Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Несие мәселесі не болмақ?

Елімізде көптеген азаматтардың несиелік жүктемесі өсіп кеткен. Несиелерін жаба алмай, қарызға белшесінен батқандар саны бес жүз мыңға жетіп жығылады. Осы орайда, қарызға батқан азаматтардың жағдайына бей-жай қарай алмаған ҚР Президенті Қ.Тоқаев халықтың осал топтарының несиесін жабуды тапсырған болатын. Қостанай облысында да азаматтардың борыш жүктемесін азайту бойынша шаралар жүзеге асырылуда. Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Ұлттық Банкі Қостанай филиалының директоры Жомарт Қажырақымов пен облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Максим Устинов айтып берді.

Жомарт Оралұлының айтуынша, мұндай жеңілдік көпбалалы отбасылар, асыраушысынан айрылу жағдайына байланысты төлем алатын отбасылар, мүгедек балалары бар, 18 жастан асқан, бала жасынан мүгедектер бар отбасылар,  атаулы мемлекеттік әлеуметтік көмек алатындар, жетім балалар, ата-анасынан  кәмелеттік жасқа дейін айырылған, жиырма тоғыз жасқа толмаған, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға беріледі. 

-Президентіміз  бұрын-соңды болмаған әлеуметтік көмек көрсету туралы шешім қабылдап, тиісті Жарлыққа қол қойды. Басты мақсат – қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмектесу, оларға өздерінің отбасыларының қаржылық ахуалын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік беру. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 88,5 млрд.теңге сомасында қаражат бөлінді. Жарлықты іске асыру мақсатында Үкімет пен Ұлттық банк азаматтардың берешегін өтеу тетіктерін әзірлеп, тиісті ережелер қабылдады. Тікелей және атаулы қаржылай көмек ретінде жоғарыда аталған санаттағы азаматтар үшін мемлекет екінші деңгейлі банктер мен шағын қаржы ұйымдарынан алынған жалпы мөлшері 300 мың теңгеге дейін негізгі несиені және оған есептелген сыйақыны өтейді. Бұдан бөлек, олардың биылғы 1 маусымға дейінгі қарыздарының жалпы көлемі 3 миллион теңгеден аспауы тиіс,  — дейді Ж.Қажырақымов.