Есімі ерен тұлға

29 января 2026 8:38 • 345 просмотров

Жылқы десе жалымыз күдірейіп шыға келетін халықпыз ғой. Бұл мінезімізді «Атты артық көрген елміз мінген тақтан» деп қазақ жырының құлагері І. Жансүгіров бір-ақ ауыз сөзбен дәл сипаттапты.

«Ең алғаш жылқыны қолға үйреткен біздің бабаларымыз» деп «мемлекеттік деңгейде» кеуде қағып қоятынымыз бар. Алайда, сан ғасыр мінсең көлік, ішсең сусын, жесең тамақ болған түлігіміз 1990 жылға дейін еш жерде, не Одақтық реестрде, не дүниежүзілік жылқы тұқымдары тізімінде ресми тіркелмеген екен. Осы маңызды шаруаны қолға алып, мәртебесін айқындауға мұрындық болған азамат кім десеңіз, ол – Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы ғылым академиясының академигі, ғылым докторы, профессор, Мұғалжар жылқы тұқымының авторының бірі, «Қазақ тұлпары» жылқы зауытының негізін қалаушы Кикебаев Нәбидолла Ақанұлы. Кейіпкеріміздің өзге де ерлігі көп-ақ.

ДЕГЕРЕСТЕН БАСТАЛҒАН ДҮБІР

Нәбидолла Ақанұлы 1956 жылдың 9 қаңтарында Алматы облысы Жамбыл ауданы, атақты Дегерес ауылында дүниеге келді. Дүлділдер дүбірін құлағына сіңіріп, бәйге шаңын жұтып өскен бала жылқыға жақын болды. Ол «Дегерес» жылқы зауытының даңқының бүкілодаққа мәлім кезі, Мәскеудің өзі тікелей бақылап отыратын. Ауыл іргесіндегі ат зауыты болашақ ғалымның мамандық таңдауына ықпал етті. Мектепті тәмәмдап, Алматы зоотехникалық мал дәрігерлік институтына оқуға түсті. 1979 жылы қызыл дипломға бітіріп, аспирантураға жолдама алды. Студент күнінен ғылымның тереңіне бойлап, көптеген зерттеулер жүргізді. Түрлі конференцияларда жасаған «ДНҚ», «Генетикалық код», «Жануарлар қанындағы трансферрин мен гемоглобиннің полиморфизмі» сынды еңбектері жас ғалымның қабілетін танытты. К. Мыңбаев атындағы ғылыми-зерттеу мал шаруашылығы институтындағы ғылыми кеңестер оның ең асыға күтетін мерекесі еді. Ұстаздары ізденімпаз жастың талантына ден қойып, үлкен үміт күтті. Қ. Медеубеков, Ғ. Қалиев, А. Племянников, Т. Сарбасов, И. Нечаев, М. Борисов, А. Петров, Қасымовтар, А. Метлицкий, В. Черепанова, В. Терентьев, Т. Қасенов, К. Қанапин, А. Жұмағұлов, Қ. Бақтыбаев, К. Рақышев, М. Абдуллаев сынды ғалымдардың әр басқосуы бір тарих болатын. Олардың бәрі Нәбидолла Кикебаевқа сеніммен қарайтын. Талапты ұл ұстаздарының ғана емес, ұлтының да үмітін ақтады. Қазақ жылқысын зерттеген диссертациясын алғашқы болып бүкілодақтық жылқы институтында (Рязань қаласында) өте жоғары деңгейде қорғады. Диссертациялық жұмыс өте терең еді. Құлын кезінен бастап, 3 жасқа дейінгі динамикасы анықталып, өсу зандылықтары егжей-тегжейлі зерттелді.

Еңбек жолын Қазақтың ғылыми-зерттеу технологиялық қой шаруашылығы жылқы бөлімінің зоотехнигі болып бастап, ҚР Президенті іс басқармасының ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысына дейін өскен Нәбидолла Кикебаевтың бар өмірін жолын шағын мақалада тізіп жатқанымыз жарамас. Ең басты деген еңбектерін назарға алсақ, оқырман үшін олжа сол болар.

ҚАЗАҚ ЖЫЛҚЫСЫНЫҢ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАҒАН ҚАЙРАТКЕР

Жоғарыда айтып өткеніміздей, 1990 жылға дейін қазақ жылқысы тіпті Одақтың реестрінде жоқ еді. Дүниежүзі туралы иегіміз қышымаса да болады. Бұл тағдыры да, тарихы да тұлпармен өрілген халық үшін өрескел кемшілік еді. Осы тұста Нәбидолла Ақанұлының қазақ жылқысының жаңа шыққан «Сарыарқа» зауыттық түрін Мәскеуден тіркеуден өткізді. Кеңес үкіметі құламай тұрып мойындатты. Онымен шектелмеді, арнайы бұйрық шығартып, қазақ жылқы тұқымы бар екенін, оны шығарған қазақ халқы екенін ғылымға таспалап жазғызды әрі дүниежүзінің жылқы тұқымдарының тізіміне енгізді. Бұл енді асқан табандылықпен жүрген күрес, ұйқысыз өткізген талай түндер, жүйкені жұқартқан мазасыз күндердің нәтижесі еді. «Бір адам жаққан отқа мың адам жылынады» деген осы. Кейіпкеріміздің ұлтының игілігі үшін атқарған жұмысы үлкен жеңіспен түйінделді.

