Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Мерекелік марапат табысталды

Қостанайдағы Жастар сарайында Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиналыс өтті. Жиында  Қазақстан  Республикасы Президентінің  Жарлығымен еліміздің дамуына  ерен еңбегі сіңген азаматтарға мемлекеттік наградалар табысталды. Әуелгі сөзді Қостанай облысның әкімі Архимед Мұхамбетов алып, барша жиналғандарды тәуелсіздік күнімен құттықтады.

«Осыдан 28 жыл бұрын ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған азаттыққа қол жеткіздік. Атырау мен Алтайдың, Арқа мен Алатаудың арасында құшағын кең жайған тәуелсіз мемлекеттің іргесін қаладық. Халқымыздың қат-қатпар тарихында тұңғыш рет ресми шекарамызды бекіттік. Әнұранымыз әуелеп, көк туымыз желбіреді. Экономикасы мығым, әлеуметтік жағдайы жыл сайын артқан мықты мемемлекет құрдық. Мұның бәрі еліміздің тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты»,-деп атап өтті өңір басшысы.

Ол өз сөзінде облыстың биыл қол жеткізген табыстарына кеңірек тоқталды. Өңір басшысының сөзіне сүйенсек, облыста өнеркәсіптік өндірісінің көлемі бірінші рет 1 трлн теңгеден асқанын тілге тиек етті. Мұның сыртында, сырттан инвестиция тарту ісінде көп-көрім ілгерілеу басым. Құрылыс қарқынды жүргізіліп жатыр. Мұның бәрі халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған игі шара екендігі даусыз. Биылғы жылы өңірдің барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштері оң динамиканы көрсетеді. Өнеркәсіптегі көрсеткіштер 15,4% — ға, құрылыста 9,3% — ға өсті.

Сонымен қатар, аймақ экономикасына 257,1 млрд теңге  инвестиция тартылды. Қиын табиғи жағдайларға, құрғақшылыққа қарамастан, ауыл шаруашылығында мал шаруашылығы өнімдерін өндіру 1,8% — ға өсті. Облыста көлік инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Өйткені бұл – халықтың  өмір сүру деңгейін арттырудың маңызды факторларының бірі.

Қостанай облысында автомобиль жолдарының желісі республика бойынша ең ұзыны. Оның көлемі  9,3 мыңнан астам шақырымға тең.  Соңғы  4 жылда 1 млн шаршы метрден астам тұрғын үй салынды, 10 мыңнан астам отбасы өздерінің тұрғын үй жағдайларын жақсартты. Өңір үшін тағы бір маңызды бағыт денсаулық сақтау саласын дамыту екенігі белгілі. Ауылдық жерлерге медициналық қызметкерлерді тарту үшін бюджеттен 90 дәрігер үшін 135 млн теңге көтерме ақы төленеді, моноқалаларда 100 млн теңге қарастырылған. Келген мамандарға 146 пәтер бөлінді. Жүргізілген жұмыстың арқасында өңірге тек қана ағымдағы жылы 255 дәрігер тартылды, бұл өткен жылғыдан 2,5 есе көп.

Айсұлу ЗИМИНА