Дайындық – қаламгерлер көзімен

17 июля 2025 8:18 • 307 просмотров

Міржақыптың мерейтойы жақындаған сайын осы айтулы кезеңге дайындық барысы әр түрлі деңгейде пысықталып, елдік сынның, ұлттық пайымның талаптары жіті сараланып, атқарылатын іс-шаралар барысы пысықталып жатқаны орынды, әрине. Бұрын алыстан естілетін той дүбірі күн өткен сайын нақ іргеге тақап қалғаны сезіліп, тіптен қамшы бастыра түсетіндей.

Мұндайда Міржақыптың қазағын қалың ұйқыдан оятпақшы болған пассионарлық қимыл-әрекетінің арада ғасыр асқандағы жаппай ойлануға үндескен іс-әрекеттер түйіні ұлт болашағы үшін асыл құндылыққа жалғасқаны, қандай ғанибет! Осыны ойлағанда халқының болашағы үшін жанын пида етуден тайынбаған алашшыл қайраткердің көрегендік, ержүректік, саяси алғырлық қасиеттері «мен қазақпын» деген әрбір жүректі атойлай соқтырып, үміт пен сенім қоңырауын безілдеде қағатындай әсерге бөлейтіні нағыз табиғи мақтаныштың тербелмелі түйсігіндей сезіледі. Ыбырай білім қоңырауын ілімсіз қазақ даласында күмбірлетсе, Міржақыпұйқы қажытқан халқынмәңгіреген марғаулығынан селтеткізіп оятауға шыбыртқының шартылынан да бетер мәрттікпен «оян, оян!»деп атойлады қараңғы қазақ еліне. Екеуінің де халқым деп соққан ұлы жүрегіалдамапты, білімді елі уақыт сынақтарына төтеп беріп, бүгінгі егемендіктің тағдырлы туын биікте желбіретіп келеді. Бұдан өткен тарих сыйы болар ма? Ұзағынан сүйіндірсін!

Міржақып мерейтойын зерделеген, жай-жапсарын күйттеген Парламент Мәжілісінің депутаттары Қ. Иса мен Б. Бейсенғалиев те Торғай өңірінде, оның ішінде Алаш арысының кіндік қаны тамған Қызбелде, мәңгілік тыныстап жатқан Бидайық ауылында болып, нақты іс-шаралардың барысын бажайлап келді. Кейбір түйткіл мәселелерге тиісті органдардың назарын аудармақ ойлары барын да жасырмады.

Той алдындағы қарбалас сәттерден туындайтын соны мәселелер де баршылық екенін жете сезінген Қостанай облысының әкімі Құмар Іргебайұлы Ақсақалов жуырда Астанаға шұғыл жиналып, осындағы бірнеше қаламгердің басын қосып, пікірлесуді жөн санапты. Сонымен Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары, көрнекті жазушылар Қойшығара Салғарин мен Төлен Әбдік, Қазақстанның халық ақыны Әсия Беркенова және осы жолдардың авторы мерейтойға қатысты ойларымызбен бөлісіп, ұсыныстарымызды айттық.

Алдымен облыс әкімі Қ. І. Ақсақалов облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайынан кең түрде әңгіме қозғады. Тойдың таралғысындай білінген бұл табыс бедерлері көңілді өсіріп жіберді. Өңір өндірісі мен өнеркәсібі, құрылысы мен көліктік көкжиегі кеңіп, ауыл шаруашылығының перспективалық ілгерілеуі анық байқалады. Бүгінде Қостанай облысы машина жасау, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және қара металлургия саласыдағы еліміздің жетекші индустриялық орталықтарының бірі болуға сенімді түрде қадам басып келе жатқанықызықтырады. Қазіргі таңда облыс азық-түлік пен автомобиль өндірісі көлемі бойынша жетекші орынға ие болып отыр.Өңірде республикалық көрсеткіштерден 67 пайыз темір кені концентраты, 80 пайыз темір кені, және 100 пайыз түйіршіктас, боксит пен асбест өндіріледі. 19,3 мың жұмыс орны ашылды, оның ішінде 13,3 мыңы – тұрақты негізде. Ағымдағы жылы 4 жаңа зауыт іске қосылады. Олар «КІА» зауыты, жүк техникасына арналған жетекші белдіктер мен жеңіл автомобильдерге сәйкестендірілген автокомпоненттер зауыты, сондай-ақ, кондитерлік өнімдер шығаратын зауыт. Осылайша, 4 мыңға жуық тұрақты жаңа жұмысорнын ашу жоспарлануда. Бұл – ыстық брикетті темір зауыты, болат балқыту зауыты және «Құрғақ порт» көлік-логистиалық орталығы болмақ.

