Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

«1000 волонтер» жобасы басталды

Қостанай облысында «1000 волонтер» жобасына қазірдің өзінде 300-дей жас бірікті. Жобаның авторы Мария Зюванова өткен жылы атқарылған іс-шаралар, алдағы жоспарлары туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

– Мария Юрьевна, волонтерлердің жолына қалай келдіңіз?

– Еріктілік мансабым мектеп қабырғасында басталды. 16 жасымда Рудныйдағы колледждің студенттік кеңесі төрағасы атандым. Сол кезден бастап волонтерлер ұйымын ашуды жоспарладым. Көп ұзамай еріктілер штабы пайда болды. Оқу орнын аяқтаған соң Рудный қаласы Жастар ресурстық орталығына жастар практикасы бойынша қабылдандым. Мұнда да мені «Алға қадам» волонтерлер қозғалысының жетекшілігіне жіберді. Бір жарым жылдың ішінде біздің штаб кеңейіп, тың жоспарларды дүниеге әкелді.

– Қандай жобаларды атап өтесіз? «1000 волонтер» идеясы қайдан туындады?

– Рудный қаласында 130 мың адам тұрады. Оның 29 мыңы – жастар. Сол себепті осы замандастарымызды біріктіріп, пайдалы іспен айналасуды ойладық. Бастапқыда 1000 еріктінің басын қосуды мақсат еттім.

Сөйтіп, «Волонтер» деген жазуы бар 1000 қолмоншақ жасаттық. Біздің жобаға ниет еткен әр қатысушыға осы қолмоншақты береміз. Олар волонтер атанып, мәдени-бұқаралық іс-шараларға белсенді қатыса алады. Тағы бір жоба «Levelup» деп аталады. Бұл білім саласына қатысты. Еріктілерді іріктеп алып, әлеуметтік жобалар бойынша оқытамыз.

Қазірдің өзінде «Levelup» арқылы білім алғандар 20 әлеуметтік жобаның авторы атанып отыр. Жалпы біздің «Алға қадам» еріктілер штабының құрылғанына бір жылдан асты. Бірақ осы уақыт ішінде 10 адамнан басталған топқа 300-дей жас жиналды. Барлығының ниеті бір – басқаларға көмектесу. Былтыр 40-тан астам іс-шара өткіздік, оның ішінде «Жақсылық жаса», «Денсаулық күні», «Рудный-марафоны» акцияларын атап өтуге болады. Жалғызбасты, қарт адамдарға назар аударып, қамқорлық көрсетіп келеміз.

Қаланы абаттандыруға да көп уақыт бөлінеді. Еріктілер штабына әртүрлі жастағы адам қатыса алады. Әркімге есігіміз ашық.

Біз әр адамға қуаныш сыйлауды міндетімізге алдық. Мәселен, былтыр Рудный қалалық ауруханасының балалар бөлімшесіне бардық. Бір түсінгеніміз – ауруханада жатқан балаларға тек қана дәрі-дәрмек қажет емес. Бұған сол кезде көз жеткіздік. Балалар үшін салауатты өмір салты туралы ойын-сауық бағдарламасын дайындап апардық. Ойын өзіміз құрған «Сhildren» жобасы шеңберінде іске асты. Балаларға ауруханада қалай дұрыс тамақтануды түсіндірдік, дәрумендер, зиян және пайдалы азық-түліктер туралы айтып бердік. «Қолтырауын», «Пайдалы – пайдасыз», «Дәрумендерді біліп жүр» атты зияткерлік ойындары ойнатылды. Қызық болғаны соншалық. аурухананың басқа да емделушілері, медицина қызметкерлері де қосылып ойнады. Бұл бір ғана мысал. Мұның сыртында балалар үйі, интернаттың тәрбиеленушілеріне де бардық. Туберкулезге қарсы шипажайдың жас емделушілеріне сауық-сайран марафондарын ұйымдастырдық.