Қарапайым жұмыскерден – бас директорға дейін

28 мая 2026 8:08 • 55 просмотров

Таңғы сағат 5:30. Көпшілік үшін бұл әлі ұйқы уақыты болса, Сергей Кузьменко үшін жаңа жұмыс күні әлдеқашан басталып кеткен. Сағат 6-да ол жұмысқа қарай жолға шығады. Алда – диспетчермен байланыс, жедел жиналыстар, ондаған шешім мен өндірістегі мыңдаған процесті бақылау.

Бүгінде ол – Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігінің және ERG-дің «Темір» дивизионының бас директоры. Алайда оның еңбек жолы дәл осылай өседі деп ешкім ойлаған жоқ. Тіпті өзі де оны ойламаған.

Сергей Рудный қаласында қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі – электрослесарь, анасы – мұғалім. Балалық шағы көпшілік секілді мектеп, спорт, техникаға қызығушылықпен өтті.

— Директордың кабинетіне кіргенімде қандай мамандық бітіргенімді сұрап, біраз әңгімелесті де: «Біздің комбинатта әрі кетсе ең жоғары деңгейің – бас энергетик болуы мүмкін», – деді де жымиды, – деп еске алады Сергей Кузьменко.

Бұл сөз кемсіту емес, күнделікті айтылған қарапайым пікір секілді естілген. Бірақ өмір кейде барлық болжамды жоққа шығарады.

Сергей алғашында комбинатқа электрослесарь болып жұмысқа орналасады. Алғашқы ауысымнан-ақ оны өндірістің шынайы өмірі қарсы алды. Комбинаттағы жұмыс оңай емес еді. Шаң, ылғал, ауыр еңбек.

— Бірінші жұмысым – диірмендегі электр қозғалтқышын ауыстыру болды. Айналадағы шу, гүріл, алып механизмдер… Түскі асқа келгенде басым шулап кетті. Сонда: «Мен бес жыл институтта осындай жерде жұмыс істеу үшін оқыдым ба?» деген ой келді, – дейді ол.

90-жылдардың басы. Елдегі жағдай күрделі. Жұмыс табудың өзі үлкен мәселе болатын.

— Ол кезде бастысы – тұрақты жалақысы бар жұмыс табу еді. Сондықтан таңдау көп болмады, – дейді Сергей.

Бірінші айларда күмән көп болды. Бірақ уақыт өте келе үйренді. Әкесі көмектесті, әріптестері қолдау көрсетті. Интернет жоқ заман – барлық жауапты кітаптан іздейсің.

Кейін ол бір нәрсені анық түсінді: бастысы комбинатта еңбекті бағалайды. Үлкен амбиция болған жоқ. Бірақ еңбекқорлық болды.

Жас мамандар арасында сол кезде бейресми бәсеке болған. «Кім бірінші болып шебердің орнын басады?» деп таласатын жас мамандар.

— Біз бесеу едік. Цех басшысы емтихан өткізді. Түрлі сұрақ қойды. Бір кезде: «Ер адам мен әйел адамға алғашқы көмек көрсетудің айырмашылығы қандай?» – деп сұрады.

Сергей спортпен айналысқандықтан физиологияны жақсы білетін.

— Ер адамға белдігін босату керек, себебі тынысы ішпен жүреді. Ал әйел адамға жоғарғы түймесін ағыту қажет, өйткені тынысы көбіне кеудемен байланысты, – деп жауап бердім дейді Сергей.

Бұл жауап шешуші болды ма, белгісіз. Бірақ дәл Сергей бірінші болып орталық насос станциясының шебері қызметін уақытша атқаруға жіберілді. Ол кезде небәрі 22 жаста еді.

— Бір жылдан аз уақыт электрослесарь болып жұмыс істеп, бірден инженерлік-техникалық қызметке тағайындалдым. Сол кезде адамдар үшін жауапкершілік дегеннің не екенін түсіндім. Қарамағымда өзімнен әлдеқайда үлкен адамдар болды. Сол кезде мен үшін ең күрделі сабақ басталды: ұжымды қалай басқару керек? Тек бір қағиданы ұстандым: Басшы адамдардан жоғары тұрмауы керек. Адамдармен бірге болуы тиіс. Кабинетте ғана отырмай, жұмыс алаңына бірге шықтым. Қарамағымдағы қызметкерлер оның бәрінен хабардар екенін сезетінмін. Әсіресе жас басшы болғанда үлкендердің тәжірибесін тыңдау маңызды. Сонда ғана олар сені құрметтейді, – дейді Сергей Кузьменко.

Әр кезең жаңа жауапкершілік алып келді. 2011 жылы фабрикада қайта құрылымдау басталып, Сергей жаңадан құрылған пайдалану және жөндеу басқармасының директоры болып тағайындалды.

— Барлығын нөлден бастауға тура келді. Әртүрлі цех мамандарын біріктіру, жөндеу жұмыстарын жүйелеу – оңай болған жоқ. Қарамағымда 800-ге жуық адам жұмыс істеді, – дейді ол.

Кейін оған ЖЭО-ны басқару ұсынылды. Қазандықтар, турбиналар, генераторлар – бәрін қайтадан үйренуге тура келді. Одан кейін кенді дайындау және байыту фабрикасына ауысты. Кейін сол фабриканың басшысы болды.

2015 жылы Сергей Кузьменкоға өндіріс жөніндегі вице-президент қызметі ұсынылды. Ол кезде небары 35 жаста еді.

— Мен жұмыстан қорықпаймын дедім. Бірақ карьердің технологиясын білмейтінімді түсіндім. Жарылыс жұмыстарынан бастап кен өндіруге дейін бәрі мен үшін жаңа сала еді. Осылайша 35 жасымда ССКӨБ тарихындағы ең жас вице-президент атандым, – деп еске алады Сергей.

Ал 2024 жылдың қазанында оған ССКӨБ пен ERG-дің «Темір» дивизионының бас директоры қызметі ұсынылды. Мансап жолы оңай болған жоқ.

— Түнде ұйықтамаған кездер болды. Балаларымның мектепке қалай барғанын да байқамай қалдым. Әр жетістік белгілі бір құрбандықты талап етеді. Мен қарапайым отбасынан шықтым. Ешқандай байланысым болған жоқ. Өндірісте бастысы – біліктілік пен төзім. Егер барлық сынақтан өтсең, өсуге мүмкіндік міндетті түрде болады.

22 жасында жұмысқа тұрған кезде Сергей комбинаттың бас директоры боламын деп ойлаған да жоқ.

Сол күні хатшы оған:

— Күте тұр, директор әр жас маманмен өзі сөйлеседі, – деген.

Сонда ол әлгі әйгілі сөзді естіді: «Сенің жететін ең жоғары деңгейің – бас энергетик».

Бүгінде Сергей Кузьменко кезінде қарапайым электрослесарь болып кірген Қазақстандағы ең ірі темір кенін өндіру және байыту кәсіпорнын басқарады. Бұл – еңбек, табандылық және өз ісіне адалдықтың тарихы.

Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды