Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Ауқымды жобалар іске асырылмақ

Қостанай облысының оңтүстік өңірінде ет бағытындағы мал шаруашылығын дамыту мақсатында Арқалық қаласына қарасты Родина ауылында салынып жатқан алып кешеннің бордақылау алаңы мен асыл тұқымды мал басын көбейтетін орталығы бар.

Келеешкте кешенде жалпы саны 7 жарым мың ірі қара ұстау көзделіп отыр.  Құны  3,6 млрд теңге болатын ауқымды жобаның бірінші кезеңі биыл қазан айына дейін аяқталмақ. Ал келесі жылы құрылыс жұмыстары  аяқталып, кешен толықтай іске қосылуы тиіс.

Сондай-ақ биыл Арқалықта жаңа элеватор, қоспажем зауыты және диірмен кешені пайдалануға беріледі. Жобаның жалпы құны — 2,5 млрд теңге. Мұндағы құрылыс жұмыстары барысында  80 жаңа жұмыс орны ашылған.  Ал құрылыс аяқталып, нысандар іске қосылса,  45 адамға арналған тұрақты жұмыс орны пайда болмақ.

Арқалық өңіріне жұмыс сапарымен барған Архимед Мұхамбетов аталған нысандарды аралап көріп, құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Сонымен қатар, облыс әкімі өңірдегі ауылшаруашылық тауарларын өндіретін кәсіпорын басшыларымен кездесті.

Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов ең алдымен Арқалық қаласының қайтадан жабдықталып жатқан жылумен қамту жүйесін тексеріп шықты. 2030 жылға дейін тәмәмдау жоспарланған нысан құрылысына 7,4 млрд теңге бөлінген. Қазіргі таңда бұл арадағы құрылыс қарқын алған. Басты корпус, багерлік, бетон-ерітінді торабы тұрғызылып, 3 бу және 2 су жылыту қазандықтары орнатылды.

Жылу қазандығының жұмысымен толықтай танысып, жергілікті билік пен мердігер компания өкілдеріне құрылысқа қатысты бірқатар тапсырма жүктеген аймақ басшысы осыдан кейін «Жігер» стадионына бет алды. Спорт нысанын «Алюминстрой» ЖШС күрделі жөндеуге кіріскен. Қазіргі уақытта спорт залын қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде. 65,1 млн теңгеге бағаланған жоба «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында іске асырылып, 8 адам жұмысқа жұмылдырылған. Оның төртеуі халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы алынған. Құрылыс шілде айында аяқталуы тиіс. «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында қаладағы № 2 орта мектепке де күрделі жөндеу жүргізілуде. 365,2 млн теңге жұмсалған жөндеу жұмыстарын оқу жылы басталғанға дейін аяқтау жоспарланған.