Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Жаңа мектеп жұмысы жанданды

Желтоқсан айында Қостанай қаласы заманауи жабдықталған, ерекше білім ошағымен толықты. Облыс орталығында №27 мектептің алғашқы қоңырауы соғылды. Озық технология мен білімнің парқын жақсы түсінетін қала тұрғындары жаңа мектептің ашылуын асыға күткені рас. Жаңадан бой көтерген шағын ауданға бір мектеп керек болатын.

Облыс басшысы Архиммед Бегежанұлы мектептің ашылу салтанатына қатысып, мұғалімдердің жұмысына сәттілік тіледі. Жаңа мектеп өзінің көлемі мен материалдық-техникалық жабдықталуының арқасында бірегей оқу орны болып табылады. Білім ошағында алты оқу блогы бар және барлығы заманауи стандарттарға сәйкес соңғы үлгідегі техникамен жабдықталған.

–Бұл мектепте барлығы 49 сынып бар. Олардың қырығына жуығы интерактивті тақтамен жабдықталған, сондай-ақ 121 компьютер орнатылған. Мектепте 550 шаршы метр болатын үлкен спорт залы, 650 орынға арналған мәжіліс залы, сонымен қатар, 300 адамға арналған кең асханасы бар. Келесі жылы мектеп қабырғасында заманауи зертхана ашылып, онда балалар робототехниканы меңгеретін болады,-дейді мектеп директоры Багитжан Исетова.

Мектеп оқушылары осы тоқсанды асыға күтті. Бұны олардың салтанатты шараға дайындығынан анық байқауға болады. Барлық санитарлық нормаларға сәйкес, көптен күткен жаңа мектептің ашылу салтанатына әр сыныптан 1-2 оқушыдан ғана қатысты.

Жаңа тоқсанның ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Багитжан Кабдилкапарқызы білім ордасының маңыздылығын атап өтті.

–Қаламызда білім нәрімен сусындататын жаңа мектеп есігінашты. Бұл – осы бағытта жүргізілген мақсатты жұмыстардың нәтижесі. №27 мектептің жаңа қадамына сәттілік тілеп, еліміз үшін бәсекеге қабілетті, даңқты тұлға қалыптастыруға ықпал етеді деген сенім білдіреміз», – деді.

Жиын соңында мектеп директоры оқушыларға білім кілтін ұсынды. Тоқсанның басын алғашқы қоңырау сыңғыры ашты!

Қостанай қаласы №27 мектептің баспасөз қызметі