Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Тәртіп бақылауда

Қостанай қаласында такси көліктерінің карантин кезіндегі санитарлық-эпидемиялық талаптарға сәйкестігін бақылау мақсатында рейд өтті.

Қалаішілік таксилерді тексеру шарасын Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасы өкілдері, қалалық әкімдік қызметкерлері және жергілікті полицейлер жүргізді. Мониторингтік топ Қостанайдың Маяковский және Назарбаев көшелері бойында таксилерді «аулады». Жүргізушілердің құжатынан бастап, бетперде, резеңке қолғап, анисептик құралдары түгенделді. Әрқайсысына ереже-талаптарды қатаң сақтау ескертілді.

«Мұндай рейдтер аптасына бір рет өткізіліп отырады, — дейді Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасы басшысының орынбасары Алексей Костюков. — Негізінен, жүргізушінің қауіпсіздік мақсатында бетперде мен қолғап пайдалануы, көлік салонын заласыздандырылуы, антисептиктік заттардың қолма-қолдығы және көліктің реестрде тікеуде бар-жоғы тексеріледі».

Оның айтуынша, осы талапты бұзғандар 10 АЕК көлемінде айыппұл арқалайды немесе 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынуы мүмкін.

«Жолаушылар тасымалының ережесі бойынша, әр такси жүргізушісінің тіркеуге алынғаны туралы анықтамасы болуы тиіс. Оны электрондық қызмет арқылы рәсімдеуге болады. Егер мұндай құжаты болмаса, жүргізушілерге қызмет көрсетуге тыйым салынады, — дейді Қостанай қаласы әкімдігінің ТКШ бөлімінің бас маманы Нұрдәулет Бейсенов.

Қазіргі уақытта облыс орталығында жолаушы тасымалдауға рұқсат алған 163 ұйым бар. Әрқайсысына төтенше жағдай уақытында тәртіпті қатаң қадағалау жүктелген. Алда-жалда ереже бұзып тұтылып жатса, таксидің жүргізушісі де, қызмет көрсетуші ұйымның басшылығы да жазасыз қалмайды.

Ал рейд облыстағы күрделі жағдай сейілгенше жалғаса бермек.