Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Штаттық режимге көшті

Қостанай облысының ауылдарында 277 шағын жинақты мектеп білім беру процесін штаттық режимде жүргізеді. Бұл туралы облыстық Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ермек Айтмағамбетов журналистермен өткізген брифингіде айтты.

Өңірде 2020-2021 оқу жылына дайындық жұмыстары аяқталып қалды. Жалпы, облыс аумағындағы 489 мектепте 109,1 мың оқушы білім алады, 13 мың педагог жұмыс істейді. Биыл 11,6 мың бала бірінші сыныпқа қабылданады.

«Санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, білім беру үдерісі бірнеше бағыт бойынша ұйымдастырылады. Жалпы контингенті 15 мың оқушыны құрайтын 277 ауылдық шағын жинақты мектеп штаттық режимде оқытады. 212 мектепте оқу үдерісі қашықтан ұйымдастырылады. Бастауыш сыныптарда кезекші топтар құрылады. Ал мектепалды даярлық сыныптары әзірге қашықтан білім береді. Кезекші топтардағы сабақтар 40 минуттан өткізіледі, бір бөлмеде 15 баладан көп отырмауы қажет. 1600 астам педагог кезекші топтарда сабақ береді. 1-11 сынып оқушылары оқулықтармен толық көлемде қамтылған. Қашықтан оқытудың сапалы жағдайын жасау үшін жазғы кезеңде облыс мектептеріне 1,4 млрд теңгеге 6 мың компьютер сатып алынды. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі ағымдағы жылдың 15 қыркүйегіне дейін жалпы сомасы 2,4 млрд теңгеге 15 мыңнан астам дана компьютерлік техника сатып алуға үкіметтік резервтен қосымша қаражат бөлді», — дейді басқарма басшысының міндетін атқарушы.

Педагогтар мен оқушыларды компьютермен қамтамасыз ету шаралары жалғасуда. Қазірдің өзінде 11 188 компьютер берілді, тағы 1415-і сатып алынады. 2020 жылы 26 мектепке күрделі жөндеу және 51 мектепке ағымдағы жөндеу жүргізуге 8,7 млрд теңге бағытталған.

Сондай-ақ облыста студенттерге арналған екі жатақхана салынып жатыр. Жатақхананың бірі Қостанай медициналық колледжіне тиесілі. Оған 250 студент сияды. 700 млн теңгеге салынып жатқан жатақхананың құрылысы жыл соңына қарай аяқталады. 500 студентке арналған екінші жатақхана Қостанай автомобиль көлігі колледжінің базасында орналасады. Құны 1,5 млрд теңге болатын бұл нысан келер жылы пайдалануға берілмек.