Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Рейдтік іс-шаралар жалғасуда

Қостанай қаласында тұрғындардың маска режимін сақтау деңгейін қадағалау мақсатында кезекті рейд өтті. Мониторинг тобы бұл жолы облыс орталығындағы қоғамдық көліктер мен халыққа қызмет көрсету орталықтарына барды.

Соңғы күндері өңірде коронавирус инфекциясын жұқтыру көрсеткіші күрт өсіп кетті. Өткен сенбі күні  177 адамнан індеттің табылуы «кері рекорд» болып тіркелді. Бұл монтиторинг топтары қоғамдық жұмысты барған сайын күшейте түсіп, қамту шеңбері ұлғая береді деген сөз.

Облыс әкімдігінің өкілдері учаскелік және жол-патрульдік полицейлермен, БАҚ өкілдерімен бірлесіп, облыс орталығында рейд өткізді. Топ мүшелері екіге бөлініп, бір бөлігі ХҚКО-ларды бетке алса, екінші жартысы қоғамдық көліктерге «торуыл құрды».

«Бізге берілген тапсырма бойынша, бүгін және ертең, яғни 25-26 қаңтарда аталған нысандарда ақпараттық-түсіндіру, ескерту жұмыстары жүргізіледі. Ал одан ары талап бұзған тұлғаларға хаттама толтырылып, тиісті жаза қолданыла бастайды. Мақсат – тұрғындардан қоғамдық көліктерде, халық көп жиналатын мекемелерде маска режимін сақтауын талап ету», — деп түсіндірді рейд басында топ жетекшісі Илона Тимошенко.

Оның айтуынша, маршруттық автобустарда маска режимінің сақталмауына байланысты жиі шағым түседі. Айтқандай-ақ,  орталық базар аялдамасына барған тәртіп сақшылары тұрғындардың бәрі әлі ережені біркелкі сақтамайтынына көз жеткізді. Кейбір жүргізушінің өзі бетпердесіз қызмет көрсетіп жүр. Ескертуден кейін ғана қалтасын тінтігендері кездесті. Көбінің маскасы үнемі иегінің астында жүретін тәрізді.

Дегенмен, санитарлық талаптарды берік ұстанып, қоғам алдындағы азаматтық міндетін бұлжытпай орындайтын қостанайлықтар бұрынғыдан әлдеқайда көбейген. Әртүрлі бағыттағы қалаішілік автобустармен аялдама аралаған рейдшілер шопырларға да, жолаушыларға да облыстың бас санитарлық дәрігері бекіткен қаулыға сәйкес карантин режимін түсіндірді.

Мұндай шараның күн сайын өткізілетінін айтып, келесі жолы қомақты айыппұл салынатынын ескертті.  Халыққа қызмет көрсету орталықтарына барған топ белсенділері де қала тұрғындарына «қоғамда індеттің өршімеуі әр азаматтың жеке басының саулығын ойлаудан басталады» деп үгіт айтты.