Мемлекет басшысы Ақмола облысының Зеренді ауданында аймақ шаруаларымен егін жинау науқанына арналған кеңес өткізді. Іс-шараға Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облысының диқандары бейнебайланыс режимінде қатысты.
Президент Ақмола облысына егін жинау науқанының барысымен танысу үшін арнайы келгенін айтты.
— Егіс алқабындағы жұмыстарды уақтылы аяқтап, астықты дер кезінде жинап алу қажет. Еліміздегі азық-түлік қауіпсіздігі, ішкі нарықтың тұрақтылығы осы жұмысқа тікелей байланысты. Астық жинау науқанын ойдағыдай жүзеге асырсақ, экспорттық әлеуетіміз де мықты болмақ, яғни шетелге мол өнім шығара аламыз. Былтыр елімізде ауыл шаруашылығы саласы үшін табысты жыл болды. Шаруалар табанды еңбек етіп, астық жинаудан рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Осының бәрі агротехнологияны дұрыс қолданудың нәтижесі деуге болады. Соның арқасында ауыл шаруашылығы бойынша өнім көлемінің өсімі басқа салаларға қарағанда анағұрлым артық болды. Биылғы 8 айда атқарылған жұмыстардың нәтижесі жаман емес. Өндірістің технологиялық әлеуетін арттыру үшін қолға алынған шаралар тиімділігін көрсетіп жатыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жиында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, «Родина» агрофирмасының бас директоры Иван Сауэр, Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов, «Қарқын» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директоры Еркін Бұқанов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов, «Зенченко және К» КС директоры Геннадий Зенченко, Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов, «Галицкое» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Александр Касицин сөз сөйледі.
Қостанай облысындағы орақ маусымы жайында Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов баяндады.
— Биыл көктемгі егіс жұмыстары қолайлы мерзімде жүргізілді. Егіс көлемі 5,1 млн гектарды құрады. Бүгінде 1,7 млн гектар алқаптан 2,5 млн тонна астық жиналды. Бұл 42% құрайды. Орташа өнімділігі 14,5 центнер гектарынан. Облыс диқандары қолжетімді қаржының маңыздылығын ерекше атап өтуде. Биыл рекордтық 89 млрд теңгеге жетті. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 2 есе көп, ал былтырғыдан 60% артық. Осының арқасында техника уақытысында дайындалды, минералды тыңайтқыштармен және дизель отынмен толықтай қамтамасыз етілді. Сақтау қоймалары толығымен дайын. Сіз өз Жолдауыңызда атап өткендей, «Біздің стратегиялық бағытымыздың негізгі құрамдас бөлігі жасанды интеллектіні кеңінен енгізу және толық цифрландыру болуы тиіс».Біз бұл бағытта жұмысты бастап кеттік. Биылғы тамыз айында «Өңірлік дамудағы жасанды интеллект» тақырыбында форум өткізіліп, цифрландыру мен жасанды интеллектті дамытудың озық әлемдік тәжірибелері зерделенді. Менің тікелей басқаруыммен облыстық цифрлық штаб құрылды. Кез келген кәсіпкер штабқа жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды қолдану бойынша жүгінуге мүмкіндік алады. Облыста шикізат экспортынан гөрі қайта өңдеу, логистика және дайын өнім жеткізуге бағытталған толық циклді заманауи агроөнеркәсіптік кешен қалыптасуда. Өңірде жылына 415,0 мың тонна бидайды терең өңдейтін жоғары технологиялы зауыт салу жоспарланған. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Бұл және басқа да өңдеу жобалары облысымызға республика бойынша қайта өңделген АӨК өнімі мен азық-түлік экспортында көшбасшылық орынды сақтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, дәлме-дәл егіншілік пен ақылды мал шаруашылығы жобаларын да қарастырып жатырмыз. Біз жасанды интеллектіні жедел енгізу дәстүрлі ауыл шаруашылығынан интеллектуалды агроөнеркәсіптік кешенге көшуді қамтамасыз ететініне нық сенеміз, – деді Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов.
Мемлекет басшысы еселі еңбектері үшін еліміздің диқандарына ризашылығын білдірді.
