Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Қазақ келіні Анна

Әулиекөл өңірінде қазақтың жігітіне тұрмысқа шығып, салт-дәстүрін, әдет-ғұрыптарын ұстап, бүтін бір отбасыны айрандай ұйытып отырған басқа ұлттың қыздары көптеп саналады. Соның бірі — орыс қызы Анна.

Анна Дмитриевна Есіл ауданындағы Ейский ауылының қызы. Қаладағы лицейде аспаздыққа оқып жүргенде ауылға практикаға барады. Бригадада механизатор болып жұмыс істеп жүрген жас жігіт Айтбай Жүсіповпен танысады. Бір-бірін ұнатқан албырт екі жас жарты жылдай достасып жүреді. Он тоғыз жасар Аня Көктал ауылында тұратын немере туысының (ол да қазақтың келіні) үйіне қыдырып келгенде, Айтбай оны жібермей алып қалады. Осылайша жас келін босаға аттайды. Содан кейін қыздың Есілдегі ата-анасына хабар жіберіп, екі жақ құда болады.

Жас жұбайлар отау құрған күннен бастап ата-анасымен бірге тұрды. Шаңырақты шаттыққа бөлеп тұңғыштары Айгерім келеді, одан кейін ұлдары Ғабит, Әділбек, Ғафур туады. Отыз үш жасар ана жақында Аина атты қошақанды өмірге әкелді. Балалары таза қазақ тілінде сөйлейді. Аняның өзі де қазақ тілін түсінеді әрі біледі. Алла бұйыртса, келін дінімізді қабылдамақшы. Биыл ата-анасы рұқсатын беріп, ұлы мен келінін бөлек отау қылып шығарады. “Қазаққа келін болу қиын емес пе?” деген сауалға:

-Жоқ, қиын емес. Дәм жазып, қазақ отбасына келін болып түскеннен соң ұлттық әдет-ғұрыпты үйренуге барынша ниет қойдым. Енемнің айтқан ақыл-кеңесін екі еткізбей ұғып алып, бәрін бұлжытпай орындауға тырыстым. Ата-енеме ризамын, әркез қамқорлық танытып отырады. Күйеуім төрт ағайынды. Апасы мен ағасы өз отбасымен осы Көкталда тұрады, қайным қалада. Екінші келінмін. Абысындарыммен білмегенімізді бір-бірімізден сұраймыз, татумыз. Ал, біз үйде он баламыз, сегіз ұл, екі қызбыз, мен тоғызыншы баламын. Ауылда жүргенде де, лицейде оқып жүргенде де достарым қазақ қыздары болатын, — дейді қазақ шаңырағының келіні.  

Міне, он үш жылға аяқ басты ерлі-зайыптылар тату-тәтті өмір сүруде. Бір-бірін үнсіз ұғынып түсінеді. Қазақ келіні үйінде басынан орамалын тастамайды. Жүрек қалауымен қосылған ерінің бар жағдайын жасап, қолдау көрсетіп отырады. Үй иесі Айтбай Дүйсенбекұлы Темірхан Оспановтың шаруа қожалығында механизатор. Өзі болса үй тіршілігімен, бала тәрбиесімен айналысады.


Жұмакүл Хакімжанова