Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Ардагерге – 1 млн теңге

Жеңістің 75 жылдығына орай рудныйлық ҰОС ардагерлеріне 1 млн теңге көлемінде бір реттік төлемақы аударылды. Бұл туралы қала әкімінің әлеуметтік сұрақтар бойынша орынбасары Елена Скаредина мәлімдеді.

Биыл өкінішке қарай Ұлы Жеңіс мерекесі әдеттегідей орталық алаңда кең көлемде атап өтілмейді. Дегенмен мемлекет жауынгерлер мен тыл еңбеккерлерінің ерлігін еш ұмытпақ емес.

– Облыстық және қалалық қазынадан 37 млн теңге қаражат бөлінді. Біз Рудныйда көзі тірі 14 соғыс ардагері ғана қалды. Олардың әрқайсысына миллион теңгеден төлемақы бердік. Жеті концлагерь тұтқынына 100 мың теңгеден үлестірілді. Қазір қаламызда тұрып жатқан Ленинград қоршауына қатысқан жалғыз тұрғын бар. Оған 60 мың теңге қарастырылған. Сонымен қатар соғыста қайтыс болған жауынгердің жесіріне де мерейтойға орай 60 мың теңге аударылды, – дейді Елена Вадимовна.

Ел басына күн туғанда тылдағы қажырлы еңбек еткен ардагерлер де төлемақыдан құралақан қалмады. 43 азаматқа 30 мың теңге берілді. Осындай көлемдегі қаражатқа соғыс кезінде кемінде алты ай қызмет еткен 713 қала тұрғыны ие болды.

– 9 мамыр қарсаңында 1084 ардагер Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына арналған мерекелік төсбелгімен марапатталады. Әлеуметтік қорғау бөлімінің қызметкерлері, мекеме-кәсіпорын өкілдері, еріктілер үй-үйді аралап, батырларымызды құттықтайтын болады. Жеңісті жақындатқан ардагерлеріміз ең үлкен құрметке ие және олардың алдында мәңгілік қарыздармыз, – дейді қала әкімінің әлеуметтік сұрақтар бойынша орынбасары Елена Скаредина.

Айта кетейік, мерекеге орай Қостанай облысының 6 мың тұрғынына мерейтойлық төсбелгі тағайындалмақ.