Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Жеке куәлік жеткілікті

Ағымдағы жылдың 13 ақпаннан бастап еліміздің көлік жүргізулерінен тек жеке басын куәландыратын құжат қана талап етілетін болды. Яғни, бұрынғыдай жүргізуші куәлігіңіз бен көлігіңіздің техникалық паспорты өзіңізбен бірге алып жүру міндетті емес.

ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми сайты жүргізушілерге арналған жаңа заң туралы жариялады.

«Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. 2019 жылғы желтоқсанда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізуші құжаттарын ақпараттық жүйелер арқылы тексеру, жүргізушілерге құжаттардың қағаз нұсқаларын өзімен бірге алып жүрмеуге мүмкіндік беру туралы мәселені көтеріп, ІІМ-ге заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізуді тапсырды. Жаңа заң биылғы жылдың 13 ақпанынан бастап күшіне енеді», — деді ҚР ІІМ басшысы Ерлан Тұрғымбаев.

Министр жүргізушілердің құжаттарын өзімен бірге алып жүру және жүргізуші құжаттарын ұсыну міндетін алып тастау – бұл заманауи технологиялық «сервистік» полицияны дамытуға бағытталған тағы бір қадам екенін жеткізді. Бұрын Қазақстанда жүргізушіге құжаттарының бірінің жоқтығы үшін ескерту (егер алғаш рет болса) немесе 5 АЕК айыппұл қарастырылған болатын. Енді жүргізушілерге көлікті жүргізген кезде өзімен бірге тек бір ғана құжат – жеке басын куәландыратын куәлікті алып жүру жеткілікті.

«Қазақстанда берілген жүргізуші куәлігін, көлік құралын тіркеу куәлігін, сақтандыру полисін, сондай-ақ техникалық байқаудан өткенін растайтын құжатты полицей планшет арқылы тексереді. Ал Интернет желісіне қолжетімділік жоқ елді мекендерде және тас жолдарда тексеру радиобайланыс арналары арқылы жүзеге асырылатын болады. Немесе жол-патрульдік сақшылары «102» бірыңғай жүйелік нөмірі арқылы ақпараттарды ала алады. Жаңа нормалардың қазақстандық жүргізушілік куәлігі болмаған шетелдіктерге және Қазақстанда тіркелмеген көліктерді  басқарушыларға қатысы жоқ» — деді Қостанай облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Құрмет Мәжікенов.

Автокөлікті жүргізуші құжаттарынсыз басқарудың осындай мүмкіндігі Грузия, Украина, Польша, Латвия, Литва қатарлы мемлекеттерде бар, ол елдерде де ұлттық заңнамаға тиісті өзгерістер енгізілген. Тағы бір жаңалық, азаматтар жеке куәліктің өзін ғана емес, оның электрондық нұсқасын да көрсетуі мүмкін. Ол смартфондағы е-gov қосымшасы арқылы жүзеге асырылатын болады. ІІМ Facebook парақшасында Ыбырай Орынбасаров есімді тіркелушінің сұрағына осылай жауап берген. Бірақ мұндай талап әзірге заң жүзінде енгізілген жоқ, тек алдағы күннің еншісінде.