Қазақтың мақтанышы – мұғалжар

Нәбидолла Кикебаев Мұғалжар тұқымының авторларының бірі екенінен көпшілік құлағдар деген ойдамын. Жал-құйрығы қаба жабыдан жетілдірілген, етті-сүтті бағыттағы бұл тұқым – Тәуелсіздік жылдарындағы алғашқы отандық өнім. Жыл он екі ай жайылымда жүреді. Тебінге төселген, өте жоғары өнім береді. Экономикалық тиімділігі жағынан жер жүзінде баламасы жоқ. Бұл қазақстандық ғалымдардың селекциялық талантының шыңы.

Ю. Барминцев, И. Нечаев, С. Рзабаев, К. Бақтыбаев, А. Жұмағұлов, Д. Қожамбердин, М. Қожамбердин сынды ғалымдар шоғырының ішінде академик Н. Кикебаевтің есімі де алтындай жарқырап тұр. Ал, Мұғалжар жылқысының игілігін мыңдаған адам көріп отыр.

«Қазақ тұлпарының» іргетасы қалай қаланды?

Үшінші мыңжылдықтың басы. Кеңес үкіметі кезінде негізгі күнкөрінісі төрт төлік болған халқымыз, аз жылда мыңғырған малынан айрылып қалды. Техника ол талан-таражға түсті. Елдің жағдайы күрт қиындады. Бұл ауыртпашылық ғасырдан астам тарихы бар «Қостанай» жылқы зауытын да айналып өтпеді. Сонау патша заманында, 1888 жылы құрылған мекемеге жабылып қалу қаупі туды. Ондағы тұқымды жылқылардың да тоз-тозы шығып, азайып кетті. Бұл барыңнан айрылу деген сөз еді. Жылқы жанашырлары жағалай дабыл қағып, жанайқай Президенттің құлағына жетті. 1999 жылы қаулылар қабылданып, тапсырмалар берілді. Алайда, бұйрық беру оңай, атқару қиын. Президенттен басталған тапсырма «төмендей-төмендей» бөлім басшысына кеп «тоқтады». Ауыр жүк тағы да Нәбидолла Кикебаевқа артылды.

Шегінерге жол жоқ еді. Жер жәннаты Жетісуда туған, Астанада министрлікте қызмет атқарып жатқан ғалым 2001 жылы Қостанайға көш бетін бұрды. Келісімен «Қазақ тұлпарының» жоқ-жітігін түгендеуге кірісті. Бұл жолғы мақсат бөлек. Әлемдік бәсекеде үздік жылқы тұқымын шығаруы тиіс. Алдымен зауыттың ғылыми-техникалық базасын қалыптастыру міндеті тұрды. Білікті мамандар тартылды, жас мамандар жұмысқа қабылданды. Осы жылдары айғыр шәуетін (ұрық) сақтайтын биотехнологиялық зертхана «Қазақ тұлпарында» алғашқы болып ашылып, халықаралық аккредитация алды. Біле білгенге бұл үлкен жетістік еді. Мықты айғырдың ұрығын енді бәлен жыл өткеннен кейін де «пайдалануға» мүмкіндік туды.

Әдетте жаңа жылқы тұқымын шығаруға 40–50 жыл қажет. Дегенмен «Қазақ тұлпары» алғашқы жылдарының өзінде жақсы нәтижелерге қол жеткізді деп сеніммен айта аламыз. Оған мына деректер куә: Нәбидолла Кикебаев басшылық еткен 2004–2017 жылдар аралығында «Қазақ тұлпары» командасы таза қанды импортты жылқылармен қатал бәсекелестік жағдайларында 369 жүлделі орынды қанжығаға байлады. Оның ішінде 147 рет бірінші орын, 125 екінші орын және 87 үшінші орынға ие болды, 19 автокөлік алды. «Тайбурыл 2004» мамандандырылған жылқы көрмесіне 11 түрлі тұқымды 70 жылқының ішінде «Қазақ тұлпары» жылқы зауытының Бота (Аргон-Бандуристка) атты арғымағы абсолютті чемпион деп танылды.

Сол жылдары Қостанайда 56 рет ат бәйгесі ұйымдастырылып, 68 автокөлік тігілген екен. Ат спорты – өте қымбат спорт. Қаржы табу да оңай емес. Нәбидолла Ақанұлы соның бәрінің ретін келістіре білді. Іс нәтижесіз емес, Тобыл-Торғай жерінде көкпар тамыр жайды. Бүркітшілер сайысы өтті. Ойын алдында адал болуға ант қабылдату рәсімі де дәстүрге енгізілді. Саятшылар гимні жаздырылды. Мұның бәрі ұйымдастырушының өз-ісіне асқан жауапкершілік, шығармашылықпен қарағанын көрсетеді.

Абылай Мауданов, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қостанай қаласы