континенттік жобаларды құрудың нақты құралына айналдыру қажет. Әрине, мұның бәрін іске асыруға мүмкіндік пен құралдар бар болғанымен, нақты тетігі табылмай тұр. Сол үшін де Президент Қ. Тоқаев жаңа жобаларды жүзеге асыру үшін ұйымды реформалау маңызды екенін айрықша алға тартып отыр, – дейді Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бас сарапшысы Әділ Каукенов.

Бүгінде Ауғанстан, Беларус, Моңғолия мемлекеттері сырттай бақылап отырған ұйым мүшелігіне Үндістан, Иран, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан елдері кіріп отыр. Ал әзірге өңірдегі Әзербайжан, Армения, Бахрейн, Мысыр, Камбоджа, Қатар, Кувейт, Мальдив, Мьянма, Непал, Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы, Түркия, Шри-Ланка мемлекеттері ортақ диалог мәселесінде серіктес елдер қатарында тұр.

Өзара сенімді нығайту, тату көршілікті ұстанып, саясат, сауда-экономика, ғылыми техника, мәдениет, білім, энергетика, көлік, экология және өзге де маңызды салаларда тиімді ынтымақтастықты ілгерілету, бейбітшілік пен тұрақтылықты және аймақ қауіпсіздігін қолдау, терроризм, сепаратизм және эскремизмге бірлесе қарсы тұру, есірткі мен қару-жарақтың заңсыз айналымымен күресу, ШЫҰ-ның өзге мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен қарым-қатынасын дамыту мәселелерін мұрат тұтқан ұйым бүгінде беделін арттыра түскен.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Астана саммиті аясында ұйымға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына 16 мемлекеттің басшылары мен кейбірінің Премьер-министрлері қатысқалы отыр.

Бұдан бөлек, 7 халықаралық ұйым басшылары да, оның ішінде БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш те Астана саммитіне қатысуға ниет білдірген. Шанхай ынтымақтастық ұйымындағы еліміздің ұлттық үйлестірушісі Мұрат Мұқышевтың айтуынша, Астана саммитіне қатысушылардың қатары артып, оған қоса кездесулер дәстүрлі форматтан өзгеше, яғни бұрын-соңды болмаған шеңберде ұйымдастырылғалы отыр.

— Саммитте алғаш рет мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы және «ШЫҰ+» форматындағы кездесулер болады. Жиынға 10 ел және ШЫҰ-ның тұрақты жұмыс істейтін органдарының басшылары қатысады. Ал «ШЫҰ+» отырысының талқылаулары «Көпжақты диалогті күшейту – тұрақты бейбітшілік пен дамуға ұмтылу» тақырыбы аясында өтеді. Саммит қорытындысымен ұйымның 20-дан астам құжаты қабылданбақ. Олардың негізгісі – Астана декларациясы, – деген М. Мұқышев аталған Декларацияда ШЫҰ-ның халықаралық өзекті, өңірлік мәселелер бағытындағы ұстанымы айқындалып, ұйымды дамытудың әрі қарайғы бағыттары нақтыланатынын айтады.

Астана саммитінде үш жылға созылған Беларусь Республикасының ұйымға кіру үдерісіне соңғы нүкте қойылмақ. Беларусьті қабылдау рәсімі 2022 жылы Самарқанд саммитінде басталған болатын.

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың ұсынысымен ШЫҰ алғаш рет «Әділ бейбітшілік пен келісім жолындағы әлемдік бірлік туралы» бастаманы қолға алмақ. Яғни ШЫҰ Әділетті бейбітшілік формуласының ұжымдық іздеу үдерісін бастауды ұсынғалы отыр.

Астана саммиті бұған қоса елдерді әлемдік нарықтардың тұрақтылығын қамтамасыз ету, адамдардың әл-ауқатын жақсарту жолында жұдырықтай жұмылуға, білек сыбана әрекет етуге шақырмақ. Сонымен қатар Астана саммитінде ШЫҰ-ның 2035 жылға дейінгі Даму стратегиясын әзірлеуге қатысты шешімі және Мемлекет басшысының бастамасымен ұйымның 2030 жылға дейінгі энергетикалық ынтымақтастықты дамыту стратегиясы қабылданбақ. Сондай-ақ Қазақстан төрағалығы кезінде әзірленген «үш зұлым күшпен» күресетін 2025–2027 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасы мен 2024–2029 жылдарға арналған есірткіге қарсы стратегиясы ұйымға мүше елдердің «батасын алмақ».

Қысқасы, Астана саммиті ұйым шежіресінің жаңа бетін ашып, жаңа белеске көтергелі отыр. «Бестікпен» басталған «Шанхай рухы» араға ширек ғасыр салып, қатары толығып, әрмен қарай «ондықпен» қадам баспақ.

Бақыт ТҰРАШ