Қостанай облысында экологиялық жағдайды жақсарту мен елді мекендерді абаттандыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. «Таза Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде өңірде кешенді шаралар қолға алынып, тұрғындардың өмір сүру сапасы едәуір артты. Бұл жөнінде облыс әкімі Құмар Ақсақалов Үкімет отырысында баяндама жасап, атқарылған жұмыстардың нәтижелерімен бөлісті.
Облыс әкімінің айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, өңірде экологиялық сананы қалыптастыру – басты басымдықтардың бірі. «Тазалық – әр адамның, әр үйдің, әр қаланың өзінен басталады» деген ұстаным Қостанай облысында тұрғындар арасында кеңінен насихатталуда.
Өңірде көпқабатты тұрғын үйлер ауқымды түрде жөнделуде. Соңғы уақытта 191 үйдің шатыры, балконы және қасбеті жаңартылып, апатты үйлер бұзылды. Босап қалған жер телімдерінде балалар және спорт алаңдары сияқты заманауи нысандар салынып жатыр.

Қалалар мен ауылдарда тазалық пен санитариялық нормаларды сақтау үшін 1500 бейнебақылау камерасы және дәл сонша қоқыс контейнерлері орнатылды. Сонымен қатар, 11 арнайы коммуналдық техника сатып алынып, тұрмыстық қалдықтарды жүйелі шығаруға мүмкіндік жасалды.
Жарықтандыру мен абаттандыру – басты назарда. Қазіргі таңда өңір көшелерінде 48 мыңнан астам энергия үнемдейтін шам орнатылып, жарықтандыру деңгейі 57 пайыздан 90 пайызға жетті. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу көзделіп отыр.
Соңғы екі жылда облыста 87 саябақ пен сквер абаттандырылып, 293 балалар мен спорт алаңы салынды. Қала аумақтарында пайдаланылмай жатқан учаскелер саябақтар мен жасыл аймақтарға айналдырылуда. Қостанай қаласында биыл 39 гектар аумақта триатлон-парк салынып жатыр, ол өңірдегі ең ірі рекреациялық кешен болмақ. Сонымен қатар, 25 субұрқақ қайта қалпына келтірілді.

Ауылдарға ерекше көңіл бөлінуде. Ауылдық жерлерде де ауқымды жұмыстар атқарылуда. 4000-ға жуық ауыл көшесі жарықтандырылып, 65 ауылға балалар және спорттық алаңдар салынды. Барлық жұмыстар тазалық, қауіпсіздік және санитарлық талаптарға сай жүргізіледі.
Тұрғындар арасында экологиялық мәдениет қалыптастыру мақсатында «Үздік аула» байқауы өткізілуде. Бұл байқауға қатысушылар аулаларын көркейтіп, гүлзарлар отырғызып, ойын алаңдарын өз күштерімен жабдықтауда. Бұл – тұрғындардың экологиялық ойлау жүйесінің өзгеріп келе жатқанының айқын дәлелі.
Жастар – экологиялық қозғалыстың көшбасшысы. Экологиялық тәрбиенің тағы бір маңызды бағыты – жастардың қатысуы. 332 мектепте «Жасыл клубтар», экобірлестіктер, жылыжайлар мен гидропоника зертханалары жұмыс істейді. Оқушылардың қатысуымен 2000-нан астам экологиялық іс-шара өткізілді. Жазғы кезеңде 600-ден астам мектептік бригада көгалдандыру жұмыстарымен айналысуда. Сонымен қатар, 1000-нан астам жасөспірім «Ауламды көркейтеміз» бастамасына атсалысып жатыр.

Бизнес те шет қалмайды. Экологиялық мәдениетті қалыптастыруда кәсіпкерлердің де рөлі зор. Олар көгалдандыру мен инфрақұрылымды жақсарту жұмыстарына белсене қатысып, ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруды басты мақсаттарының бірі ретінде қарастыруда. Өткен жылы ауыл шаруашылығы құрылымдары 7 миллиард теңгеден астам сомаға меморандумдар іске асырған.
Тұрғындар бағдарламаның нәтижелерін жоғары бағалауда. Жүргізілген әлеуметтік сауалнама нәтижелеріне сәйкес, тұрғындардың 73 пайыздан астамы «Таза Қазақстан» бағдарламасының нәтижелеріне қанағаттанғанын білдірген. Бұл өңірде атқарылып жатқан жұмыстардың нақты нәтиже беріп жатқанын және халық тарапынан оң бағаланып жатқанын көрсетеді.
Қостанай облысы «Таза Қазақстан» бағдарламасын тек экологиялық бастама ретінде ғана емес, кешенді өңірлік даму стратегиясы ретінде жүзеге асыруда. Әрбір қадам нақты нәтиже мен тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған.
Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды