Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Республика күніне орай ұйымдастырылған облыстық журналистер байқауының жеңімпаздарын марапаттады.
Журналистер қауымы ел тәуелсіздігін нығайтуға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және қоғам мен билік арасындағы байланысты бекемдеуге зор үлес қосып келеді.
Қостанай облысының дамуын, өңіріміздің әлеуетін, жаңа жобалар мен еңбек адамдарының жетістіктерін кеңінен танытуда БАҚ өкілдерінің еңбегі ерекше. Сапалы әрі шынайы ақпарат өңіріміздің танымалдығын арттырып, инвестициялық тартымдылығын нығайтуға да ықпал етеді.
«Қоғамға адал қызмет етіп, халықтың үнін жеткізіп жүрген барша журналистерге шынайы алғысымды білдіремін. Журналистердің қоғамдағы үлесі зор. Үнемі ресми кездесулерден де соны байқап отырамыз. Тәуелсіздігімізді нығайтуға, ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға, халықты ақпараттандырып, біріктіруге қосқан үлестеріңіз үшін алғыс білдіреміз. Бүгін біз тек ризашылығымызды білдіру үшін ғана жиналған жоқпыз. Байқау өтті, оның жеңімпаздары бар. Соларға құтты болсын айтуға келдік»,–деді аймақ басшысы Құмар Ақсақақалов құттықтау сөзінде.
Салтанатты жиында журналистердің кәсіби жауапкершілігі мен ақпараттың анықтығы мәселелері де назардан тыс қалмады. Журналистер одағының облыстық филиалының төрағасы Александра Серғазинова сала мамандарына қолдау көрсету бағытында оң өзгерістер бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, биыл байқаудың жүлде қорының ұлғаюы да журналистік еңбекке деген құрметтің арта түскенін көрсетеді.
«Басшылық тарапынан журналистерді қолдау өсіп келеді. Биыл байқаудың жүлде қоры да ұлғайып отыр. Бұл – біздің жұмысымызға деген зор құрметтің белгісі. Біз қоғам мен билік арасындағы алтын көпір іспеттіміз. Сол себепті фактілерден қателік жібермеуіміз абзал. Бұл жерге соның қадірін жете түсінетін үздіктер бас қосып отыр», – деді ол.
Бұдан кейін журналистерге қазақ журналистикасы мен ұлт руханиятының көрнекті тұлғаларының есімі берілген арнайы номинациялар бойынша марапаттар табысталды.
Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды