Қостанай облыстық Ілияс Омаров атындағы қазақ драма театры 2026 жылы 5–8 қараша аралығында Түрікменстан астанасы Ашхабад қаласында өткен V Халықаралық «Бақытты дәуірдің театр өнері» фестиваліне қатысты.
Халықаралық театр форумына Қазақстан, Түрікменстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан және Армения елдерінің шығармашылық ұжымдары қатысты. Фестивальдің басты мақсаты – ұлттық театр өнерін дәріптеу, шығармашылық тәжірибе алмасу және мемлекеттер арасындағы мәдени байланыстарды нығайту.
Фестиваль аясында театр 7 қарашада Ашхабад қаласындағы Алп Арслан атындағы Ұлттық драма театрының сахнасында көрнекті жазушы Шыңғыс Айтматовтың «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» повесі желісімен сахналанған спектаклін ұсынды. Қойылымның режиссері – Беларусь елінің режиссері Даниил Филиппович.
Спектакльдің өзегінде ашық теңізге алғаш рет аңшылыққа шыққан Кириск есімді баланың тағдыры, адам мен табиғат арасындағы күрес, ұрпақ сабақтастығы және жанқиярлық тақырыптары жатыр. Тұман құрсауында қалған кейіпкерлердің өмір үшін арпалысы арқылы адамгершілік, үміт пен өмірге деген құштарлық терең ашылады.
Спектакль көрермендердің зор қошеметіне бөленіп, ерекше ықыласпен қабылданды. Қойылым соңындағы ду қол шапалақ – шығармашылық ұжымның еңбегіне берілген көрермен бағасының жарқын көрінісі.
Қостанай театры үшін Ашхабадтағы фестивальге қатысу – шығармашылық тәжірибені байытып, кәсіби көкжиегін кеңейткен маңызды оқиға. Қазақ сахна өнерін халықаралық көрермен назарына ұсынып, жылы ықыласқа бөленген ұжым бұл сапардан жаңа әсер мен тың шабыт алып оралды. Ал фестиваль сахнасындағы өнер көрсету театр тарихындағы жарқын шығармашылық белестердің бірі болып қала бермек.
Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды