Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Шынықсаң, шымыр боларсың

Пандемия кезіндегі физикалық белсенділік бұрынғыдан да маңызды. Бүгінгі күні карантин талаптарына байланысты спортпен шұғылдану мүмкіндігі шектеулі, бірақ дәл қазір адамның денсаулығы мен психологиясы үшін физикалық белсенділік өте маңызды.

Дегенмен, өңірде бұқаралық спорт түрлерін дамыту жұмысы бір жолға қойылған. Қазіргі таңда бұл бағытта жүйелі жұмыс жүріп жатыр. Оның ішінде қысқы спорт түрлеріне ерекше көңіл бөлініп отыр. Мәселен, үстіміздегі  жылы облыс аудандарында екі  дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу және бес хоккей кортын орнату жоспарланған. Балалардың спорт секциялары желісін одан әрі дамыту жөніндегі шаралар кешені іске асырылатын болады.

Қостанай қаласында мұз спорт сарайы мен бассейн құрылысы бойынша мемлекеттік-жекеменшік  әріптестіктің екі жобасы іске асырылу сатысында тұр. Аталған жобаларды іске асыру бұқаралық спортты одан әрі дамытуға және облыс спортшыларын жаңа халықаралық жарыстарға сапалы дайындауға серпін береді.

Мамандардың айтуынша, қалалар мен аудандарда 8 009 спорттық іс-шара өткізіліп, оған 312,9 мың адам қатысқан. Жас спортшыларды даярлау бойынша жұмыс 32 балалар-жасөспірім спорт мектебінде жүргізіледі. Онда 20,1 мың бала спортпен шұғылданады.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, пандемия уақытында спортпен шұғылданудың, денсаулықты ұстаудің қадірін енді түсіне бастағандаймыз. Осының жарқын үлгісі ретінде Қостанай облысы полиция департаментінің қызметкерлері облыстың барлық тұрғындарын физикалық белсенділікті арттыру, таза ауада спортпен шұғылдану үшін кез келген мүмкіндіктерді пайдалануға шақырады.

Осыған орай, тәртіп сақшылары «Динамо» спорт базасында шаңғы жарысын өткізді. Қостанай облысы ПД бастығының орынбасары Ардақ Ынтықбаевтың айтуынша, полицейлер шаңғы жарыстарын жиі өткізіп тұрады. Бұл полиция қызметкерлерінің формасын сақтауға, сондай-ақ қысқы спорт түрлерін насихаттауға мүмкіндік береді.

— Пандемия кезінде және карантин кезінде спортпен шұғылдану мүмкіндігі шектеулі, бірақ дәл қазір физикалық белсенділік өте маңызды. Кез келген жастағы адам өздігінен шұғылдануға спорт түрін таба алады. Мысалы жай серуендеу, жүгіру, велосипед тебу, үйде жаттығулар өте пайдалы болмақ. Ең бастысы – қозғалу, оны полицейлер өз үлгісінде көрсетіп отыр, — дейді полиция полковнигі Ардақ Ынтықбаев.

Дене тәрбиесінде шаңғы спорты жетекші орындардың бірін алады. Кеңес заманынан бері бұл спорт мектеп бағдарламасына енгізілді. Шаңғы спорты бойынша сабақтар мен жарыстар барысында батылдық, табандылық, тәртіптілік, ұжымшылдық, кез келген сипаттағы қиындықтарды жеңе білу сияқты моральдық-ерік қасиеттер тәрбиеленеді. Барлық осы қасиеттер әр адамға қажет.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жарыс достық үлгіде өтті, сондықтан жеңімпаздарды анықтаған жоқ.

— Бұл барлық қысқы спорт түрлерінің ішіндегі ең белсендісі. Шаңғы жарысы үш шақырым қашықтыққа өтті, барлығы 30 полиция қызметкері қатысты. Мұндай спорттық іс-шаралар кез келген ауа райы жағдайында біздің полицейлердің дене даярлығын қолдауға бағытталған, — деп атап өтті кадр саясаты басқармасының аға инспекторы полиция майоры Ринат Қанжебаев.

Айта кету керек, Қостанайда  есімдері дүйім жұртқа белгілі 12 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 40 спорт шебері және 40 жоғары санатты жаттықтырушылар бар. Солардың арасында  Надежда Рябец Токиодағы жазғы Олимпиада ойындарына әйелдер боксына қатысуға лицензия алды. Ал Тамерлан Шадукаев өткен жылы  Азия чемпионатында грек-рим күресінен алтын медальға, Мансұр Шадукаев  Азия чемпионатында грек-рим күресінен қола медальға ие болды.