Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 621, 54-81-20, 54-08-30 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Ауылға мүмкіндік берілмек

Ауыл шаруашылығы министрлігі АӨК несиелендіру мүмкіндіктерін кеңейтуді жоспарлап отыр, деп хабарлады ведомство өкілдері ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Коронавирус пандемиясына қарамастан республиканың агроөнеркәсіп кешені 2020 жылы барлық макрокөрсеткіштер бойынша өсім динамикасын көрсетті. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 5,6%-ға артып, 6,3 трлн теңгені құрады. Бұл Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасындағы ең жоғары өсім көрсеткіші.

Өткен жылы да азық-түлік өндірісі 4%-ға, ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестициялар ағыны 15%-ға, тамақ өнімдері өндірісі 13,5%-ға өскен болатын.

Алдағы уақытта  бұл өсімді одан әрі көтеру үшін Ауыл шаруашылығы министрлігінің алдына АӨК-дегі еңбек өнімділігін 2,5 есе арттыру, өңделген өнім экспортын 2 есе ұлғайту, ішкі нарықты 80%-дан астам деңгейде азық-түлік тауарларымен толықтыру және 1 млн ауыл тұрғынының табысын тұрақты түрде көтеру міндеттері қойылды.

Осы міндеттерге сәйкес, министрлік Агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдау тиімділігін жақсарту жұмыстарын жүргізуде. Атап айтқанда, шағын және орта фермерлер үшін субсидиялардың қолжетімділік шегі өзгерді, сондай-ақ базалық бағыттар бойынша субсидиялау көлемі ұлғайды.

Осының есебінен 2025 жылға қарай ауыл шаруашылығы техникасының паркін жаңарту 1,5 есеге өседі, деп болжанып отыр. Сондай-ақ, минералды тыңайтқыштарды қолдану мен жоғары сапалы тұқым сатып алудың көлемі артады.

АӨК субъектілерін қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру үшін екінші деңгейлі банктер мен Қазақстан даму банкі арқылы ауыл шаруашылығы секторына несие беру мүмкіндіктерін кеңейту жоспарлануда.

Сонымен қатар, министрлік ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алуды кеңейту және ауыл шаруашылығы саласындағы жастарға арналған жобаларды іске асыруға гранттар бөлу мүмкіндігін қарастыруда.

Ауыл кәсіпкерлеріне шағын несие беру жалғасады. 2020 жылы ауыл кәсіпкерлерін қаржыландыруға жалпы сомасы 43,2 млрд теңге болатын 11 мыңнан астам шағын несие берілді. Бұл қаржының 60%-н ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлер алды. Жалпы, шағын несиелендіру бағдарламасы бір жыл ішінде ауылдарда 11 мың тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. Алдағы 5 жылда жалпы сомасы 250 млрд теңге болатын тағы 50 мың шағын несие беру жоспарланып отыр.

«Ауыл шаруашылығы министрлігінің алдына қойылған нақты міндеттерді орындау 2025 жылға дейін АӨК-дегі еңбек өнімділігін 2,5 есеге, өнім экспортын және ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің табысын 2 есеге арттыруға, сондай-ақ салаға 4,1 трлн теңге инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Бұл қосымша 500 мың адамды жұмыспен қамтамасыз етеді», — деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Стратегиялық жоспарлау және талдау департаментінің басшысы Сәуле Молдабаева.