Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Қазақстанда 48 сүт фермасы іске қосылды

Өткен жылы ауыл шаруашылығының импорттық өнімдерін алмастыру жоспары бойынша Қазақстанда 48 тауарлы сүт фермасы, 3 ет комбинаты, ет бағытындағы 8 құс фабрикасы, балық өндіретін 3 ферма іске қосылды және 1800 гектар жерге қарқынды алма бақтары отырғызылды.

Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР АШМ Стратегиялық жоспарлау және талдау департаментінің басшысы Сәуле Молдабаева мәлім етті.

«Коронавирус пандемиясы жағдайында бүкіл әлем елдерінде ауыл шаруашылығының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлінің артқанын байқап отырмыз. Сондықтан, Қазақстан үшін импортты алмастыру басымдыққа ие үлкен мәселе.  Ішкі нарықты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен толықтыру жөніндегі міндет аясында біз ішкі нарықта импортты қысқарту қажет позицияларды айқындадық. Бұл – құс еті, шұжық өнімдері, ірімшік және сүзбе, алма, қант және балық өнімдері», — деді ведомство өкілі.

Аталған өнімдердің өндірісін ұлғайту үшін Министрлік азық-түлік қауіпсіздігі саясатына сәйкес келетін инвестициялық жобаларды қолдауға баса назар аударады. Басымдыққа ие өнім өндірісін дамытуға тілек білдірушілер жеңілдетілген несиемен және субсидиямен, сондай-ақ басқа да тиімді қолдау шараларымен қамтамасыз етіледі.

«Өткен жылы ауыл шаруашылығының импорттық өнімдерін алмастыру жоспары бойынша Қазақстанда 48 тауарлы сүт фермасы, 3 ет комбинаты, ет бағытындағы 8 құс фабрикасы, балық өндіретін 3 ферма іске қосылды және 1800 гектар жерге қарқынды алма бақтары отырғызылды. 2024 жылға дейін Жамбыл облысында 19 ет өндіретін құс фабрикасын, 9 ет өңдеу кәсіпорнын, 8 тауарлы балық өсіру  жобасын, сондай-ақ жаңа қант зауытын іске қосу жоспарлануда. Бұлардан бөлек, жыл сайын 35 өнеркәсіптік тауарлы сүт фермасы іске қосылып, 2 мың қарқынды бақ салынады», — деді С.Молдабаева.

Оның айтуынша, министрлік жүргізіп жатқан жұмыс 2023 жылдың соңына қарай импортқа тәуелділік мәселелерін шешуге және елдің азық-түлік тәуелсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.