— Жыл сайын егін жинау науқанында сіздердің кәсіби біліктеріңіз, табандылықтарыңыз және патриоттық қасиеттеріңіз сыналады. Ауыл шаруашылығы еңбеккерлері бұл сыннан сүрінбей өтеді. Сіздер жай-күй таңдамай, табиғат тосын мінез танытса да жұмыс істеп, жоғары нәтижеге қол жеткізіп жүрсіздер. Маңдай терлеріңіз арқылы азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға, экономиканы дамытуға және ауылдағы тұрмысты жақсартуға орасан зор үлес қосып келесіздер. Мемлекет диқандарды қолдау үшін бұрын-соңды болмаған шараларды қолға алып жатыр. Атап айтқанда, биыл менің тапсырмаммен ауыл шаруашылығына жеңілдетілген несие беру үшін 1 триллион теңге бөлінді. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Қазірдің өзінде мемлекеттің жүйелі қолдау шаралары нәтиже бере бастады. Агротехнологияны қолдану жоғары деңгейге жетіп, өнімділік артты. Бұған дейін ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін екі есе ұлғайтуды тапсырған едім. Бұл бағытта ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Оның қарқынын төмендетуге болмайды, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттің қолдау тетіктерін тиімді пайдалану қажет екенін атап өтті. Мемлекет басшысы келесі жылғы егіс науқанында жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламасын ерте бастан қолға алу маңызды деп санайды.
— Пайдасы көп әрі тиімділігі жоғары дақылдарды өсіруге басымдық бере отырып, егістікті әртараптандыруды жалғастыру керек. Бұл егін шаруашылығындағы өнім көлемін ұлғайтып, мол табыс табуға мүмкіндік береді. Үкімет пен әкімдер егін жинау кезінде шаруаларды жанар-жағармаймен үздіксіз қамтамасыз етіп, қаржы мен қажетті техниканы уақтылы алуына жағдай жасауы қажет. Күн райына қарамастан, егінді мүмкіндігінше шығынсыз жинап алған жөн, – деді Мемлекет басшысы.
Президент жиналған өнімді тиісінше сақтауды маңызды міндеттің бірі деп атады. Әртүрлі дақылдарды өсірудің жоспардағы көлемі мен әр дақылға жеке қойма қажет екенін ескерсек, мұндай орындардың тапшылығы байқалады.
— Заманауи элеваторларды салуға және оларды ұстап тұруға қомақты инвестиция қажет екені анық. Сондықтан элеваторларды жаңғырту үшін жеңілдетілген қаржыландырудың арнайы бағдарламасын іске қосу керек. Сапалы тұқым дайындауға баса назар аударған жөн. Бұдан бөлек, отандық нарықты өзімізде шығарылған тұқыммен қамтамасыз етудің нақты қадамдары керек. Былтырдан бастап жетілдірілген минералды тыңайтқыштарды субсидиялау тетігі тиімділігін көрсетті. Ауыл шаруашылығы министрлігінің алдында тұқым өндірісі бойынша мемлекеттік қолдаудың баламалы шараларын енгізу міндеті тұр. Жалпы, егін шаруашылығында жақсы нәтижеге қол жеткізгенімізді атап өткен дұрыс. Бұл ауыл шаруашылығының аралас салаларына оң әсер етіп отыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Президент мал шаруашылығының әлеуетін толық танытуға шақырды.
— Жыл соңына дейін мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы әзірленеді. Бұл құжат ұзақ мерзімге жеңілдетілген қаражат алуға мүмкіндік береді. Біз тек жаппай цифрландыру арқылы экономиканың барлық саласында ашықтық пен тиімділікті қамтамасыз ете аламыз. Мен бұл мәселеге Жолдауда жан-жақты тоқталдым. Ауыл шаруашылығына цифрлық технологияны тездетіп енгізу керек. Егін және мал шаруашылығындағы үдерістерді толық қадағалап отыру үшін цифрлық тәсілдерді қолдану қажет. Бұл жұмысты ІТ-бизнеспен бірлесе отырып атқарған жөн, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығын дамытуға бюджеттен қомақты қаражат бөлініп жатқанына тоқталды.
— Демек істеліп жатқан әрбір жұмыстың, әрбір шараның нақты нәтижесі болуға тиіс. Бір сөзбен, ауыл шаруашылығына оң ықпал етуі керек. Мемлекет адал жұмыс істейтін диқандарға әрдайым қолдау көрсетеді. Ауыл шаруашылығының жай-күйі менің ерекше бақылауымда, бұл салаға баса мән беремін. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді біздің халқымыз. Сондықтан бірлесе отырып, осы маңызды науқанды уақытында және табысты аяқтаймыз деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.
Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды