Мемлекеттер басшылары Орал қаласында өтіп жатқан XXI Қазақстан – Ресей өңіраралық форумының пленарлық сессиясына бейнебайланыс арқылы қатысты. Биылғы форумның тақырыбы – «Жұмысшы мамандықтары – экономикалық өсімнің қозғаушы күші».
Қасым-Жомарт Тоқаев Форумға екі елдің нәтижелі стратегиялық серіктестігін айшықтайтын айтулы шара ретінде баға берді
«Осы бірегей алаңда экономикалық, инфрақұрылымдық және гуманитарлық бағыттағы тың жобалар дүниеге келіп, кейін өңірлік деңгейде кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатады. Мұның маңызы зор. Өйткені экономикалық өсім және өнеркәсіп, ғылым, білім, мәдениет салаларындағы ынтымақтастық ең әуелі өңірлерде қалыптасады».
Мемлекет басшысы: «Сауда-экономикалық, инвестициялық ықпалдастық жыл өткен сайын тұрақты түрде нығайып келеді»
«Ресей – Қазақстанның ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі.
Екі ел арасындағы тауар айналымы 28 миллиард доллардан асты. Оны 30 миллиард долларға дейін жеткізу үшін жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр.
2024 жылы Ресей инвестициясы рекордтық деңгейге жетіп, 4 миллиард долларды құрады. Ал осыған дейін Қазақстанға салынған ресейлік инвестицияның жалпы көлемі, біздің мәліметіміз бойынша, 27 миллиард доллардан асты. Өз кезегінде Қазақстан Ресейге тоғыз миллиардқа жуық инвестиция құйды.
Елімізде Ресей капиталының үлесі бар 20 мыңнан астам компания жұмыс істейді. Олар мыңдаған жұмыс орнын ашып, экономикамыздың қарқынды өсуіне зор үлес қосып келеді.
Осы қомақты көрсеткіштерден өзара ынтымақтастық деңгейі қаншалықты жоғары екенін аңғаруға болады. Біз мұнымен тоқтамай, үнемі алға ұмтылып, сауда және инвестиция көлемін ұлғайта беруге тиіспіз деп санаймын».
Президент жұмысшы мамандық иелері екі елдің экономикалық өрлеуіне орасан зор үлес қосатынына назар аударды
«Биыл Қазақстанда «Жұмысшы мамандықтарының жылы» болып жарияланды. Көп ұзамай бұл жұмысты қорытындылаймыз.
Жұмысшы мамандықтарын жан-жақты қолдауға, олардың қоғамдағы беделін арттыруға және кәсіптік білім беру жүйесін реформалауға бағыт алдық.
Аталған бағыттарға дәйекті түрде инвестиция салатын елдер инновация мен орнықты дамуда көш бастайтынын әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр».
Сондай-ақ, аталмыш форумда Қазақстан тарапынан Батыс Қазақстан облысы мен Қостанай облысының әкімі сөз сөйледі.
— Жаңа индустрияландыру мен технологиялық өзгерістер жағдайында жұмысшы мамандықтар қайтадан экономиканың локомотивіне айналуда. Қазақстан мен Ресейді біріктіретін ортақ мақсат – еңбек адамы мемлекеттік саясаттың орталығында тұрған қоғам құру. Біздің халықтарды еңбек ерліктері, индустриялық дәстүрлер мен жасампаз жандарға деген құрмет біріктіреді.
Екі мемлекетте де жаңа жасампаздық идеологиясы қалыптасып келеді – «Еңбек – елдің тірегі», яғни «Еңбек адамы – елдің мақтанышы». Бұл – уақыт рухын бейнелейтін ортақ мағыналық іргетас. Қоғам ұғымында «жұмысшы мамандығы» – бұл физикалық еңбекке және тәжірибелік міндеттерді орындауға негізделген, арнайы білім мен дағдыларды қажет ететін жұмыс түрі. Мұндай түсінік небәрі 10 жыл бұрын берілген еді. Бүгінгі таңда, технологиялар қарқынды дамыған дәуірде, «жұмысшы» ұғымы айтарлықтай өзгерді. Өзгеріске ұшыраған – еңбек адамының бейнесі. Қазір заманауи зауыттарда тек токарь мен дәнекерлеушілер ғана емес, жоғары технологиялық кешендердің операторлары мен бағдарламашылары, робототехника саласының мамандары жұмыс істейді. Автоматтандыру, роботтандыру және цифрлық технологиялар еңбекті жеңілдетіп қана қоймай, оны интеллектуалды еңбекке айналдырды. Қостанай облысы да бұл үрдістен тыс қалған жоқ. Машина жасаушылар, энергетиктер, кеншілер, құрылысшылар, ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлері – біздің өңір экономикасының тірегі.
Бүгінде Қостанай облысы – Қазақстандағы қарқынды дамып келе жатқан аймақтардың бірі.
Өткен жылы экономиканың өсімі 8,3% болды. Биыл 7%-дан астам өсім күтілуде. Соңғы 10 жылда еңбек өнімділігі 4 еседен астам артты. Бұл – инвестиция тартудың нәтижесі. Тек соңғы 3 жылда облысқа 3,8 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылды, оның ішінде 1,5 млрд доллары – тікелей шетелдік инвестициялар.
