Міржақып мұрасы ұлықталды

6 ноября 2025 8:34 • 262 просмотров

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Қостанай облысына жұмыс сапарымен барды. Сапар аясында Бас мүфти Діни басқарма тарапынан ұйымдастырылған «Міржақып Дулатұлына 140 жыл: Өмірі мен мұрасы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысты.

Аталған конференцияда Наурызбай қажы Тағанұлы қазақ халқының тәуелсіздік идеясын ұлт санасына сіңіріп, рухани жаңғыруға үлес қосқан Алаш ардақтыларының еңбегі ұрпақ үшін аса маңызды екенін атап өтті.

«Міржақып Дулатұлы – қазақ халқының рухани жаңғыруына, білім мен мәдениетке, ұлттық сана мен еркіндікке үндеген көрнекті тұлға. Оның «Оян, қазақ!» деп ұран тастап, елін білімге, өркениетке, әділет пен еркіндікке шақыруы бүгінгі буын үшін де аса маңызды өнеге деп санаймыз», – деді Бас мүфти.

Конференция жұмысына мемлекет және қоғам қайраткерлері, тарихшылар, ғалымдар мен дін саласының мамандары қатысып, Міржақып Дулатұлының өмір жолы мен мұрасы жан-жақты талқыланды.

Ғалым аталған жиынды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өткізіп отырғанын атап өтіп, одан әрі Міржақыптың дінге сіңірген еңбегі төңірегінде ой өрбітті.

«Әрине, өткен ғасырдың басы – ұлт алдында біз боламыз ба, болсақ, кіммен бірге боламыз деген тағдыршешті таңдау тұрған аса күрделі кезең. Өздеріңіз білесіздер, ол заманда түрік мұсылмандарының саны 20 млн екен. Осы 20 млн адамды біріктіретін идеялар, тұлғалар қажет болды. Олар – Ысмайыл Ғаспыралы, Ыбырай, Ахмет, Міржақып сынды тұлғалар. Біз Ахметті, Міржақыпты айтқан кезде Ыбырайды айтпай тұра алмаймыз. Ыбырай – олардың үлкен ұстазы. Кезінде Ташкентте «Талап» деген ұйым болған. «Талапта» Алаш зиялыларының бәрі қазақ тарихын қалай жазамыз, рухани-мәдени мұраны қалай зерттейміз деген мәселе көтеріліп, осы төңіректе бірталай талқылаулар болған. Бүгінде біраз тұлғаларды тарихтан сызып тастайық, бізге қажет емес деп жүрген большевиктер сияқты азаматтарымыз бар. Олар ақты – ақ, қараны – қара дейді. Мұның бәрін сол заманның өзіне түсіп, сол заманның контексінде қарай алмасақ, біз көп қателікке ұрынамыз. Біз, бірінші, сол заманда өмір сүріп көрейік. Мәселен, осы өңірдегі Мангелді, Әліби Жангелдин, Ахмет, Міржақыптарға қалай қараймыз? Қалай іріктеп аламыз? Қазір зиялылар бөл жөнінде әр түрлі айтып жүр. Кезінде Ахмет заманында Ыбырай Алтынсаринді кемеден лақтырайық деген азаматтар болды. Бұл жөніндегі ұстаным былай – «Егер Ахмет Ыбырай заманында өмір сүрсе, Ыбырайдай болар еді, Ыбырай Ахмет заманында өмір сүрсе, Ахметтей болар еді». Бұл – 1922–23 жылдары айтылған ой. Осы ұстаным біз үшін аксиома болу керек. Әрине, большевизмді біз сұрап алған жоқпыз. Өзі келді. Қазір саясатта жүрген бауырларымыз жақсы біледі, Мағжан «саясат – ағаш ат» дейді. Ол өте күрделі, өте нәзік дүние. Ірі тұлғаны үлкен саяси партиялар өзіне тартқысы келеді. Сол арқылы өз идеясын ілгерілеткісі келеді. Сондықтан 20 ғасырдың басында Әлихандардың өзі марксизм сол замандағы ірі, әлеуметтік сипаттағы ағартушы идея ретінде қараған. Сол кезеңде Алаш зиялыларының көбі коммунистік партияға өтті. Тіпті, 1918 жылы Омбы сапарында Әлихан жастарға «Қазір араласпағандарың мына партияға өтіп алыңдар. Жаңа өкіметке қызмет етіңдер. Ұлтты сақтап қалудың жолы – осы» деді. 1923 жылы Қостанайдың азаматы арқылы жазылған кішкентай хат бар. «Егер кітап жазбасақ, газет-журналға мақала жазбасақ, алашқа қызмет ететін өзге жол бөгелді ғой. Саясатта біз жоқпыз. Кез келген кезеңде халықты ертудің құралы – саясат. Яғни, бізді шегеріп тастады. Сендер алға шығыңдар» дейді. Демек, Әлібидің де, Амангелдінің де тарихи қызметін осы аяда қарауымыз керек», деді академик ғалым.

Жиын соңында Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына орай ұйымдастырылған «Бақытсыз Жамал: тағдыр және таным» атты эссе байқауының жеңімпаздары марапатталды. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы I, II, III орын иегерлеріне сертификат пен қаржылай сыйлық табыс етті.

Қостанай қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан ұйымдастырылған «Міржақып Дулатұлына 140 жыл: Өмірі мен мұрасы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы аясында алаш қайраткерінің өмірі мен шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған арнайы көрме ұйымдастырылды.

Шара аясында «Торғай мұражайлар кешенінің» көшпелі көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Көрмеде Міржақып Дулатұлының қоғамдық-саяси қызметін айғақтайтын сирек архив құжаттары, тарихи деректер мен жәдігерлер қойылып, келушілерге тұлғаның ұлт тарихындағы орны жан-жақты таныстырылды.

Сонымен қатар, көрме залында Міржақып Дулатұлына арналған кітап көрмесі өттіп, онда алаш қайраткерінің өз еңбектерімен қатар, оның өмірі мен шығармашылығы жөнінде жазылған ғылыми зерттеулер, монографиялар мен басылымдар көрермен назарына ұсынылды.

Іс-шара аясында «Ақ желең» ансамблі Міржақып Дулатұлына арналған күйлерді орындап, жиналған көпшілікке рухани мазмұны терең өнер туындыларын тарту етті.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Қостанай облысына жасаған жұмыс сапары аясында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде өңір жастарымен кездесті.

Шара «Ислам және отбасы құндылықтары» жылы аясында ұйымдастырылып, «Жастар – ізгілік жаршысы» тақырыбында өтті. Кездесуді университеттің әлеуметтік-тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры Темірбеков Нұрлыхан Мұқанұлы жүргізді.

«Жас келсе – іске» дегендей, қай істе болсын жастардың үлесі үлкен. Олар көптігімен емес, тәуекелшілдігімен, табандылығы және қайсарлығымен мықты. Тарихтың қайсыбір қатпарына көз тастасақ та, жастардың қатысуынсыз іс бітпеген.

Бүгінгі таңда жастар халықаралық аренада да елеулі және ықпалды күшке айналуда. Жас ұрпақтың әлеуметтік белсенділігі – қоғамдық дамудың маңызды қозғаушы күші. Сондықтан интеллектуал, жан-жақты дамыған ұрпақ тәрбиелеу – жалпыұлттық, мемлекеттік ауқымдағы міндет», – деді Бас мүфти өз сөзінде.

Кездесу барысында студенттер көкейдегі сұрақтарын қойып, ұлттық тәрбие мен руханият төңірегінде мазмұнды пікір алмасты.

Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды