Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 (OLD) kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Абайдың суреті салынды

Рудныйға кіреберістегі 9 қабатты тұрғын үйдің қабырғасында Абайдың бейнесі пайда болды. Мұндай өте ірі көлемді өнер туындыларын «Мурал» деп атайды. Граффитиден айырмашылығы жергілікті биліктің арнайы рұхсатымен салынады және қандай да бір терең идеяны жеткізуге арналған. Бұл туралы «Қостанай таңы» газеті хабарлайды.

Кеншілер қаласындағы алғашқы мурал – павлодарлық «MyStyle» аэрография студиясының суретшісі, дизайнері мен жоба авторының еңбегі.

–Мұндай суреттер әлемнің көптеген ірі қаласында бар. Әсіресе, стрит-арттың астанасы саналатын Лондон, Берлин, Лиссабон сияқты әлем шаһарларында жиі кездеседі. Рудныйлық муралды үш күнде салып бітірдік. Ол үшін жарқын түсін 5-7 жылға дейін сақтап тұратын сапасы жоғары ақ, қара және көк бояуды, ал құрал ретінде бояу бүріккіштіпайдаландық. Суреттің биіктігі – 22 метр, ал ені – шамамен, 10 метр, – дейді студия жетекшісі Антон Толчин.

Муралдың пайда болуына ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаменті мұрындық болған.

–«Адал жүріп, адал тұр» деген Абайдың қанатты сөзі осы күні де өзектілігін жоймай тұр. Біз өз жұмысымызда тек жаза қолдануға емес, жемқорлықтың алдын алуға ерекше көңіл бөліп келеміз. Әсіресе, жастармен жақсы қарым-қатынас орнатып, құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған іс-шараларды қолға алдық. Яғни түрлі тақырыптағы бейнероликтер, әлеуметтік желідегі ақпараттық насихат, 1424 сенім телефоны сияқты муралды да жұмысымыздың бір бағыты деп санауға болады, – дейді Департаменттің Превенция және парасаттылық басқармасының басшысы Рүстем Болатов.

Айта кетейік, бұған дейін де Агенттіктің тапсырысымен Қостанайда әл-Фараби, Ыбырай Алтынсарин, Сұлтан Баймағамбетовтің муралдары дүниеге келді. Тарихи тұлғалардың өмірі мен даналық сөздері тұрғындарға үлгі болып, ой салып, адалдықтың ала жібін аттамауына түрткі боларына сенімдіміз.