Мысалы, өткен жылы «KamLitKZ» серіктестігі ашқан ірі зауыттардың бірі – жүк көліктеріне арналған қозғалтқыш блоктары мен цилиндр бастарын шығаратын кәсіпорын ($146,2 млн 45 мың тонна өнім, 500 жұмыс орны).
Биыл жүк көліктеріне арналған жетекші осьтер шығаратын зауыт іске қосылуға дайын (инвестиция көлемі – $300,1 млн 650 жұмыс орны). Бұдан бір ай бұрын әлемге әйгілі KIA компаниясының толық циклді автозауытын іске қостық, 1500 жаңа жұмыс орны ашылды.
Барлық зауыттар заманауи, жоғары технологиялық құрал-жабдықтармен жабдықталған, өндірістік процестердің барлығы максималды деңгейде автоматтандырылып, роботтандырылған және цифрлық басқаруға негізделген. Сіздің тапсырмаңыз бойынша, Қасым-Жомарт Кемелұлы, және біздің географиялық орналасуымызды, индустриялық дамудың қарқынын ескере отырып, қуаттылығы 400 мың контейнер немесе 11 млн тонна жүк болатын көлік-логистикалық кешеннің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Бұл елдегі үшінші халықаралық порт және теңізге тікелей шығатын жолы жоқ екінші «құрғақ» порт болмақ (біріншісі – Ақтау теңіз порты, екіншісі – Қытай шекарасындағы Алтынкөл құрғақ порты). Бұл кешен іске қосылғаннан кейін жүк тасымалы тағы 20%-ға артады.
Сонымен қатар, 3,6 млрд АҚШ доллары көлеміндегі бірнеше ірі жоба тау-кен саласында жүзеге асырылуда. Мақсат – тек кен өндірумен шектелмей, оны терең өңдеу. АӨК (агроөнеркәсіп кешенінде) – астықты терең өңдеу, заманауи сүт-тауар фермаларын салу бағытында жобалар іске асуда, жалпы инвестиция көлемі 720 млн АҚШ долларын құрайды. Бұл жобалар да жоғары деңгейде автоматтандырылған, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект элементтерін қамтиды.
Жалпы, облыста 5,2 млрд АҚШ долларына тең 76 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Барлық жобаларда жоғары білімді, инженерлік білімі мен техникалық дағдылары бар кадрлар қажет. Ендігі басты міндет – жаңа өндірістерді осындай дайын мамандармен қамтамасыз ету. Білім беру жүйесі түбегейлі жаңарып, ғылыми жетістіктерді ескере отырып, қазіргі қажеттіліктен озып, болашақты 3–4 қадам алға болжауы тиіс. Бұл – стратегиялық тұрғыдан аса маңызды міндет. Сіздің тапсырмаңыз бойынша, Қасым-Жомарт Кемелұлы, біздің жоғары оқу орындарының базасында әлемнің жетекші университеттерімен бірлескен қос дипломды бағдарламалар ашылды. Басым бағыт – «Ақпараттық технологиялар».
Сонымен қатар, Машина жасау, металлургия және тау-кен ісі, экономика және құрылыс, энергетика және ақпараттық жүйелер жоғары мектептері ашылды. Форум тақырыбына қайта оралсақ, бүгінгі таңда жаңа өндірістердегі қызметкерлердің 55–70%-ы – 35 жасқа дейінгі жастар. Бұл үрдіс алдағы уақытта да арта түспек. Қазақтың дана сөзі бар: «Жас келсе, іске!» – Жастық шақ – іске кірісетін, елге пайда әкелетін кезең! Жастар әрқашан жаңару мен жасампаздықтың, болашаққа сенімнің символы болған. Жастардың жұмысшы мамандығын таңдауға деген қызығушылығын арттыру мақсатында ірі кәсіпорындармен бірлесіп «Қостанай жастары» бағдарламасы іске қосылды.
Бағдарлама аясында жас мамандарға 6% жеңілдетілген ипотека арқылы баспана алу мүмкіндігі берілуде. XXI ғасырдың еңбек адамы – бұл болашақтың адамы: ақылды, білімді, шығармашыл. Жұмысшы болу, өндіріс пен жасампаздыққа үлес қосу – өз еліңнің болашағын құру деген сөз. Еңбек – жай ғана өмір сүру құралы емес, ол – Отанға қызмет ету, ұлттық мақтаныштың қайнары және қоғамның тірегі, – деді өз сөзінде Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов.
Барлық деңгейде сенімді диалог жүргізудің арқасында Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының мән-мазмұны ұдайы толығып келеді.
Екі елге ортақ әлемдегі ең ұзын құрлық арқылы өтетін шекара – халықтарымыздың мәңгілік достығы мен тату көршілік қарым-қатынасының айғағы.
Орайлы сәтті пайдаланып, Мемлекет басшылары Форум қызметіне сәттілік тіледі.
Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды