Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Жеті жоба жүзеге асты

Әлемдік пандемия көптеген кәсіпке кедергі болса, кейбір өңірде керісінше серпін алып отыр. Мәселен, 2020-2021 жылдарға арналған «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасының шеңберінде биыл Әулиекөл ауданында жеті жоба жүзеге асқан.

«Гренада» ЖШС Сұлукөл орта мектебін күрделі жөндеу жұмыстарын қолға алды. Аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы мұнда жұмыссыз жүрген жастардың басым бөлігі тартылды. Мұның сыртында аудан орталығында жылу жүйесін жөндеп жатқан «Алматы Строй» ЖШС-іне қолғабыс етуге бір топ азамат тілек білдіріпті.

«Жалпы, үстіміздегі жылы аудан бойынша қырық сегіз адамға жұмыс тауып бердік. Қазір еңбек етем деген кез келген адамға істейтін жұмыс жетеді. Бізге жұмыс орындары тапсырыс береді. Біз өз тарапымыздан жұмыс іздеп келген азаматтарды қажетіне еңбекке тарамыз,-дейді Әулиекөл аудандық жұмыспен қамту орталығының маманы Манат Манар.

Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасының екінші бағыты — ауылдық жерде шағын кредит беруді кеңейту, жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру, еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру сияқты бірқатар міндеттерді қамтиды.

Бұл ретте де Әулиекөл ауданында нақты жобалар жүзеге асқан. Манат Манардың айтуынша, ауданда соңғы кезде мал шаруашылығымен айналысуға ниет білдірушілердің қатары көбейген. Биыл өңірде 43 адам несие алып, өз кәсіптерін ашқан. Соның сегізі – жас азамат. 21 жастағы жас кәсіпкер Данияр Шаяхметов үстіміздегі жылы «Бастау-Бизнес» арқылы үш айлық қысқа мерзімді курста оқып, «Қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы жылдық үстемақысы 6 %-пен 3,2 млн теңге несие алыпты. Оған сегіз қамбар ата түлігін сатып алған. Арманы – жылқыны өз төлінен көбейту.

«Мемлекет белгілі бір кәсіппен айналысамын деген азаматтарды үнемі қолдап келеді. Мен де «Еңбек» бағдарламасына иек арттым. Бұл біз сияқты жас кәсіпкерлер үшін өте тиімді. Алған несиені алты айдан кейін біртіндеп қайтара бастаймыз. Өте қолайды»,-дейді жас кәсіпкер.