Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

«Жасыл елге» жұмылдырылды

Науырзым ауданында 1 маусымнан бастап «Жасыл ел» еңбек жасақтары Қарамеңді ауылын көгалдандыру және тазалау жұмыстарына кірісті. «Жасыл ел» – Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан экономикалық, әлеуметтiк және саяси жедел жаңару жолында» Жолдауы негізінде 2005 жылдан бастап жүзеге асырылып келе жатқан кешенді бағдарлама.

Алғаш рет Астана қаласында «Жасыл ел» Жастар еңбек жасағы­ның республикалық штабы құры­лып, ұлан-ғайыр мекеннің барлық аймағанда бөлімшелері ашылып, өз жұмысын бастап кеткен еді. Аталмыш бағдарлама жастардың Отанға деген сүйіс­пеншілігін оятып, елімізді жа­сыл желекке айналдыру мақса­тын­да олардың жалын-жігерін, күш-қуатын бір арнаға тоғыстыра алды. Осы бастау кейін аудан орталықтарында да жүзеге аса бастады. жасыл ел –Ауданда мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында биыл да жұмыс басталып кетті. Аталмыш бағдарламаны жүзеге асыру үшін жергілікті бюджеттен 1 млн теңге (ҚҚС-сіз870 000 теңге) бөлінді. Бағдарламаға 16-29 жас аралығындағы жастарды маусымдық жұмыспен қамтамасыз етуді көздеген едік.

«Жасыл ел» жасақтарының жұмысы маусым-тамыз айларында жүзеге асырылады. Жазғы де­малыстарын босқа өткіз­бей, жұ­мыс істеп, қосымша қаржы табуға мо­лынан мүмкіндік тудыратын бастамаға жастар да риза. Жастар қажетті киім-кешекпен және арнайы құрал-сайманмандармен жабдықталды. Жалақы көлемі 42500 теңге. Жұмысқа 15 жас тартылды, олар әр айда бес-бестен бөлініп жұмыс істейді, – дейді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Бақыт Сұлтанова.

–Қостанайда оқимын. Бірінші курсты аяқтадым. Жаз айларында босқа жатпайын деп жұмысқа шықтым. Өзім сияқты жастар бас қостық. Таңертең ертемен жұмысқа келіп, гүлдерді суарып, көшелерді тазалаймыз. Өзіме ұнайды. Жастар жүрген жер қашанда көңілді ғой. Қазір ауданда қызу жұмыстар атқарылып жатыр. Өзімнің туған жерімнің көркеюіне үлесімді қосып жүргеніме қуаныштымын. Қызықты демалыс әрі ақша табуды біріктірген жақсы бағдарламаның берері көп, – дейді Анар Темірғалиева.

Аталмыш бағдарлама ая­сын­да еңбектеніп жүрген жастар бүгінгі күнде көше­лер­ді, гүлзарларды тазалап қана қой­май, алаң ауласын да тазалап, қураған ағаштарды ке­сіп, тасжол жиектерін әктеу сияқты игілікті іс жасау барысында үлкен бел­сенділік көрсетуде. Маусым, шіл­де, тамыз айларында жасақшылар тынбай жұмыс жасамақшы.

Осылайша «Жасыл ел» жа­сақшылары қоршаған ортаның көркеюіне, қоғамдық орындардың таза тұруына өз септігін тигізуде.