Ал ауыл шаурашылығы саласында ағымдағы жылы үш ірі сүт фермасы іске қосылатын болады. Барлық жобалаларды ең алдымен энергия көздерімен қамтамасыз етуқолға алынып жатыр. Сөйтіп баламалы энергия көздерін енгізу бойынша 6 ірі жобаны іске асыру қазірдің өзінде басталып кетті.

Жалпы, соңғы екі жыл ішнде 58 әлеуметтік нысан салынды. Жыл соңына дейін тағы он нысанның ашылуы жоспарланған.

Осындай көңіл өсірерлік көрсеткіштерге жалғасқан әңгіме Міржақып тойының дайындығы барысына ұласты.Қойшығара Салғарин тарих қатпарынан Алаш арыстарының әлі де беймәлім деректерін аршып алу тұрғысында көп ізденіс қажеттілігіне назар аударды. Бұл ретте «Алашорда ісі» көптомдығының алар орны ерекше екендігін баса айтты. Сондай-ақ өзінің зерттеу еңбектеріндегі қазақ тарихына қатысты өзекжарды мәселелердің әлікүнге тасада қалыңқырап, тіпті мектеп оқулықтарына енгізілмей жүргенін тиісті органдар тарапының енжарлығына балады. Тарихын бағалаған елдің өрісі кең екенін алға тартып, тәуелсіз елімізің жаңа тарихан жазуда ешқандай үстірттікке жол бермеуге үндеді. Міне, осындай әділ тарихта Алаш арыстарының ұлт болашағы жолындағы жалынды күресі өзіндік талғаммен өрнектелгені абзал болар еді деп түйіндеді сөзін белгілі ғалым.

Ал көрнекті жазушы Төлен Әбдік Міржақыптың «Қайда едің?» өлеңін жатқа айта келіп, « Кешегі қара күндерде, Жұлдызсыз, айсыз түндерде, Жол таба алмай сенделіп, Адасып Алаш жүргенде, Бұл күнгі көп көсемдер, Сұраймын, сонда қайда едің?» деген шумақтарының кең диапазонына талдау жасап, билік пен халық арасының бекемдейтін тұстарының әлі де болсын жеткілікті екенінен сыр аңғартты. Сондай-ақ ол кадрлардың адамгершілік қағидаттарына аса берік болуына көп нәрсе байланысты екенін де тілге тиек етті. Ал Міржақып тойының белгілі бір өңір аясында қалып қоймай, елдік деңгейде тойланып жатқаны дұрыс болар еді деген тілек қосты..

Өз кезегінде айтыстың ақтангері ӘсияБеркенова бұл мерейтойдың ұлт рухын асқақтатарлық рөліне тоқталып, Міржақыптай тіл білгірінің көне сөздерін қолданысқа енгізудің ерекшеліктерін сараптап берді. Әрине, бұл ойдың иірімінде қазіргі айтыс өнерінің дамуына берік тетік боларлық тосын кепілдіктер жатқандай еді.

Біздің тарапымыздан айтылған Қостанай қаласында Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының әдеби-мәдени шығармашылық орталығын салу туралы ұсынысымызға Құмар Іргебайұлы бірден қолдау білдірді. Сонымен бірге Міржақыптың кесенесі мен музейі орналасқан Бидайық ауылының азын-аулақ түтінінің мүлде жоқ болуының алдын алу үшін және де жаңа отбасылармен толықтырылуы үшін несие беру арқылы сыртан егін шаруашылығымен айналысуға, мал өсіруге адамдарды тарту жайы да шешімін табатын болды.

Қаламгерлермен кездесу соңында Қостанай қаласында орнатылатын Міржақып Дулатұлы ескерткіші жобасының бірнеше нұсқалары сарапқа салынды.

Қайсар ӘЛІМ, міржақыптанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері