Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 (OLD) kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Бұл Наурыз бұрынғыдан өзгерек

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Наурыз мейрамын мерекелеу Тұжырымдамасының жобасы әзірленді, ол көктемгі мерекенің мазмұнын одан ары байытуға бағытталған.

Мәдениет және спорт министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Ашық НҚА» порталында «Наурыз мейрамын мерекелеу тұжырымдамасын бекіту туралы» Үкімет қаулысының жобасын әзірлеп, орналастырды.

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың айтуынша, жобаны әзірлеудің мақсаты – барлық азаматтардың санасында берік орнығуы тиіс Қазақстан халқын біріктіретін ортақ құндылықтар мен идеяларды дәйектілікпен ілгерілету болып табылады. Наурыз мейрамын мерекелеудің негізгі міндеті Жалпыұлттық татулық пен қазақстандық патриотизмді нығайту, рухани жаңғыру құндылықтарын дәріптеу. Тұжырымдаманы қабылдау мерекенің мазмұнын байытуға мүмкіндік бермек.

Тұжырымдама жобасында Наурыз мейрамын тойлауға байланысты іс-шараларды 14-23 наурыз аралығында 10 күн өткізу жоспарланғаны айтылған. Тұжырымдаманы іске асыру тетіктері мынадай болмақ:

            14 наурыз — «Көрісу күні»;

            15 наурыз – «Жайлау күні»;

            16 наурыз – «Шежіре күні»;

            17 наурыз — «Тарихқа тағзым күні»;

            18 наурыз – «Игілік істер күні»;

            19 наурыз — «Шымырлық пен шеберлік күні»;

            20 наурыз – «Зияткерлік күні»;

            21 наурыз — Ұлттық тағамдар күні»;

            22 наурыз — «Ұлыстың ұлы күні»;

            23 наурыз — «Жоралғы күні».

Мысалы, 17 наурыз – «Тарихқа тағзым күні» мектеп жасына дейінгі және мектеп жасындағы балаларға ұлттық құндылықтарды дарыту, оларды ұлттық рухта тәрбиелеу, туған өлкенің тарихы туралы түсініктерді кеңейту, Отан тарихын терең тану арқылы өз еліне және жеріне деген сүйіспеншілікті қалыптастыру мақсатында ұлттық, тарихи, өлкетану, көркем және әскери мұражайларға экскурсиялар ұйымдастыру арқылы мерекелеу ұсынылады.

Бұл күні өткен ғасырдың басында тәуелсіздік идеясын халық арасында ілгерілетуге үлкен үлес қосқан, өз өмірін бостандық үшін құрбан еткен және өз Отанына қызмет етудің үлгісі болған Алаш қайраткерлерінің есімдерін құрметтеу маңызды.

Сондай-ақ,»1921-1922 жылдардағы ашаршылықтың 100 жылдығына арналған, адамдарды тірі қалу үшін қашуға мәжбүр еткен арнайы кездесулер, талқылаулар ұйымдастыру қажет».

«Биыл Желтоқсан оқиғасының 35 жылдығы аясында желтоқсан батырларының азаматтық ерлігі лайықты бағаланып, жүйелі түрде ілгерілетілуі маңызды», — делінген құжатта.

Бұл күні кітапханаларда туған жерге, ел тәуелсіздігі үшін өз өмірін қиған адамдарға арналған түрлі конкурстар, Bookdating, буккроссинг, суреттер көрмелерін және т.б. өткізу қажет.

Бұдан басқа, құжатты әзірлеушілер Наурыз мейрамы іс-шараларында ұлттық костюмдерді жаппай кию, халық ойындарын ұйымдастыру, қоғамдық орындарда (сауда орталықтары, вокзалдар, әуежайлар, қонақ үйлер және т.б.) ұлттық музыканы ойнатуды қамтамасыз ету, дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды жаңғырту, оның өскелең ұрпақ арасында маңыздылығын ілгерілету арқылы ұлттық құндылықтарды танымал етуге назар аудару қажет екенін атап өтті.