Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Бір шаңырақ астында

Облыс орталығында мемлекеттік тілдің мәртебесін һәм ұлттық тұтастықты насихаттау мақсатында тағылымды шара өтті. Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі тапсырысымен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының гранттық жобасы аясында «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі мен Қостанай облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы бірлесіп, өзге ұлт өкілдері арасында «Туған жерім — Қазақстаным» атты поэзиялық байқау ұйымдастырды.

Аталмыш байқауға 14 бен 29 жас аралығындағы өзге ұлт өкілдері қатысты. Олар қазақ ақындарының ел мен жер, Отан тақырыбындағы патриоттық өлеңдерін мәнерлеп оқып, бәсекеге түсті. Жарыстың мақсаты – ұлттық бірыңғайлықты қалыптастыру, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту, Мемлекет басшысы Жолдауындағы тапсырмаларды орындау. Байқау Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақласындағы бірқатар жоспарларды орындауға себеп болмақ.

Жарысқа қатысқан үміткерлерді өңірімізге белгілі тіл жанашырлары бағалады. Атап айтсақ, қазылар алқасының құрамында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің ғалымы, белгілі азамат Қалқаман Жақып, «Қостанай таңы» газетінің белді тілшісі Қымбат Досжан және «Қоғамдық келісім» МҚК қызметкері Баян Тыныштықова болды.

Әр өңірден келген жас патриоттардың дайындығы, талпынысы, шеберлігі өте жоғары деңгейде болды. Өлеңді мәнерлер оқуда бірінен бірі асырып оқыды десек артық айтпаймыз.