Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Ата басылымның абыройы

«Egemen Qazaqstan» газетіне 100 жыл

Қазақ баспасөзінің қарашаңырағы – республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінің 100 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған «Тіл тарихы: жүз жылдық жылнама» мақалалар байқауы қорытындыланды.

Еліміздің ғасырлық тарихы бар бас газетінің бастамасын облыстық Тілдерді дамыту басқармасы қабыл алып, өңір журналистері арасындағы үздіктерді іріктеді. Кәсіби шеберлік, терең талдау, салмақты сараптауды қажет ететін байқауға облыстың аудан-қалаларынан 9 тілші қатысқан. Солардың жетеуі марапатқа лайық деп танылыпты.

Мақалаларды республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінің Қостанайдағы меншікті тілшісі Нәзира Жәрімбетова, Қазақстан жазушылар одағының ҚОФ директоры, белгілі қаламгер Ғұмар Ахметчин және Ахмет Байтұрсынов атындағы ҚМУ оқытушысы Гүлшат Марқабаевалар сыннан өткізіп, үздіктерін іріктеген. Марапаттау рәсіміне дейін Нәзира Жәрімбетова мерейлі газеттің бас редакторы Дархан Қыдырәлінің атынан құттықтау лебізін жеткізді.

-Бұл –  Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов, Бейімбет Майлин сынды көптеген қабырғалы қаламгерлердің, қайраткерлердің қолтаңбасы қалған басылым. «Ұшқын», «Еңбекші қазақ», «Социалистік Қазақстан» кездерінен бері халықтың тынысына айналып келді. Осы уақытқа дейін 38 басшы газеттің тұтқасын ұстапты. «Egemen Qazaqstan-ды» елдің газеті және биліктің «Бұқар жырауы» десек болады. Сондықтан, осы байқау ата басылымның бүгінгі жас тілшілерге берген батасы болсын деп тілеймін, — деді Нәзира апамыз.